Қазақстандықтардың патриоттық сезімін арттыратын ескерткіш керек!

Ақбөпе Балғымбаева 1986 жылы желтоқсан оқиғасына қатысып, қуғын-сүргін көрген біраз батырларымызды ақтап, оларға қол ұшін берген қайсар жан. Өзі де желтоқсаншы. Біз Ақбөпемен әңгімелесіп, қысқаша осы тарихи жағдайды баяндап беруді өтінген едік.

-Сіз  2021 жылы желтоқсаншыларды ақтау жөніндегі құжаттармен жұмыс істеу үшін Астана қаласынан Алматыға келіп кеттіңіз. Осы уақытқа дейін мыңдаған адамдарды ақтап, алғысқа бөлендіңіз. Жұмыс жоспарыңызбен бөлісе отырсаңыз?

— Иә, біздің келген мақсатымыз-Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен Желтоқсан көтерілісінің 35 жылдығына орай қуғын-сүргін көрген, ақталмаған желтоқсандықтардың құжаттарымен танысып, қарау, суреттерін баннер, бильбордқа ілгізу, кітапқа шығарту, мүгедек болып қалған, қайтыс боп кеткен желтоқсан батырларының отбасымен кездесіп, қал-жағдайларын білу, т.б. еді.  2021 жылы 5 қаңтардағы Президентіміз Қ. Тоқаевтың желтоқсаншыларды «Желтоқсан қарлығаштары» деп атап, үндеу тастаған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» атты мақаласы аясында сол жылы ақпан айынан бастап жұмыс істеп кеттік. Мұрағат, сот орындарына кіріп, прокурор, адвокат сияқты заңгерлермен бірлесіп, біраз шаруалар атқардық. Ақталуға себеп көп. Алғаш 1986 жылы 17 желтоқсанда қарусыз көшеге шығып, 15 одақтас елдің ішінде ең алғаш тәуелсіз ел болу үшін бас көтерген қазақ жастарының арқасында егемендік алғанымызға бүкіл әлем куә. Тиісті орындардан рұқсат сұрап, Астана қаласындағы «Қазақстан» ұлттық арнасының журналистерін осында 8 күнге алып келдік. СИЗО, қамалған жерлер бойынша күн-түнге қарамай, кезең-кезеңмен түсірілімдер болды. Желтоқсан батырларымен кездесіп, бас алаңда түсірдік. С. Сейфуллин даңғылының бойындағы СИЗО күреліп, орнына басқа нәрсе салынайын деп жатыр екен. Сол жерде қамалған, өмірі қиылған, жастардың тағдырына қара таңба басылған тарихи орын болғандықтан, бұзылмай тұрғанда түсіріп алайық дедік.

    — Өзіңіз де желтоқсан ардагері болған соң желтоқсандықтардың жай-күйін   түсініп, осындай қайырымдылық жұмыстарымен айналысуға бет бұрған сияқтысыз ғой?

—  Осыдан бұрын да Ауған соғысы, тылдағы ардагерлер, оралмандар, Чернобыль апаты, Семей полигоны сынды өзекті мәселелерге көңіл бұрып, көмектесіп жүретінмін. Бірде желтоқсаншыларға арнап әлеуметтік желіде құжаттар тобын ашқан ем, 70 адам кіріпті. Сөйтіп ватсап, телеграмм топтарын аштым. 257 адаммен аудио-видео арқылы сөйлесіп, ақталу үшін құжаттарды қалай жинау жөнінде кеңес беріп отырамын. Шетінен ақталып, заңды құжаттарын алып жатқандары бар. Қуанып алғыстарын айтып жатыр. Желтоқсан батырларын шығынға батырмайық деп өзіміз әр облыстарды аралап, жолға жиі шығамыз. Сонда байқағаным әлеуметтік жағдайы төмен, баспанасыз, жұмыссыз, денсаулықтары жоқ, мүгедек жандар көп екен. Оларға мемлекет тарапынан ақталу үшін адвокатқа төлейтін жеңілдіктер берілсе деп өтінген едік. Желтоқсан батырларын мәңгі есте сақтап, тарих бетінен өшірмеу үшін қолдан келгенді істеп жатырмыз. 2014 жылдан бері Елордадағы АЛЖИР музейінде желтоқсандықтарға арналған өздерінің бұрышы бар. Музей директоры Самат Ілиясұлы Тергенбаев деген азамат Желтоқсан көтерілісінің ардагері. Ол да ақтала алмай жүр. Әр облыс орталықтарында «Желтоқсан» аллеясы бар. Саябақта әртүрлі ағаштар отырғызылып, әр ауданның әкімшілік тарапынан мәдени іс-шаралар өткізіліп тұрады. Желтоқсан көтерілісінің 35 жылдығы ескерусіз қалмасын, өз мәртебесін алсын деп сол жобада заңдастырып, жұмыс істедік.

Желтоқсаншыларға жоғары жақтан көңіл бөлінсе дейміз. Қанша өмірлері қалды дейсің, алды 70-ке, арты 50-ге келді. Қатарлары азайып барады. Үкімет сұраған талап-тілектерін ескеріп, үй-жай беріп, материалдық жағдайларын түзесе. Елбасының 1993 жылы 14 сәуірде шыққан «Қуғын-сүргін көрген желтоқсаншылар ақталсын» деген заңы шықты. Ең бастысы әр желтоқсаншының көкейінде жүрген мәртебе мәселесі шешілсе дейміз. Енді Президентіміз осы заңды тезірек қабылдаса екен деген өтінішіміз бар. Желтоқсаншыларға арнап энциклопедия шығарғымыз келеді. Бірақ бұл да ақылы. Негізі үкімет қаржы бөліп, тегін шығарса. Қазір орталық алаңды коммерциялық орынға айналдырып жіберген. Тәуелсіздік пен Желтоқсан көтерілісінің символы көгершін ұстаған Ананы бір бұрышқа тығып қойған. Алаңда атқа мінген балалардың өзі қазір 35-40-қа кеп қалды ғой. Ескерткішті 28 панфиловшылар паркіндегі батырлар сияқты жалпы ансамбль етіп, болашақ жастардың рухын, намысын оятатындай жасау керек сияқты. Өз ойым алаңға көздерінен от шашып тұрған қалың жастардың қаптап келе жатқан бейнесі сомдалған ескерткішін орнату керек деп санаймын. Ол Қазақстандықтардың рухын оятатын, патриоттық сезім мен жалын сыйлайтын бейне болуы тиіс. Желтоқсан батырлары ескерусіз, елеусіз қалмау керек. Ортамызда қайтыс боп кеткендері бар. Музейлерде суреттері, видеолары жатыр. Соған барлық қазақстандықтар атсалысуы керек!

   -Әңгімеңізге рахмет, Ақбөпе ханым. Істеріңіз алға баса берсін!

 

Шаргүл Қасымханқызы