Банктер қазақстандықтардың жеке мәліметтерін сатқан

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Әбдіқалықов кейбір қазақстандық банктер өз клиенттерінің жеке деректерін үшінші тұлғаларға бергені туралы ақпаратты растады.

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Әбдіқалықовқа осыған қатысты сауал қойылды.

«Иә, өкінішке қарай, мұндай фактілер бар, біз былтырғыдай екінші деңгейлі банктерді тексердік. Осы заң бұзушылықтар үшін оларды жазаладық», — деді Әбдіқалықов.

Комитет төрағасы бұған қатысты нақты статистика жоқ екенін атап өтті.

«Тиісінше, мұнда азаматтардың азаматтық ұстанымы қажет. Яғни, олар бізге бұл туралы міндетті түрде хабарлауы керек. Біз заңды тұлғаны жазалаймыз, яғни банктің өзіне заңды тұлға ретінде айыппұл саламыз. Бірақ нақты статистика жоқ», — деді ол.

М. Лұқпан

Massaget.kz тілшісі.

Фото: depositphotos.com