Табиғат — тіршілік көзі
Адам баласы дүние есігін ашқан сәттен көркіне көз тоймас әсем табиғатқа сүйсіне көз тастайды. Көгілдір аспан, жап жасыл ағаштар, мөлдір таза тұнық суды, болмағанда ағып жатқан бұлақтың сыбдырын, айналада болып жатқан құбылыстардың сыңғырын, құстардың бұлбұлдай әсем үнін, әлемге нұрын шашқан жарық күнін естіп-көріп ерекше күйге түседі, бұл табиғаттың адам баласына берген сыйы.
Табиғат – жаратылыстың ғажап туындысы. Табиғатта болып жатқан құбылыстар, түрлі әуенге толы дыбыстар, қызыл-жасылды түзілген ағаштар жемісі бәрі-бәрі адам баласының таңдайын қағып, таңқалдыратыны сөзсіз. Міне, сондықтан да адам баласының табиғатты жырлауға, суреттеуге шеберлігі, табиғатпен сырласатын көрегендігі осының айғағы. Осы сұлулықты суреттеп, көркем шығармаларға арқау етпеген қаламгер жоқ шығар. Мысалы ақын Қадыр Мырза Әлі,
Таза ауаға кешегі кім шанады?!.
Түтін, тұман аспанды тұмшалады.
Кір шалады қанатын аққулардың,
Соны ойласаң көңілді кір шалады.- деп бүгінгі табиғаттың күйін жырлайды.
Табиғаттың бар сыйын ала отырып, кейбіріміз, атмосфераны түрлі түтіндермен ластап, хош иісті гүлдерге ұсқынсыз қоқыстарды тастап, таңғажайып табиғатты ластап отырғанымыз даусыз.
«Бiздiң елiмiздiң, жерiмiздiң көркiн арттыру үшiн орман егуiмiз керек. Жерiмiз көп, даламыз кең болғанымен, дүниедегi жалпы ауқымына шаққанда орманы ең аз ел — бiзбiз. Басқа мемлекеттерде бiр ағашты кессе, екi ағаш отырғызады. Елге орманды көп егетiн болсақ, халықтың денсаулығына, ауаның тазалығына, тек өз елiмiздiң ғана емес, күллi дүние жүзiнiң экологиясын жақсартуға қосқан үлесiмiз болып саналады» деп Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев айтқандай, тәуелсіз елімізді көркейген жасыл желекті елге айналдыру, қорғау баршамыздың міндетіміз. Бүгінгі таңда табиғатты қорғап, оның ауқымын ұлғайту мақсатында Астана (Нұр-Сұлтан) қаласы маңында ағаштар отырғызылып, жасыл белдеу қалыптасты.
Еліміздің жерінің көлемі, табиғат байлықтары орасан зор. Олар халық қажетін қанағаттандыру әрі шаруашылықты дамыту үшін қажеттің бәрін береді. Еліміздің қазыналы байлығын сақтап, дұрыс пайдалануға міндеттіміз.
Адам — табиғаттың ажырамас бөлігі. Сондықтан халқымызда «Жер-Ана» деген егіз ұғым қалыптаскан. Жерді өз Анасындай, Анасын Күндей қастерлеу Ата қостаған салтымыз. Қаламыздың әрбір тұсын жайқалтуға, таза ұстауға жұмыла жұмыс жасасақ, қоршаған ортаны қорғауға қосқан үлесіміз болар еді. «Табиғатымыз-байлығымыз» дер болсақ, сол байлықты сақтайық!
Тусеева Ақбала Умирзаковна,
«Экология, өлкетану және туризм орталығы» КММ
қосымша білім беру педагогы.