…ОРМАНДА ҚАЛҒАН АНА….
Бір күні қартайған анасынан құтылмақ болған бозбала оны орманға апарып тастамақ болады. Сөйтіп, анасын арқалап ауылдан алыстап, тауға қарай тартады.
Баласының ойын қабағынан оқитын анасы ұлының жоспарын іштей сезеді.Бауыр еті баласының адасып, жыртқыш аңдарға жем болуынан алаңдаған ана жол-жөнекей ағаш жапырағын жұлып алып, жүрген жерлеріне белгі етіп тастап отырады.
Межелі жерге де келіп жетеді. Анасын тас үстіне отырғызып, «мен су әкеле қояйын» деген сылтаумен жанынан сытылып шықпақшы болған баласына байғұс ана: «Балам, сен адасып кетпесін деп жеткенше жолға жапырақ тастап келдім. Сол белгіден көз жазып қалмай аман жет!» — дейді дауыстап… Бала бұрылып кете барады. Біраз жүрген соң, денесін діріл басып, жаны жабырқап, жайсыз күй кешеді. Тұла бойы түршігіп, тынысы тарылғандай. Істеген ісіне өкініп, өз-өзіне қатты қапаланады.
Кенет тоқтай қалады. Өкініштің уы өзегін өртеген ұл қос алақанымен басын қыса ұстап, маңдайын жерге періп-періп жібереді. Сәлден соң дереу орнынан қарғып тұрып, келген ізімен анасын тастап кеткен жерге қарай жүгіре жөнеледі. Екі өкпесін қолына алып жеткен баласы анасының алдына келіп, аяғының астына жата қалып, егіле жылайды. Аяулы анасына жасаған опасыздығына өкінген оның жүрегі қан жылап, көкірегін күйдіріп бара жатқан еді.
«Байғұс ана өзіне өлім тілесе де, бауыр еті баласына өмір тілейді екен ғой…» Ағат басқан албырт бала осы оймен анасын арқалап ауылына қарай жүріп келеді. Жылап келеді… Егіліп келеді… Анасы аялы алақанымен ұлының айдарынан сипап, шашынан құшырлана иіскеп-иіскеп қояды. «Раббым! Мені кішкентай кезімде бағып-қағып, тәрбиелеп өсіргендеріндей оларға да мейірім ет!
Иә, Раббым, қатемді кеше гөр! Ата-анасын аялаған салиқалылардың қатарынан қыла гөр! Анамның разылығын алуды нәсіп еткейсің!» Баласы жеткенше осылай деп Жаратқанға жалбарынумен, қамалаған қалың ойдың құшағында, қыстаққа қалай жеткенін сезбей де қалды…