ЖОҒАРЫ БІЛІМ АЛУҒА ТАЛПЫНЫС – ҚҰПТАРЛЫҚ ІС

Жоғары білім алу – кез келген адамның арманы. Ол арманға жету жолы да оңай. Оқу керек. Оқығанды көңілге тоқу керек. Жоғары білімді болудың қадір-қасиетін сезініп, жас ұрпаққа білімді адамның болмыс-бітімін көрсете білсе нұр үстіне нұр болмақ. Табанды түрде білімнің нәрін сезініп, алған біліміңді халқыңа, жұртыңа жарату да – жоғары білімді азаматтың міндеті. Парызы!

Соңғы деректерге қарағанда, еліміздің әрбір төртінші тұрғынының жоғары білімі бар екен. 2021 жылғы санақ кезінде 3,7 млн адамның жоғары білімі, 4,1 млн адамның арнайы орта білімі, 4,9 млн адамның орта білімі болған. 2009 жылғы санақпен салыстырғанда жоғары білімі бар халықтың үлесі 19,8%-дан 2021 жылы 27,6%-ға дейін өскен.

Өңірлердің ішінде жоғары білімі бар халықтың ең көп саны Алматы облысына тиесілі – 404,8 мың адам. Әрбір өңірдегі жоғары білімі бар халықтың үлесі бойынша Астана қаласы көш бастап тұр – елорда халқының 25,5% ЖОО бітірген.

Жоғары білімі бар ерлер мен әйелдердің үлесі бірдей. 2009 жылғы санақпен салыстырғанда дипломы бар ерлердің үлесі 17,8%-дан 27,9%-ға дейін, әйелдердікі 21,6%-дан 27,3%-ға дейін өскен. Жалпы 1000 адамға шаққанда университет дипломы бар 276 адамнан келеді, 2009 жылы бұл көрсеткіш 198 адам деңгейінде болды.

Сондай-ақ жинақтағы мәліметтерге қарағанда, 4,1 млн қазақстандықтың арнайы орта білімі бар. 2021 жылғы санақ кезінде 4 167 мың қазақстандықтың арнайы орта білімі болған. 2009 жылғы санақпен салыстырғанда олардың халық арасындағы үлесі 27,6%-дан 30,8%-ға дейін өсті.

Жоғары білімнің білім беру бағдарламалары «бакалавр» дәрежесін немесе «маман» біліктілігін бере отырып, экономика салаларының қажеттіліктеріне сәйкес біліктілігі жоғары кадрлар даярлауға бағытталған. «Бакалавр»дәрежесі беріліп немесе «маман» біліктілігін бере отырып, жоғары білімнің білім беру бағдарламасы бойынша оқытуды аяқтаған адамдар өздері үшін біліктілік талаптарында жоғары білімі болуы көзделген лауазымдарға орналаса алады. Жоғары білімнің білім беру бағдарламаларының мазмұны жалпы білім беретін пәндер циклін, базалық пәндер циклін, бейіндеуші пәндер циклін зерделеуді, сондай-ақ оқыту нәтижелеріне және ұлттық біліктілік шеңберіне және салалық біліктілік шеңберлеріне сәйкестікке бағдарлана отырып, кадрлар даярлаудың тиісті бағыттары бойынша кәсіптік практикадан өтуді көздейді.

Жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламалары біліктілігі жоғары педагогтер, ғылыми қызметкерлер мен басшы кадрлар даярлауға, олардың ғылыми, педагогтік және кәсіптік даярлық деңгейін дәйектілікпен арттыруға бағытталған.

Сингапурдың мемлекет қайраткері және тұңғыш Премьер-Министрі, Сингапурдың экономикалық жетістіктерініңавторы және орындаушысы Ли Куан Ю реформа жасағанда білімді жастарды қолдапты. Жоғары білімі жоқтардың пәтер алуы қиындау болатын ол кезде. Олардың бала санын да шектеуді насихаттаған. Керісінше жоғары білімді жастардың бірге жұп құрып, қосылғанын кеңінен толғаған. Оларға таныстық үшін бөлек клуб ашып, жоғары білімді азаматтардың балаларының көбейгенін қалағаны тарихтан белгілі. Жалпы тең-теңімен, тезек қабымен дегенді терең зерделеген екен. Адамды білім ғана теңестіретінін осыдан-ақ байқауға болатындай.

Нағашыбай Қабылбек