Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар
Қай халықты алсақ та, оның өзіне тән тұрмыс-тіршілігі, күнкөрісі, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі болады. Салт-дәстүр сол халықпен бірге жасасып, оның тарихында өшпес із қалдырады. Бірақ ұмыт болып бара жатқан ұлттық салт-дәстүрлеріміз де жоқ емес. Ендеше, салтымыз санамызда мәңгілік жаңғырып тұруы үшін дәстүр сөйлейді.
Атбайлар (салт). Мұның да екі түрі бар. Жас отаудың шаңырағы көтерілген соң ағайын-туыстар оған шашу шашып, «керегесі кең болсын», «босағасы берік болсын» деген тілек айтады. Байғазы береді. Ет жақыны босағаға жылқы байлайды. Мұның аты «Атбайлар».
«Атбайлардың» екінші түрі – кәде. Құда-құдағилар келгенде немесе күйеу қалыңдығын алуға келгенде олардың жеңгелері алдынан шығып түсіріп алып, атын байлайды. Бұл «атбайлар» деп аталатын той салты. Оған арнайы кәде беріледі. Ол кәдеден тағы бір әйел тәбәрік сұрайды.
Аушадияр (дәстүр). Үйлену тойы кезінде айталатын дәстүрлі өлең, жыр. Және жай өлең емес, өзіндік айтылар әні, ерекше ұлттық тәрбиелік маңызы бар. Көркем шығармашылықпен айтылатын той көркі, салтанат сән, өнегелі өнер. Мұны іздеп тауып өмірге әкелген жазушы Уахап Қыдырханов екен. Аушадияр жырының үлгілерін шетелдегі қазақтар сақтап, бізге жеткізген. Шынын айту керек, бұл Қазақстан елінде айтылмайды, халық жадынан мүлде шығып кетіп ұмыт қалған.
Аушадияр үйлену тойы үстінде айтылады:
Аушадияр бір болар,
Жаманның көңілі кір болар.
Ата-анасын сыйлаған.
Ақ шалмалы би болар.
Аушадияр екі дер,
Ержеткеннің еркі дер,
Омырауы толған он түйме,
Қыз баланың көркі дер…
Аушадияр төрт болар,
Қыздың қойны өрт болар.
Екі жақсы қосылса,
Өле-өлгенше серт болар.
Жыр жаңа қосылған жастарға арналады. Мұнда ақыл, үлгі, өнеге, тәлім-тәрбие туралы толғауды санамалап айтудың халықтық таза бай дәстүрі бар. Ұлтымыздың ұлағатты әдет салтының бұл түрін өмірге енгізетін болсақ, мәдени қазынамыз да, өнеріміз де өсе түсер еді.
Біз шаншар (салт). Кең-байтақ Қазақстан даласында салт-дәстүрлердің қызықты түрлері көп. Бірақ олар бір-бірінен онша алшақ емес. Соның бірі — «біз шаншар». Еліміздің шығыс, оңтүстік жақтарында «жаушы» орынына осы «біз шаншар» салты қолданылады. Ақсақал-қарасақалы аралас бір топ ер азамат бойжеткен қызы бар үйге түсе қалады. Қандай шаруамен жүргенін айтпайды, ел шаруасын, амандық білген болып, қонақасын ішіп аттанып кетеді. Әдеп бойынша ел ішінде бір топ адам бұлай жүрмейді. Олар кеткеннен кейін отағасы мен анасы қонақтар отырған жерді қарап, одан шаншулы бізді тауып алады. Бұл «бізде ұл, сізде қыз бар» құда болайық дегенді білдіреді.
Қыз қашар (дәстүр). «Былайша қыз қашар дәстүрін өткізетін үйді «болыс үй» дейтін көрінеді. (Х. Арғынбаев). Күйеудің келуін «ұрын келу» десе, қыздың атастырылған күйеуін көруі «қыз қашар» дейді. Бұл «ұрын тойы» өтетін күні болады. «Ұрын той» — жастар үшін көңілді, думанды тойлардың бірі. Бұған жас жеңгелер мен жастар қатынасады. Күйеуден алынатын «қол ұстаттар», «шаш сипатар», «қыз құшақтар», «арқа жатар», «көрпе қимылдатар» тағы сол сияқты кәделер осы жолы беріледі. Екі жастың бірін-бір көріп, тілдесуі де осы тойда болады. Екеуі де бірін-бірі ұнатып, қалыңдық жігітке қыз белгісі орамалын және оның іні-қарындастарына да түрлі сыйлықтар береді.
