СӨЗДІҢ КИЕСІ…….

Ақ пен қараның ара жігін айыра білетін ата-бабаларымызға, қара қылды қақ жарған әділдігі үшін, Алла тағала абыройды да үйіп төгіп берді.
Себебі олар сөздің киесінен қорыққан, қара сөздің иесі еді. Сөзге тоқтамаған қоғамның түбі құрдым. Берекесі тасыған елдің халқы сөзге тоқтаған, аманатқа қиянат жасамаған, уәдесіне берік болған.
Сөзге тоқтамаған елдің іші даудан, сырты жаудан құрғамаған. Берекесі, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен. Сөзден кие кеткенде, істен жүйе, елден ие кетеді.
Үш жүздің баласына қатысты, заманында ел арысында үлкен дау орын алады. Мүйізі қарағайдай қазақтың игі жақсылары жиналған осы жиында.
Алғашқы сөз алған қазақтың төбе биі, Төле би бабамыз. Шаңырақтың үлкенімін, елдің ағасымын, қасқыр ішіктің, құндыз жағасымын. Бұл даудың төрелігін мен айтам-дейді.
Сонда Әйтеке би бабамыз ау, ағажан шаңырақтың киесі Сіз болғанымен, қара шаңырақтың иесі мен едім. Бұл даудың шешімін маған тиесілі-деген екен.
Сонда қос бауырының ортасында үнсіз отырған Қаз дауысты Қазыбек бабамыз. Әй, Төле би ағам-ау бүгінгі дауға төрелік айта алмайсың, себебі Сенің алдыңда қаймығарың жоқ.
Әй қара шаңырақтың иесі, Әйтеке би бауырым бұл даудың шешімін сенде айта алмайсың, себебі Сенің артыңда қайрыларың жоқ.
Алдымда қаймығарым бар, артымда қайрыларым бар бұл даудың төрелігін серігі жоқ Алла бүгін менің аузыма салып тұр. Төрелігін мен айтам деген екен.
Сол айтпақшы:” Сөз тапқанға, қолқа жоқ”-деген. Тауып айтқан сөзге құн жетпейді. Бір ауыз сөзге тоқтай білген бабаларымыз, бір ауыз сөзбен елді де тоқтата білген.
Әр сөзіне жауап беретін елде:”Елдің иесі, сөздің киесі, істің жүйесі болады”. Елдің иесі болғың келсе, сөздің киесіне тоқта, сонда ғана шебер Алла істің жүйесін береді.
Аталы сөзге арсыз ғана тоқтамайды……
МАҚСАТ СҚАҚОВ