ЕСІМІ МЕН ЕҢБЕГІН ЕЛ БІЛЕДІ
Ауданымыздың 60 жылдық мерейтойына байланысты елге еңбегі сіңген азаматтарды еске алып, олардың есімдері мен халыққа қызметін қайта жаңғыртып жатырмыз ғой. Осы орайда Сейдуалы Ибрайымовтың атын да атап айтар едік.
Сәкең ақырын жүріп, анық басатын, қашанда жамандықтан қашатын, қай жерде де, қандай жағдайда да жөнсіз дауыс көтермейтін, біреудің намысына тимей- ақ өткелден өтем дейтін, бәрін де салмақтап, сараптап сабырмен шешетін, мәселенің мәніне терең үңіліп, жөні келген кезде « бір-ақ кесетін» байсалды, байыпты басшының бірі болды.
Сейдуалы атамыз өткен ғасырдағы 1924 жылы қазіргі Қылышбай ауылында дүниеге келген. Кішкене кезінен салмақты мінезді болса да айналасына елгезек, сергек көңілімен танылды. Әр нәрсені де білсем, көрсем, байқасам дейтін. Осының барлығы оның болашақ жолының ашық тұруына, өмірде тура бағыт алуына жақсы жағдай жасады ғой.
Мектептен кейін орта арнаулы білім алып, зоотехник мамандығын игерген еді. Осы салада да бірқатар еңбегі бар.
Көзі ашық, көкірегі ояу жалын жүрек жас жігіт 1939 жылдан комсомол қатарында жүріп, талай жарқын істердің арасынан табыла білді. Ал, 1945 жылы мамыр айында компартия қатарына өтуі келешектегі тірлік-тынысының кеңеюіне барынша әсер-ықпалын тигізгені анық.
… 1941 жылы қараша айынан он жеті жастағы жасөспірім Көктерек аудандық қаржы бөлімінде алғашқыда қаржыгер, кейіннен учаскелік инспектор болып істепті. Ал, 1944- 1946 жылдары Сарқырама селолық советінде секретарь қызметінде болса,1946-1948 жылдары аудандық совет атқару комитетінде нұсқаушы міндетінде жүріпті.
О тұста да, біздің білуімізше, өзін жұмыста айрықша көрсете білгендерді басшылар да, басқалар да байқап отыратын көрінеді. Сондықтан да Сейдуалы ата 1948 -1949 жылдары Қараөзек (кезінде осындай да сельсовет болыпты…) сельсоветінің төрағасы қызметін абыроймен атқарған.
Барлығын да жеке өзі басқарып,кадр саясатына өзінше ерекше көңіл бөлетін партия Секеңді 1953 жылы сәуір айында «Қызыл октябрь» колхозына партком секретары ретінде жібереді. Әрі осындағы жылқы-түйе фермасының меңгерушісі қызметін қоса жүктейді. Әрине, бұл үлкен сенім! Сонда Сейдуалы ата сол тұстарда да осындай оңды бағаға лайықты болғаны ғой.
Кейіннен, яғни, 1957 жылы наурыз айында колхоздар ірілендірілген кезде, Секең Коминтерн селолық советінің төрағалығына жіберілген. Мұнда жүріп он екі рет селолық советтің депутаттығына сайланған, бұл деген аталған қызметте осыншама уақыт болды деген сөз емес пе!
Күндей күркіреп өткен Ұлы Отан соғысы кезінде тылда тынымсыз еңбек еткен, қолына күрек, кетпен алмаса да (қағаз жазып, қандай шаруаны да қаламымен алға бастырған), партия, совет қызметін атқарып, ортақ шаруаға айтарлықтай үлесін қосқан азаматтың бірі дәл осы Сейдуалы Ибрайымов еді.
Бір қызығы, атамыз 1966-1969 жылдары Көктерек қамыс зауытына (шынымызды айтсақ,мұны жөнді білмейді екенбіз) басшылық жасап,оның директоры болыпты. Сонда бұл кәсіпорын Алматыдағы ауылшаруашылығы министрлігіне қарапты.
Қамыс зауыты жабылғаннан соң Сәкеңнің жолы өзінің туған жеріне тура түседі. Өйткені, бұл уақытта жоғары жақтың шешімімен «Талдыөзек» совхозы құрылған еді.
