ҚАМҚАЛЫДАҒЫ ШАБЫТҚА ТОЛЫ ҚУАНЫШТЫ ШАРА
Өткен ғасырдың 60-шы жылдары Қазақстанда мал басын 50 миллионға жеткізу туралы сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің шешіміне сәйкес, Сарысу ауданындағы Бетпақдаламен шектесіп жатқан төменгі Шу өзенінің бойынан шаруашылықтар құру туралы мәселе бекітілген.
Осыған сәйкес, алдымен «Сарысу», одан кейін «Шығанақ», «Қамқалы» кеңшарлары құрыла бастады. Осы шаруашылықтардан Бетпақдала мен Арқа жайлауына мал шығарылды. Өз уақытында мал басы көбейіп, мал өнімдері жоғарғы көрсеткішке жетті.
Биыл Қамқалы ауылының құрылғанына 60 жыл толды.
Жұма күні басталған Қамқалы ауылының 60 жылдық мерейтойы кеше салтанатты жағдайда аталып өтті.
Салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ермағанбетов, Сарысу аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жанат Жұмаділдаев, Сарысу аудандық алқа билер кеңесінің төрағасы Қалмырза Жандарбек, аудандық мәслихаттың депутаты Талғат Наханов, аудан ардагерлері, ел ағалары, алыс-жақынан келген қонақтар, еліміздің түкіп-түкпірінен келіп бас қосқан ауыл түлектері және ауыл тұрғындары қатысты.
Салтанатты жиында аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ермағанбетов сөз сөйлеп, жиналғандарды мерейтоймен құттықтады. Өзінің ұйымшылдығын, ынтымақ- бірлігін, жасампаздығын көрсетіп, мерейтойды шалқар шабытпен атап өтіп жатқан қамқалылықтарға алғысын білдірді.
Бұдан кейін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жанат Жұмаділдаев, аудандық алқа билер кеңесінің төрағасы Қалмырза Жандарбек, аудандық мәслихаттың депутаты Талғат Наханов сөз сөйлеп, жылы лебіздерін білдіреді.
Ауданның дамуына елеулі үлес қосқан, қосып келе жатқан бір топ ауыл азаматтары «Сарысу ауданына сіңірген еңбегі үшін», медалімен, Алғыс хаттармен марапатталды.
Салтанатты шара мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасты. Қамқалы ауылының тумасы, айтыскер ақын Алик Бекмұсаев бастаған аудан өнерпаздары мен қамқалылық әншілер әуелете ән салып, ауылды думанға бөледі.
«Ауылына қарап азаматын таны» деген. Мерейтой аясында ауыл түлектері ауылдың кіре берісіне еңселі «Арка», ауыл ортасына «Жаздық сахна», «Қамқалы» стелласы, және «Қонақ үй» сияқты нысандарды тарту етіп, ауылдықтардың қуаныштарын еселеді.
Шара барысында футбол, волейбол ойындарынан жарыс өткізіліп, білекті жігіттер күш сынасып, палуандар белдессе, тай, құнан, аламан бәйге мен көкпар ойыны елдің делебесін қоздырып, мерейтойдың көрігін қыздырды.
ӨНЕР ЖҰЛДЫЗДАРЫ ҚАМҚАЛЫДА ӘН САЛДЫ
Қамқалы ауылының 60 жылдық мерейтойына арнайы келген өнер жұлдыздары Қамқалы аспанын әнге бөледі.
Қазақ өнерінде өзіндік орны бар эстрада жұлдызы Шахизада бастаған әншілерге ауылдықтардың ризашылығы шексіз.
Өнер қайраткерлерінің, жерлес өнерпаздардың қатысуымен өткен, шығармашылық шабыт ашылған, туған ауылға деген шынайы сезім ағылған мерекелік шара отшашуға ұласты.
Сарысу ауданы әкімдігі