ТӨРТ ҚАСИЕТ
Ұстаз сабағында үнемі «Жақсылыққа бастайтын жарқын жұлдыз – оқу» деп айтып отырады. Осы сөздің астарында терең мән-мағына жатыр. 5 қыркүйек тілдер мерекесін тойладық. Қазақ тілі сабағында қазақ тілінің төңірегінде біраз мәліметтер оқыдық. Әсіресе, маған қазақ тіліне әліпбиді енгізген тіл ғылымының атасы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының шығармалары қатты ұнады. Қазақ халқы рухты халық екенін білеміз. Рух Ахмет Байтұрсынұлының анықтамасы бойынша халықтың жаны. Туған жер, туған ел, ана тілі, елдің тарихы, ұлттың мәдениетін қастерлеу демек біздің парызымыз.
Жақында мен журналдан «Тіл, діл, мәдениет және рух» деген мақаланы оқыдым. Мақаладағы оқиғада, төрт жақсы қасиет жер жүзін түгел аралап өздері қызмет ететін ұлтты іздеп таба алмайды. Үміттері үзілген шақта кең пейілді, намысты қазақ деген халыққа кез болады. Сөйтіп қазақ елін өздеріне лайықты ұлт санап, қоныстанады. Ұлттың сақталуына да, жойылуына да себеп болатын осы төртеуі туралы жазылған мақала маған қатты ұнады. Менің түйгенім, біздер осы төрт асыл қасиетімізді жоғалтып алмай мәңгі сақтасақ, ұлттық құндылығымыз барлық әлемге үлгі болар еді.
Сол себепті мектепте білім алып жүрген әр оқушы ата-ана, мұғалімдерінің айтқан сөзіне құлақ асып, ұлттық құндылығын қадірлесе, бізден бақытты адам болмайды. Күнделікті сабақта ұлттық құндылықты насихаттайтын нақыл сөздерді жаттап, көкейге түйіп жүрсек, ұлттық тақырыпта түсірілген көркем фильмдерді көрсек, рухани бай боламыз. Себебі ұлттық құндылықтар ұлтты құрметтеуден басталады. Рухани құндылығымызды мәңгі сақтайық.
Умралина Айгерім,
Ақтөбе қаласы
Д.Қонаев атындағы
ЖББОМ гимназиясының
7 «П» сынып оқушысы