Елордамызда «Таза Қазақстан» экоапталығы өтті

21 қыркүйек «Дүниежүзілік тазалық күні» (World Cleanup Day) қарсаңында Астанада «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» атты экоакция ұйымдастырылып, жалпықалалық сенбілік өтті. Қаланың әрбір ауданында өткен ауқымды шараға ұзын саны 62000-нан астам адам қатынасты. Олрадың қатарында қала тұрғындары, еңбек ұжымдары, мемлекеттік органдардың қызметкерлері, шағын және орта бизнес субъектілері, еріктілер, спортшылар мен мәдениет қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, мәслихат депутаттары, МИБ (ПИК) және шетелдік дипломаттар бар.
Сенбілік барысында 170 тоннадан астам қоқыс жиналып, шығарылды, аялдама павильондарын, бағдаршам нысандарын, жерасты және жер үсті өткелдерін жуу жүргізілді, 730 жүк көлік және тиеу техникасы тартылды. Экоакция кезінде 4 рұқсат етілмеген полигон жойылды. Рұқсат етілмеген қоқыс орындарынан қоқыс шығару үшін 90-нан астам ауыр жүк рейсі жасалды.
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында акцияға қатынасқан барлық азаматтарға шынайы алғысын білдіріп жазба қалтырды. Онда «Елордамызды ауқымды көгалдандыруды және абаттандыруды ары қарай да жалғастырамыз! Биыл қалада жасыл аймақтар саны көбейеді. Біз аулалар мен қоғамдық кеңістіктерге ғана емес, со сияқты спорттық және мәдени нысандардың, оқу орындарының, қаланың көрікті жерлерінің және т.б аумағына ағаш отырғызамыз.
Биыл біз 1 миллионға тарта жасыл желек (ағаштар, бұталар, көшеттер және т.б.) отырғызуды жоспарлап отырмыз. Оларыдң басым бөлігі қазірдің өзінде отырғызылды, сондай-ақ қаланың жасыл белдеуіне де егілді»,- деп жазды.
Ерқазы Сейтқали