Анаға құрмет – баршаға міндет

Жүз жасқа келіп ел-жұртының қошеметіне бөлену екінің бірінің пешенесіне жазылмаған. Жасы жүзден асқан хазиз аналар бүгінде санаулы ғана. Қос ғасырдың куәсі болған ақсамайлы әжелердің қатары бүгінде сиреп барады.
Олар заманында аштықтан аман өтіп, қуғын-сүргінге куә болып, алапат соғыста ерен еңбектің үлгісін көрсеткен сүйегі асыл жандар.
Бүгінде 30 немере 10 шөбересінің ортасында тамырын тереңге тартқан бәйтеректей сая болып отырған кейуаналардың ғибратты ғұмыры кейінгі ұрпаққа қашанда үлгі-өнеге.
Сондықтан жылына бір келетін қариялар мейрамында ғана емес ылғи да, хабар алып, құрметтеп тұратын аналарымызды бүгін де амандасып келдім. Нақтырақ айтсақ Өндіріс ауылының тұрғыны 102 жастағы Бибайша Өмірбаева әжей мен осы үйдің тұрғыны 83 жастағы Күлпәш Әбілқасымова апаларымызды арнайы құттықтап шықтым.
«Ана алақанының аясы – ақ шынардың саясы» демекші, ақ жаулықты қос ананың ақ батасын алып, ұзақ ғұмыр, денсаулық тілеп, ізгі лебізімді білдірдім.
Қазақта «Қартын сыйлаған елдің қазынасы мол» деген ұлағатты сөз бар. Анасын ардақтаған ел азбайды да тозбайды.

Жандос Жанайдаров, Игілік ауылдық округінің әкімі