Ақмола облысы тұғын үй құрылысына қарқын қосты
Еліміздің Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Ақмола облысына жұмыс сапарымен барып, көктемгі су тасқынынан баспанасынан айрылған азаматтарға салынып жатқан тұрғын үй құрылысының барысымен танысты.
Министр алдымен аймақ тұрғындары жақын арада кіретін құрылыс нысандарын көріп шықты. Облыста бүгінде 286 тұрғын үйдің құрылысы біткен. Атап айтсақ, Есіл ауданы, Есіл қаласы мен Жарқайың ауданы, Пригородное ауылындағы құрылыс толығымен аяқталып, тұрғын үйлер пайдалануға берілді.
Ал Атбасар қаласындағы 3-ші көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жуық арада аяқталып, пайлануға берілгелі тұр. Бұған дейін екі көпқабатты тұрғын үй ел игіліге берілген. Үшінші үйдің жұмысын құрылысшылар барынша жуық уақытта бітіруге тырысып бағуда, көп ұзамай аяқталады деп күтіліп отыр.
Сондай-ақ 40-қа жуық нысан аяқталуға жақын қалды. Айталық, Бұланды ауданында 114 үйдің 78-інің құрылысы аяқталды, оның ішінде Вознесенка ауылында 10, Журавлевкада 22, Иванковкада 4 үйдің құрылысы бітуге таяу, суық түспей тұрғындарды мүмкіндігінше ертерек орналастыру ойда бар.
Министрлік су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету барысын халыққа жеткізіп отыру жұмыстарын жалғастыра бермек.
Еске сала кетсек, бұған дейін Қостанай облысы, Арқалық қаласында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға су жаңа пәтерлердің кілттері табысталған болатын.
Атап айтсақ Арқалық қаласынан – 19, Амангелді ауданынан – 17, Жангелді ауданынан 14 адам «Тұмар» тұрғын үйінен баспана кілтін алды. 50 пәтерлік бұл үй пәтерлерінің бәрі үш бөлмелі. Әр пәтер әрленіп, ас үй жиһаздары мен жабдықтарымен қамтылған.
Баспанаға қол жеткізіп, бақытқа кенелген тұрғындарға пәтер кілтін Қостанай облысы әкімінің орынбасары Арман Әбенов салтанатты жағдайда табыс етті.
Жасұлан Бақытбек