ҚАЗЫБЕК БИ МЕН БҰХАР ЖЫРАУ

Бұқар жыраудың өте қартайған кезінде көңілін сұрамақ болып Қаздауысты Қазыбек би келеді.

Төсекте жатқан Бұқар жырау:

— Бірден онға дейін санның мағнасын маған ешкім айтып бере алмады, Қазыбек, сен айтып берші,— деген екен.

Сонда Қазыбектің берген жауабы:

Бір дегеніңіз — бірлігі кеткен ел жаман.

Екі дегеніңіз — егесіп өткен ер жаман.

Үш дегеніңіз — үш бұтақты шідерден шошыған ат жаман.

Төрт дегеніңіз — төсекке шыға алмаған кәрілік жаман.

Бес дегеніңіз — білікті адамнан белгілі бала тумаған жаман.

Алты дегеніңіз — аймағын билей алмаған адам жаман.

Жеті дегеніңіз — жетем деген мақсатына жете алмаған жаман.

Сегіз дегеніңіз — серкесіз бастаған қой жаман.

Тоғыз дегеніңіз — толғанғаныңыз.

Он дегеніңіз — өткеніңіз, о дүниеге жеткеніңіз.

mazhab.kz