Сейдуалы Ибрайымовтың бір кездері,яғни,өз тұсында жергілікті жай-жағдайды жақсы білетінінің арқасында көп жерде сөзі өтетін азаматтың бірі болғаны белгілі. Бұл ретте тілге тиек етейін дегеніміз, ол кісінің кіші ұлы Сейтқасымның мына айтқаны.
– Әкем көпті көрген адам, білгір басшы ретінде Айтекеңмен тікелей сөйлесіп, пікірлесетін, – дейді ол.
– Сондайда туған жері – Фурманов совхозының бір бөлімшесі болған Талдыөзекте өзінше бөлек совхоз ашылса,деп үнемі есіне салып отыратын көрінеді… Тілегін Құдай қабыл етті ме, әлде, «Құланның қашуына мылтықтың басуы» (Үкіметтің жаңа шаруашылық туралы шешімі) дәл келді дейміз бе, бірқатар уақыттан соң «Талдыөзегіміз» совхоз болып шыға келді ғой!
Дәл осы жерде Сейдуалы атамыздың ұзақ жылдарға созылған кәсіподақ саласындағы жемісті жұмысы бастау алған-тұғын. Ол кезде мұнда «босатылған» кәсіподақ төрағасы болмапты. Сол себептен де қызметі «инженер- технолог» деп аталыпты,бірақ,шын мәнісінде,кәсіподақ жұмысымен шұғылданған.
Дегенмен, 1970 жылдан бастап босатылған «профком» атанған. Осы қызметі бақандай 17 жылға созылып, яғни, 1986 жылға дейін Сейдуалы ата кәсіподақтың «майын ішіп», оның қарапайым еңбеккерлер мен қалың халықтың жанына жағатын отын маздата жаққан!..
Одан кейін де ол кісі совхоз партия комитетінің және профкомның мүшесі ретінде ортақ игіліктің артуына өзінің үлесін қосты. Аудандық советке бірнеше рет депутат болып сайланып та ел тірлігіне белсене араласты. Сондай- ақ, құрметті демалыс-зейнеткерлікке шыққаннан өмірінің соңына дейін ауылдық ардагерлер кеңесін басқарды.
Осындай оң сипатты әрекеттерімен,қалтқысыз қызметімен құрметке бөленген атамыз талай марапатқа ие болды, көптеген медальді кеудесіне жарқырата тақты, сандаған Құрмет грамоталарын иеленді.
Асыл жары, қашанда жанына,бүткіл ісіне сүйеу,тіреу бола білген Бәтима ана екеуі Сейдазым және Сейтқасым атты ұл өсіріп,отбасылық өмірлерінің де ажарын ашып, базарын қыздырды. Қазір олардан тараған 10 немере мен 24 шөберені нағыз ұрпақ жалғастығы демейміз бе?!
Өкінішке орай, мықты көлік инженері болған, ішкі істер саласында жемісті қызмет еткен үлкен ұлы Сейдазым (әрі аяулы жары Шекер екеуі тәрбиелі ұрпақ өсіре білді ғой) бірталай жыл бұрын тағдырдың жазуымен татар дәмі таусылып,мына өмірден өтіп кетті…
Екінші ұлы Сейтқасым да бұл күндері жапырағын жайған мәуелі бәйтеректей болып, аудандағы белгілі азаматтың бірі атанып отыр.
Ол да жары Хадишамен бірге марқұм бауыры сияқты ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, солардың қызығын көруде. Жалпы Сейтқасымды ел-жұрт білгір мұғалім, білікті педагог ретінде танитынын да айта кеткіміз келеді.
Биыл Сейдуалы ата Ибрайымовтың туғанына жүз жыл толып отыр екен. Оның есімі мен еңбегін ұрпағы әрдайым мақтан тұтады, ал, халық та әрдайым жадында сақтайтыны даусыз.
Берікбай ҚАДЫҚОВ,
журналистика ардагері.
Бірінші суретте: С.Ибрайымов
Екінші 1981 жылы Шу қаласында түсірілген суретте: отырғандар, солдан оңға қарай – Айтекең, Мойынқұмды өсіріп, өркендеткен ардақты, асыл азамат Айтбай Назарбеков, Сейдуалы Ибрайымов, түрегеп тұрғандар – білікті басшы болған Хасен Ганжуев, талай жауапты қызметті абыроймен атқарған соғыс ардагері Балықбай Тоқбаев және елге сіңген еңбегі бар Ақанжан Байыров.