Шымкентте «Жастар театры» құрылды
Оңтүстік Қазақстан облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің жанынан «Жастар театры» құрылды деп хабарлайды аймақ әкімдігінің баспасөз қызметі.
Жастардың бос уақытын тиімді пайдаланып, талантты жастарға қолдау көрсету мақсатында құрылған өнер ордасы өскелең ұрпаққа сахна мәдениеті мен сахна тілін үйрету, актерлік шеберлігін шыңдауға ниеті бар жастарды шығармашылыққа баулуды көздейді. Жаңа театрдың алғашқы шымылдығы Ə.Оразбековтың «Бір түп алма ағашы» драмасы қойылымымен бастау алды.
Театрдың көркемдік жетекшісі, сахна қозғалысы маманы Алмас Шымалиев болса, режиссеры — актер шеберлігінің маманы Айна Емкулова, режиссердің көмекшісі жане театрдың әкімшісі, сахна тілі маманы Аққу Қоныспаева болып бекітілді. Мұнан бөлек, өнер ұжымында М.Әуезов атындағы ОҚМУ-нің «мәдени-тынығу жұмысы», «театр ұжымына жетекшілік» мамандықтары бойынша білім алып жүрген 30 студент еріктілер жұмыс істеп, тәжірибе жинақтайтын болады. Алдағы уақытта театр жетекшілігі 14-29 жас аралығындағы театр өнеріне қызығушылығы бар жастарды өз қатарына қабылдамақ. Жастар ұжымының репертуарында оншақты койылым бар.
Еске салайық, жақында ғана күрделі жөндеуден өткен «Жастар орталығы» жанынан еріктілер мектебі, режиссерлер командасы, жайдарманшылар тобы, жас ақындар клубы, журналистер мен блогерлер клубы, Street workout қозғалысы, хореография тобы, «Sulu models» сән агенттігі ашылған болатын.