Тараздың төл мерекесі тұңғыш рет қалай тойланды?

1989 жылы Жамбыл қалалық атқару комитетінің дүйсенбі күнгі отырысында бөлім басшыларының бірі «Мәскеуде Қала күні мерекесі жылда өтеді. Неге бізде де осындай мереке өткізбеске?» деген сауал тастағаны сол екен, отырғандардың барлығы да оны қолдай кетті.

Атқару комитетінің төрағасы Тұйғынбек Темірбеков біраз тыңдап отырды да: «Ондай шараны бізде де өткізсек болар еді… Былай етелік. Мына мәдениет бөлімінің меңгерушісі Ноқрабековті Мәскеуге жіберейік. Тиісті мекемелерге барып, Қала күні қалай өткізілетінін, жоспарын, тәртібін, сценарийін алып келсін. Мұны одан кейін ақылдасып шешейік», – деді. Қалалық атқару комитеті төрағасының сұраныс хатын алып, Мәскеуге ұштым. Ондағы мәдениет басқармасындағыларға хатты тапсырып, көмектесулерін сұрандым. Олар өтінішімді жықпай, мерекені жүргізу жоспары мен тәртібін түсіндіріп, мерекелік кинотүсірілімдерін көрсетіп, көмектесті. Елге келген соң, төрағаға іссапарым туралы баяндап бердім.
– Жақсы, ертең барлық бөлім басшыларын жинайық. Сен оған дейін өткізетін іс-шаралар жоспарын жаса, комиссия құрып, жұмысты бастайық. Қай кезде өткізетінімізді ертең жиналған соң белгілерміз, – деді Т.Темірбеков.
Келесі күні басшылардың бәрі бас қосқан жиында Мәскеуге қалай барып қайтқанымды айтып, өзім дайындап әкелген Қала күнін өткізу жоспарының жобасымен таныстырдым. Қалалық атқару комитетінің бөлім басшылары біраз ұсыныс айтты. Мерекені өткізу жөніндегі комиссия құрылды. Комиссияның басшылығына қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары Әлия Дүйсенбекова, ал ол кісінің орынбасары болып мен бекітілдім. Қала күнін 6 қазан, сенбі күні өткізу ұйғарылды. Сонымен қызу дайындыққа кірісіп, қаладағы зауыт, фабрика, құрылыс, автокөлік, жеңіл өнеркәсіп мекемелері мен оқу орындарының басшыларын шақырып, кім, не істейтінін түсіндіріп, тапсырма бердік. Қала күніне дайындық барысын аптасына бір рет комиссияда қарап, тиянақты дайындалуларын қадағалап отырдық. Сол кездегі қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы В.Банников пен қалалық атқару комитетінің төрағасы Т.Темірбековтің қала тұрғындарын Қала күні мерекесімен құттықтауларын дайындап, оны баспаханадан 10 мың дана етіп шығардық. Мереке қарсаңында қала көшелері безендіріліп, ғимараттарға Қала күніне арналған құттықтаулар, плакаттар, көше бойларына үндеулер жазып, ілдік. 5 қазан күні түстен кейін кәсіпорын, мекеме, ұйымдар Орталық алаңнан Октябрьдің 50 жылдығы атындағы көшеге дейін белгіленген жерлерге өздерінің өнімдерін, стенділерін орната бастады. Қалалық атқару комитетінің шешімімен 6 қазан күні жолаушылар көліктері тұрғындарды тегін тасуға, Ленин және Комсомол саябақтары тегін қызмет көрсетуге тапсырма алды.

6 қазан. Халық қала орталығына әдеттен тыс көп жиналды. Тұрғындарды қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы құттықтап, мерекенің басталғанын жария етті. Сол мезетте аспанға 400 ақ көгершін ұшырылды. Орталық алаңнан екі үлкен шар «Қала күні құтты болсын!» деген жазуы бар плакатты желбірете әуеге көтерілді. Сол мезетте Орталық алаңға, теміржол вокзалы мен автобекет, орталық базар, шағынаудандар аумақтарына қалалық партия комитеті мен атқару комитетінің құттықтаулары жазылған парақшаларды арнайы ұшақ қарша жаудырып өтті. Бұған үлкен де, кіші де мәз-мейрам болысты. Шаһардағы кәсіпорын, мекеме, ұйымдар, орта, арнаулы және жоғары оқу орындары өздерінің күнделікті өмірі мен жетістіктері туралы көрнекі құралдар, түрлі өнімдер көрмелерін ұйымдастырып, көрсетті. Мерекеге қатысушылардың осылай қаланың тыныс-тіршілігімен толығырақ танысуына мүмкіндік туды. Орталық алаңдағы сахнада көркемөнерпаздар кешкі сағат 22:00-ге дейін концерт берді. Одан кейін әуеге үлкен отшашу шашылды. Мерекеге жақсы дайындалған мекемелерге қала басшылары тарапынан грамоталар, Алғыс хаттар, заттай бағалы сыйлықтар тапсырылды, ал мектептерге спорттық құрал-жабдықтар тарту етілді. Ең алғашқы Қала күні мерекесі осылай қызықты өткен еді. Содан бері бұл күнді жыл сайын күз айында атап өту дәстүрге айналды.

Москау НОҚРАБЕКОВ,
қоғам қайраткері

z-taraz.kz