Дәстүр жаңғырып жаңа үй берілді

Мереке қарсаңында Тұрар Рысқұлов ауданы Әбжапар ауылының тұрғыны «Асарлатып үй салу» дәстүрімен жаңа баспанаға ие болды. Өткен жылдан бері аталған жоба аясында 15 үй беріліп, үйге мұқтаж азаматтардың қуанышы еселене түскен еді. Бұл жобадан өзге ауданда тұрғындарды үймен қамтамасыз ету мәселесіне жіті назар аударылған. Мәселен былтыр жүз отбасы жаңа үйдің кілтін алса, биыл сексен отбасы су жаңа қоныстың табалдырығынан аттаған. Ал жыл соңына дейін тағы да алпыс отбасы үйлі болады деген жоспар бар.
Жаңа баспананың кілтін табыстау рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Есеев пен ауыл ақсақалдары және тұрғындар арнайы қатысып, қуанышқа ортақтасты.
— Асар – бұл біздің рухани мұрамыз, ата-бабаларымыздан жеткен бірліктің, ынтымақтың және бауырмалдықтың жарқын көрінісі. Әбжапарлықтардың осындай игілікті іс атқаруы – нағыз ерліктің, мейірімділік пен бауырмалдықтың белгісі. Бүгін осындай дәстүрді жаңғыртып, халықтың шынайы қолдауымен тұрғызылған жаңа үйді табыстау біз үшін үлкен мәртебе екендігін атап өткім келеді. Бұл үй тек қана баспана емес, ол – үлкен жүректі ауылдықтардың шынайы ниетімен салынған, жаңа қоныс иесіне арнаған сыйы. Баршаңызға осы игі іске үлес қосып, қолдау көрсеткендеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Жаңа үйде ырыс-береке орнап, шаңырақ астында тек шаттық пен бақыт орнасын, — деді Бауыржан Бақытжанұлы.
Жаңа үйдің иелеріне аудан әкімдігінің тарапынан сый ретінде газ плитасы мен теледидар тарту етілді.