Су саласындағы серпінді жобалар
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен 2023 жылы Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды. Арнайы минситрлік құрылғаннан кейін Мемлекет басшысы 2027 жылға дейін жаңадан 20 су қоймасын салу, суды тиімді пайдалану міндетін жүктеді. Бұл суды жинау, қажетті кезінде тарату мәселесін шешу үшін жасалған маңызды стратегиялық қадамның бірі еді.
Қыркүйектің басында мәжілісте өткен жиналыста істеліп жатқан жұмыстардан қысқаша баяндама жасаған Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов атқарылған жұмыстар туралы баяндап берді.
-«Биыл елімізде су шаруашылығы нысандарын дамыту бойынша 411 жоба іске асырыла бастады. Атап айтқанда, 575,9 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіру, жалпы ұзындығы 2,5 мың шақырым болатын 203 каналды салу және реконструкциялау жұмыстары жүріп жатыр. Осының нәтижесінде 1 млн 48 мың тұрғыны бар 437 ауылдық елді мекенде сумен қамтамасыз ету сапасы жақсарады. Бұдан бөлек, Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында 3500 шақырым суару желілерін цифрландыру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Ақмола облысында Нұра топтық су құбырын реконструкциялау жұмысының 36,6 шақырымы аяқталды. Жыл басынан 32 гидротехникалық құрылыс мемлекет меншігіне қайтарылды. 118 гидротехникалық құрылыс көп факторлы тексерістен өтті.
Судың «қара» нарығымен күресті күшейту мақсатында Су ресурстары және ирригация министрлігінде жаңа ведомство – Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитеті құрылды. Бассейндік инспекция қызметкерлерінің саны 1,5 есе өсіп, жалпы штат саны 242 адамға жетті. Нәтижесінде, әрбір облыс орталығында бассейндік инспекция бөлімі ашылды.
Министрлік көршілес мемлекеттермен трансшекаралық су айдындарын пайдалану мәселесі бойынша 15 іс-шара өткізді. Осының нәтижесінде, биыл елімізге Өзбекстаннан 4 млрд текше метрден астам, Тәжікстаннан 488,6 млн текше метр, Қырғызстаннан Шу өзені арқылы 180 млн текше метр және Талас өзенімен 380 млн текше метр су келді.
Биыл еліміздің су қоймаларына 75 млрд текше метр су жиналды, оның 12 млрд-тан астамы – тасқын су»,- деді Нұржан Нұржігітов.
Ерқазы Сейтқали