ДҮНИЕДЕ НЕ ЖЕТІМ ?

 — Бұл дүниеде не жетім?
Санай берсең көп жетім
Үйрек, қаз қалқып ұшпаса
Дария — шалқар көл жетім.
Ел жағалай қонбаса,
Бетегелі бел жетім.
Ұлығы әділ болмаса,
Төресін түзу бермесе,
Болады байтақ ел жетім.
Өз бетімен білмесе,
Айтқан сөзге ермесе,
Ұқпасқа айтқан сөз жетім.
Замандасы болмаса
Өкей жастың ішінде
Қария болар тез жетім.
Қара қасты, қыпша бел
Сылаңдаса алдында,
Сөзіңді қабыл алмаса,
Құр қараған көз жетім.
Еңбегі еш, тұзы сор,
Көргенсіз болса қатыны,
Өмір бойы ер жетім.
Жаман болса барғаны,
Ішінде көп арманы
Наданға барған жақсы әйел,
Білер болсаң бұл жетім.
Бабын білмей иесі
Аяғына қан түскен,
Ұлы дүбір жиында
Қосылмаған ат жетім.
Дүниеден өтсе данышпан
Жүйріктермен жарысқан,
Оқитын ие болмаса
Жазулы қалған хат жетім.
 Ақтайлақ би