Қазақ халқының тұсау кесу салты
Тұсаукесер дәстүрі қазақ мәдениетінде терең символика мен мәнге толы. Тұсаукесер – қазақ халқының бала тәрбиесі мен болашағына деген үмітін, тілектерін білдіретін маңызды ғұрыптық салттардың бірі болып табылады. Қазақ халқының салт-дәстүрлерін зерттеуші этнограф жазушы Болат Бопайдың айтуынша әрбір элементі халықтың өмірлік көзқарасы мен сенімдерін көрсетеді екен. Мұндағы негізгі атрибуттар, олардың мән-мағынасы, рәсім кезіндегі ырымдар мен батаның берілетін себептері төмендегідей:
- Тоқ ішек. Тұсау кесуде сәбидің аяғына тоқ ішек байлау дәстүрі де кездеседі. Тоқ ішек байлау – малшылықпен айналысқан қазақ халқының табиғи тіршілігімен байланысты. Тоқ ішек күш-қуаттың, байлық пен берекенің нышаны болып саналады, өйткені малшы қазақ үшін малдың тоқ болуы, байлықтың көзі ретінде маңызды. Бұл баланың болашақта берекелі, малды-шаруалы болуы, тоқшылықта өмір сүруін тілейді деген мағынаны береді
- Ала жіп. Ала жіп – тұсаукесердің ең кең таралған элементтерінің бірі. Ала жіптің екі түсті болуы жақсылық пен жамандықтың, өмірдің ақ пен қарасының белгісі ретінде көрінеді. Ала жіп арқылы баланың болашақта ешкімнің «ала жібін аттамай», яғни біреудің ақысын жеп, қиянат жасамай, адал, таза өмір сүретінін тілейді. Бұл – адамның өмірде әділ, адал жолмен жүруіне үндейтін үлкен ырым.
- Көк шөп. Баланың аяғына көк шөппен тұсау байлау – табиғатпен, жасыл желекпен байланысудың нышаны. Көк шөп – тіршіліктің, өсудің, табиғаттың жаңаруының белгісі, және бала сол сияқты өсіп-жетіліп, табанды да тұрақты болсын деген ырыммен байланысты. Бұл балаға табиғаттың күш-қуатын, өміршеңдігін беру арқылы оның жолы ашық, өмірі гүлденсін деген ізгі тілекпен жасалады.
- Айбалта. Айбалта – батырлықтың, ерліктің символы. Тұсау кесу кезінде кейбір аймақтарда айбалта пайдаланылған, бұл баланың болашақта қайсар, ержүрек болуын тілеумен байланысты. Айбалта кесілген тұсау баланың еркіндікке шығуын, қайраттылыққа ұмтылуын бейнелейді.
- Өткір пышақ. Пышақпен тұсауды кесу баланың жолын ашып, оның кедергілерсіз, қиындықсыз жүріп кетуін білдіреді. Пышақ өткір болғандықтан, бала өмірде тез, батыл шешім қабылдауға бейім, алға қойған мақсаттарына еш қиындықсыз жетсін деген ырыммен қолданылады.
- Оң жақта отырып тұсау кесу. Қазақта оң жақта отырғызу – абырой мен қадір-қасиеттің белгісі. Әдетте, оң жақта жас келін немесе қыздар отырған. Сол сияқты тұсау кесу кезінде оң жақта тұрып кесу де балаға қастерлі, жақсы өмір тілеумен байланысты болған. Бұл жерде де балаға оң бағыт, жақсылық, рухани тазалық тілеген.
- Бала алдына дүние қойып таңдатпау. Кейінгі заманда пайда болған кейбір ырымдарда бала алдына түрлі заттар қойып таңдату рәсімі жасалады. Дегенмен, қазақтың дәстүрлі тұсаукесерінде бұл болмаған. Қазақ халқы баланың тағдырын жаратушыдан тілеп, оның алдағы өмірін алдын ала болжауды жөн көрмеген. Әр нәрсе өз ретімен, Алланың қалауымен болатынын терең түсінген. Сондықтан баланың алдына заттар қойып, таңдауын ырымдау қазақтың шынайы салтында кездеспейді.
- Ақ бата беру. Тұсаукесердің ең маңызды бөлігі – ақ бата беру. Ақ батаның мәні – баланың болашағына деген ізгі тілек, жақсылық пен амандық тілеу. Батаның мәтіні әртүрлі болуы мүмкін, бірақ оның негізгі мәні – баланың өмір жолы ашық, дені сау, өмірде абыройлы, елге қадірлі болсын деген тілекпен беріледі. Бата – қазақтың үлкен тәрбиелік мәні бар рухани дәстүрі.
- Тұсау кесудегі символика. Тұсаукесердің негізгі символикалық мағынасы – баланың болашағына бағыт-бағдар беру, оның тез жүріп, өмірде өз жолын табуына жәрдемдесу. Тұсау кесу рәсімінде қолданылатын әрбір элемент қазақтың табиғатпен, тіршілікпен тығыз байланысын, өмірлік қағидаттарын білдіреді. Бұл рәсім арқылы қазақ халқы сәбидің болашағына үміт артып, оны аман-есен, адал жолмен өсуін тілеумен қатар, әр ісінде елге, жерге абыройлы болуын аңсаған.
- Тұсаукесердің кәде сыйлары. Тұсау кескен адамға қазақ дәстүрінде сыйлық берілген. Бұл кәде – баланың болашағына тілектестік білдірген адамға көрсетілген құрмет пен ризашылық белгісі. Сыйлық ретінде түрлі заттар, киім-кешек, мал немесе ақша беру дәстүрі болған.
Осылайша, тұсаукесер – қазақ халқының бала тәрбиесі мен болашағына деген үмітін, тілектерін білдіретін маңызды ғұрыптық салттардың бірі болып табылады.
Шаргүл Қасымханқызы