Кеңгір су қоймасының қызығын көретін күн жақын
Ұлытау облысына жұмыс сапарымен барған Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов облыс тұрғындарымен кездесу барысында Кеңгір су қоймасының мемлекет меншігіне қайтарылатынын мәлімдеді.
Қазіргі таңда тиімді атқарылған жұмыстардың арқасында су қоймасын мемлекетке қайтару аясындағы үдеріс аяқталуға жақын тұр. Бұл нысанды жыл аяғына дейін Су ресурстары және ирригация министрлігіне қарасты «Қазсушар» РМК өз балансына алады.
Жалпы, Кеңгір – Ұлытау облысындағы ең ірі су қоймасы саналады. Жалпы көлемі 319 миллион текше метрге жетеді.
«Кеңгір су қоймасы – аймақтағы судың негізгі көзі. Жергілікті тұрғындар судың сапасына, оның тиімсіз пайдаланылуына және экологиялық мәселелерге алаңдаушылық білдіріп отыр. Нысандағы гидротехникалық құрылыстар апатты жағдайда тұр. Су қоймасын мемлекет меншігіне қайтарғаннан кейін біз қордаланған мәселелерді шешу үшін ең алдымен көп факторлы зерттеу жұмыстарын жүргіземіз», деді министр Н.Нұржігітов.
Сондай-ақ министр Нұржан Нұржігітов Қарағанды облысына да ат басын бұрып, аймақ тұрғындарымен кездесті. Өңірдің су шаруашылығы саласындағы құрылыстары жұмысымен танысып шықты.
Министр алдымен Самарқанд су қоймасының жұмысымен танысты. Ондағы техникалық және тұрғын үй-жайларды аралап, жұмысшыларымен де сөйлесті.
«Биыл «Қазсушар» қызметкерлерінің еңбекақысы орта есеппен 25%-ға өсті. Еңбекақысы тариф есебінен төленетіндердің де, республикалық бюджеттен алатындардың да айлығы көтерілді. Келесі жылы да біз су саласындағы мамандардың еңбекақысын көтеру бойынша жұмысты жалғастырамыз. Еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мамандардың еңбегі лайықты түрде бағалануы тиіс», деді министр.
Жасұлан Бақытбек