ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ – АЯУЛЫ АНА

«Қариясы бар үйдің қазынасы бар» деген тәмсіл сөз бекер айтылмаса керек.Үйдің берекесі мен мерекесі, айналасына нұрын шашып жүретін ақсақал аталарымыз бен ақ жаулықты әжелеріміз барда тәрбиенің қайнар көзі таусылмайды.
Осы орайда 1 қазан – Қарттар күні мерекесі қарсаңында әдемі қарттықтың үлгісін көрсетіп жүрген Мыңтай Қожанова апамыз жайлы әңгіме өрбітпекпіз.
Халқымызда «Өткенге – құрмет, бүгінге – өнеге» деген қанатты сөз бар. Осы айтылғандай әр халықтың, әр елдің, әр жердің атын шығаратын адамдар болады. Мыңтай апа да сондай жарқын адамдардың бірі. Ауданның тыныстіршілігіне, әл-ауқатының дамуына үлес қосқан ардақты жан 1949 жылы Мойынқұм ауданы «Қызылотау» ауылдық округінде, қазіргі Күшаман ауылында дүниеге келген. Есімі жақсылар мен жайсаңдардың қатарында аталып, абырой биігінен көрініп жүрген анамыз бүгінде 75 жаста.
Ардақты апамыз еңбек жолын Б.Момышұлы мектебінде пионер вожатый лықтан бастайды. 1967 жылы «Амангелді» сегіз жылдық мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып қызметін жалғастырды. Бірақ өмірдің ағымымен өзі тұратын Күшаман ауылына тұрмысқа шығып, осы мектепте табан аудармастан 26 жыл бастауыш сынып мұғалімі болып, 1992 жылы көп балалы ана ретінде зейнетке шыққан. Кейіпкеріміз ел игілігі үшін қызмет істеді. Жастайынан жас жеткіншектерге білім нұрын сеуіп, тіршілікте адал еңбек етіп жүрген Мыңтай апаның жұмысқа деген асқан жауапкершілігін байқауға болады.
Еңбек етіп жүрген уақытта Абай атындағы педучилищеден практикаға келген Анар Аманбековаға тәлімгер жетекшілік етіп, еңбегі бағаланып, мақтау қағазын және сыйлық алған. Сондайақ бақытын еңбектен тапқан асыл ана Мыңтай Қожанқызының еңбегі елеусіз қалған емес. Атқарылған жұмыс, төгілген маңдай тер еселенді. Аяулы ана, асыл әже мәртебе биігінен көрінді. Еңбек еткен жылдарында аудандық оқу бөлімінен алған бірнеше мақтау қағаздары бар. «Оқу-жазуға үйрету» тақырыбына жазылған әдістемелік баяндамасы үшін облыстық білім басқармасынан мақтау қағазын алса, зейнетке шығуына байланысты аудандық білім бөлімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Ол педагогикалық еңбек жолында іскер ұйымдастырушы ғана емес, ауыл тіршілігіне қатысты түрлі қоғамдық ісшаралардың да басы-қасында бола білді.
Қашан көрсең де, ұстамды қалпынан таймаған қарапайым да кішіпейіл мінезімен ерекшеленетін Мыңтай апамызды қалай мақтасақ та негіз бар. Қоғам мен отбасын қатар алып жүрген асыл анамыз мейірімді әже. Жолдасы Бабақұл Қарсыбеков екеуі 5 ұл, 2 қыз тәрбиелеп, олардан 23 немере мен 12 шөбересі бар. Балалары жоғары білікті мамандар, түрлі салада қызмет атқарады. Ұл-қыздарына жақсы тәрбие беріп, соның нәтижесінде көпке үлгілі отбасы болуда.
Бүгінде апамыз зейнет жасына шықса да, қыз-келіншектерге ақылкеңес, өсиет қалдырып, қоғамдағы келелі мәселелерге қатысты көзқарасын білдіріп отырады.
Қуаныш КӨБЕНҒАРАЕВ,
Мойынқұм ауданы.