Астанада грэпплингтен әлем чемпионаты өтті
7-12 қазан аралығында Қазақстанның астанасында грэпплингтен әлем чемпионаты өтті.
Жарыс Ж.Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында жалауын көтерді. Бұл жолғы бәсекеге 30-дан астам елден 1800 қатысушы бақ сынауға келіпті. Чемпионат Grappling және Grappling Gi дисциплинасы бойынша U15, U17, U20, ересектер және ардагерлер топтарын қамтыды.
ҚР Грепплинг қауымдастығының президенті, грэпплингтен ҚР ұлттық құрамасының бас бапкері Қанат Алиннің айтуынша бүгінгі таңда грэппинг спорты бойынша Қазақстан құрамасы әлем бойынша үздік үштікке кіреді екен. Алдыңғы жылы біздің құрама Польшада командалық 1-ші орынды иеленсе, биыл жастар арасында мықты деген Украина, Испания, Германия, АҚШ т.б елдерді жеңіп жүлделі 1-ші орынды иеленген көрінеді. Бұл спорт түрі әрі қарай біздің елімізде кең өріс алатынына бас бапкер сенімді екенін жасырмады.
Турнирдің бірінші кезеңдері: U15, U17 жас санаттары бойынша аяқталды. Жеңімпаздар өзара жүлделерді бөлісті.
«Чемпионат өте жоғарғы дәрежеде өтіп жатыр және де осы жылы чемпионаттың Қазақстанда болғанына қуаныштымын. Шет жаққа шықпай, өзіміздің қазақ елінде, үйімізде күресіп жатырмыз. Төрешілер күресті әділ бағалауда. Мен 18-21 жас аралығында 71 кг салмақта жастар, ересектер арасында бақ сынаудамын. Менің салмағымда 4 әлем чемпионы бар, сондықтан барынша намысты қолдан бермеуге тырысамын» — деп өз ойымен бөлісті спортшы қызымыз Еркежан Ерланова.
Айта кетейік, Астана осымен үшінші рет әлем чемпионатын өткізіп отыр. Алғаш рет 2018 жылы, одан кейін 2019 жылы грек-рим және әйелдер еркін күрес сияқты олимпиадалық спорт түрлерінен грэпплинг әлем чемпионатының бағдарламасына енді. Сонымен қатар, Қазақстанның астанасы 2017 және 2023 жылдары екі рет Азия чемпионатын өткізгенін айта кеткен дұрыс болар.
Саяжан Қайдар