БАҚ БОЛЫП ТИГЕН ЖҰДЫРЫҚ…….
Бұрын біздің ауылда жігіттер үйленерде қызды алып қашатын. Ұзату тойы болатындар сирек еді. Алып қашқанда, қыздың келісімімен, әрине. Бірақ ол заманда сұлулар іштей келісіп тұрғанымен, сыртқа білдіре бермейді ғой.
Ондайда сәл «демеп» жіберу керек. Яғни кетәрі емес екеніне көз жеткен соң батылырақ қимылдаған жөн)))
Менің ағам сондай оқиғалардың бел ортасында жүретін. «Шегебай алып қашыпты» деген хабар жеткен бойда қызы кеткен үйдің адамы әуелі біздің үйге жетуші еді.
Кейін Шәкеңнің тек ұйымдастырушы екені анықталатын. Қатарларының денін солай үйлендірді.
…Қ. деген қыз болды. Қараторының әдемісі. Ауылда әдеміліктен басқа да критерий бар ғой. Ол — шаруаға икемділігі. Ылдым-жылдым, үйдің де, түздің де жұмысына тастай, қайратты Қ-ны жігіттер ғана емес, үлкендер де қатты жақсы көретін.
Бір үйдің шаруасын дөңгелентіп әкететін қызды кім келін ғып алғысы келмейді дейсің? Шешесі ерте өліп қалған, қарт әкесі мен екі ағасы, бір інісі бар Қ.олардың жағасын кірлеткен жоқ. Үйін де мұнтаздай ғып ұстады. Өзі де жарқылдап жүретін көңілді, ер мінезді қыз еді. Анау-мынау жігіттер ығып тұратын.
Мектепті бітіргесін тауық фермасына жұмысқа тұрды. Бір топ қыз-келіншек жұмысқа бірге барып, бірге қайтады. Ішінде Қ. қоңыр қаз секілді дараланып тұратын.
…Әлқисса, Шәкеңнің бір досы оны қатты ұнатыпты. Өте жақсы жігіт, айыбы — жуас. Батылы барып сөз де айта алмаса керек. Әдетте қыздар ондай бозбалаға көп бұрыла бермейді ғой, әрі от ауыз, орақ тілді Қ-ға жақындауға батпайды.
Бірақ жүрегі құрғыр сол деп соғып тұр. Содан Шәкеңе кеп сырын айтады. Бір жартыны бөліп ішкен соң ағам екі жастың арасын жалғайтын боп келіседі. Тағы бір дос жолығып, үшеуі қыздың ыңғайын байқамақ боп, фермаға қарай беттейді.
Бір топ қыз-келіншек тал түсте келе қалған үш жігітке күдіктене қарайды. Жөн сұрасқанда тамырын басып көрмек ниетпен Шәкең «Қ-ны Пәленшеге» алып қашайын деп жүрміз» депті. Сұлудың көзі ызадан жарқ ете қалады. «Мә, саған».
Екі саусақтың ортасынан бас бармақ көрінеді. Қыз-келіншектер шу ете қалады. Әйел затының алдында дәйім мерейі үстем боп, бұрын бұндай қорлықты көрмеген Шәкеңнің қаны басына шапшиды.
“Әй, Қ. — депті тістеніп, — бүгін сені алып қашып, Пәленшеге әйел қылмасам, атымды басқа қой». «Мә». Тағы да екі саусақтың арасынан бас бармақ көрінеді. «Біздің баланың да мат болатын күні бар екен-ау» дейді бір жеңгеміз отты үрлей түсіп.
Әп сәтте бұл әңгіме күллі фермаға тарайды. Сонда тракторшы боп істейтін ағамның аптарихаты таразыға тартылған сәт туады. «Жоқ, — дейді Шәкең серігіне бұрылып, — бұлай болмайды. Қалай да бүгін алып кетуіміз керек».
Қанша мықты дегенмен, әйел заты емес пе, Қ.қауіптеніп, ағаларына бала жүгіртіпті: «18.00-де келіп, мені алып кетсін». Пысық жеңгелердің бірі бұны Шәкеңе жеткізеді.
Сонымен екі-үш-ақ сағат уақыт бар. Алып кете алмаса, топ қатынның табасына қалары анық. «Сендер мен ысқырғанда мотоциклмен зыр етіп келе қалыңдар. Мен қазір…». «Қой, оны жалғыз өзің қалай алып шығасың?» Жігіттердің бұлай дейтініндей бар, Қ.мен деген еркекке дес бермейтін, тым қарулы еді.
“Жоқ, бәріміз бірге барып, көзге түсуге болмайды» дейді Шәкең түтігіп. Сөйтеді де тауық ферманың есігіне қарай жүгіре жөнеледі. Тура сол кезде қолында екі шелек су бар Қ. шығып келеді екен. Ағам қақ маңдайдан бір-ақ періпті.
Екі шелегі екі жаққа ұшқан қыз қиралаң ете қалады. Бокс тілімен айтқанда, нокдаун. Сол сәтте мотоциклмен ана екеуі жетіп, бұл әлі есін жинап үлгермеген Қ-ны көтеріп алып, матасекілдің лөлкісіне жайғастырады.
Осының бәрі қас-қағым сәтте дүйім жұрттың көз алдында болған. Жан-жақтағылар қапелімде не істерін білмей, тұрған орындарында қатып қалса керек…
…Ертеңіне құтты болсын айтып, шымылдыққа кіргендер жас келіннің шодырайған маңдайын көріп, таңдай қағатын көрінеді))).
…Қазіргі көзқараспен қарағанда, нағыз жабайылық қой, иә? Сотталып кететін іс. Сол кезде де біраз айқай-шу болып, біздің үйдің есік-терезесі сынған. Ақыры екі жақ бітімге келді.
Қ. сол әулетке тастай батып, судай сіңді. Күйеуінің кең мінезі, шексіз мейірімі, бұның бауырларына деген алғаусыз ықыласы жүрегі тоңып жүрген жетім қызды баурап әкетсе керек, келісті отбасы болды.
Іркес-тіркес он бала дүниеге келді. Қазір біршама немере сүйген бақытты шал-кемпір. Алматыға келсе, тура ағамның үйіне түседі. Шәкең қалжыңдап, баяғы маңдаёйынан ұрған сәтін еске салса: «Құрышы, бала-шағаның көзінше не болса, соны айтпай…» десе де, оңашада:
“Ай, сенің сол жұдырығың маңдайыма бақ боп тиді ғой», — дейтін көрінеді.
…Сүйем-күйем деп үйленгендердің біразының аз күннен соң жолы екі айырылып жатады ғой. Ал ақ шымылдықтың ішінде кездескенше бір-біріне ләм-мим деп тіл қатпаған бұлардың ғұмыры осылай әдемі өрілді. Қызық, ә, өмір?!…………
Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