Алматыда пара биден спорт шебері референдумда дауыс берді
Пара биден спорт шебері Сәбина Әбдірахмет Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесіне арналған референдумға қатысып, №267 сайлау учаскесінде дауыс берді. Бұл учаске Қазақ агроөнеркәсіп кешені экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институтында орналасқан.
«Маған елімнің болашағын таңдауға мүмкіндік берілгені маңызды. Әрбір азаматқа пікірін білдіруге мүмкіндік берген мемлекетке ризамын. Алматыда 57 мыңға жуық ерекше қажеттілігі бар адам тұрады, мен біздің қаланың инклюзивті мүмкіндіктерінің жылдан-жылға жақсарып келе жатқанын көріп отырмын», – деді пара би турнирінде бірнеше рет жеңімпаз атанған Сәбина Әбдірахмет.
Сәбина Әбдірахмет бүгін сайлау учаскесіне ыңғайлы әрі қауіпсіз жүріп-тұру үшін «Инватакси» қызметін пайдаланғанын айтты.
Естеріңізге сала кетейік, Алматыда референдум барысында көз және тірек-қимыл аппараты бұзылған азаматтарға «Инватакси» қызметі көрсетіледі, сондай-ақ үйде дауыс беру үшін жылжымалы жәшіктер қарастырылған. Сонымен қатар, барлық сайлау учаскесінде онлайн режимде жұмыс істейтін 76 сурдоаудармашылар бар, олар есту қабілеті нашар адамдарға дауыс беру рәсімі туралы толық ақпарат алуға көмектеседі.