БАҚЫТ ДЕГЕН БҮТІН ЕМЕС, ҚҰРАМА…

Бақыт деген не деп балам сұрады.
Балам, бақыт алуан түрден тұрады!
Бақыт деген — атқан таңның шуағы,
Бақыт деген — қызыл іңір уағы.
Бақыт деген, балам — сенің әр күнің,
Қалай тізіп жатам оның әрбірін.
Бақыт деген — өзің көрген бала шақ,
Бақыт деген ол — ертеңің болашақ.
Ел қатарлы отау құрып, жар сүйіп
Мына өмірден алар еншің алашақ.
Бақыт деген — бала-шаға, немере,
Шырайнала шауып жүрген шөбере.
Атыңды айтпай «ата» десе немере,
Басқа қонған бақыт емей немене?
Бақыт — сенің үзілмеген ғұмырың,
Бақыт — сенің құламаған тұғырың.
Бақыт деген — ұрпағыңның күлкісі,
Ұзақ түнде бұзылмаған ұйқысы.
Бақыт іздеп шаршама сен сірә да,
Ол әкеден берілмейді мұраға.
Өйткені ол бүтін емес, құрама,
Есің болса бүтін бақыт сұрама.
Мен бақыттың көрмедім деп сынығын,
Күндіз-түні көздің алмай шырымын,
Қолына ұстап қиалының құрығын,
Жүргендердің түсінбеймін қылығын.
Бақыт деген ол — құс емес көктегі,
Бақыт сенің көңіліңнің көктемі.
Жаздай болып жайнап тұрса жанарың
Білінбейді қыста қардың төккені.
Бақыт деген — алуан түрлі құрама,
Бәрін атап бере алмайды ғұлама.
Мен бақытты алған жоқпын мұраға,
Оның санын сен де менен сұрама.
Бақыт деген бүтін емес, құрама,
Есің болса бүтін бақыт сұрама…
Мұқтарбек Тұрысбекұлы 17.09.23 ж.