Күйеу ұрын барғаннан кейін құдалық бұзылатын болса, ол қазақ заңында өте ауыр іс саналды. Оның арты үлкен дауға ұласып жатады. Күйеу себепсіз бас тартса, бұрынғы берілген мал қайтарылмайды және айып салынады. Батаны қыз жағы бұзатын болса қалың мал толық қайтарылады және айып төлейді.
Шаңырақ көтеру (салт). Жас отаудың алғаш рет шаңырағын көтерудің өзі қазақ үшін бір қызықты, ерекше сәт. Мұны қазақ салт-дәстүрін жетік білетін белгілі этнограф жазушы Ахмет Жүнісұлы былай деп жазған: «… қазақта отаудың шаңырағын албаты адам көтермейді. Бұған баласы көп, кәрі күйеу керек. Оны қос атпен болса да алғызады. Ыңғайлы жер болып, отау өте үлкен болса, кәрі күйеу шаңырақты аттың үстінде тұрып көтереді. Бұл еңбегіне ол не ат мінеді, не түйе жетектейді. Бұған малды отауды көтерткен жақ береді».( А. Жүнісов «Фәниден бақиға дейін»).
Әдетте киіз үйдің шаңырағын ер адамдар көтереді. Ал, жас отаудың шаңырағын кәрі күйеуге көтертуде үлкен мән, ырым бар. Өйткені «жасы үлкен күйеу» қашан да елге сыйлы және тілектес адам. Және күйеу қартайған сайын жұртына қадыры, сыйы арта түседі. Қазақ елі осы жолдан әлі айырылған жоқ. Кәрі күйеу келсе, ауылдың үлкен-кішісі, еркек-әйелі онымен бір қағыспай, қажыспай қалмайды. Оның шаңырақ көтеруінде де осындай терең сыйластық бар.
Шаңырақ түйе (дәстүр). Ұзатылып келе жатқан қыздың және оның жанындағы әйелдердің (шешесі, жеңгесі, сіңлісі т.б.) мініп келе жатқан көлігі «шаңырақ түйе» деп аталады. Және ол келін үшін ыстық, қасиетті мал болып саналады. Бұған жолшыбай кездескен немесе бөтен адам мінбейді. Егер міне қалса, оны көрген жұрт «пәленше келіннің шаңырақ түйесіне» мініп келді деп келемеждеген.
Ертедегі салт бойынша, көште үлкен шаңырақ жеке түйеге артылып, алдымен жүреді екен. Оған адам мінбейді, атпен жетелейді, «шаңырақ түйе» деген сөз осыдан шыққан екен.
Қазан шегелеу (салт). Өздері жақсы танитын, әзіл-қалжыңы жарасқан адамдар бір-бірінің үйіне бас қосып барып, «осы үйдің қазанын шегелей келдік» дейді. Үй иесі әзілмен жауап қайырып, «Жақсы болды ғой, қазан шегелегіш шебер іздеп отыр едік»,- деп қонақжайлылық танытып, оларға қонақасы береді. Демек, «қазан шегелеу» қонақ бола келдік деген ұғымды білдіреді.
Қонақасы (дәстүр). Қазақтың тарихи аңыз-әңгімелерінде Алаш атамыз өзінің Ақарыс, Бекарыс, Жанарыс атты үш ұлына енші бөліп бергенде, өзіне тиісті еншісіні «Бұл бүкіл иісі қазақтың бөлінбеген еншісі болсын, мұны да сендерге бөліп берейін. Бұл үрім-бұтақтарыңа жалғассын. Бір-біріңе қайырымды болыңдар. Алымтан шаршап-шалдығып келген қонақтың еншісі – қонақасы болсын» деп әрауқты атамыз батасын берген екен.
Ғ. Аманованың «Халықтық педагогика-даналық мектебі» кітабынан
http://mail.ult.kz/post/dasturdin-ozygy-bar-tozygy-bar