Абзал Бейсебеков: «Арманым – Англия, Испания чемпионаттарында доп тебу»

«Астана» командасы 2017 жылғы маусымға дайындық жұмыстарын жалғастыруда. Команда Түркиядағы оқу-жаттығу жиыны барысында украиналық «Александрия» және босниялық «Железничар» командаларына қарсы екі жолдастық кездесу өткізіп үлгерді. Жалпы жаттығу жиыны, команданың алдағы маусымға дайындығы және де өзінің арманы мен ерекше хоббиі туралы Абзал Бейсебеков клубымыздың баспасөз қызметіне арнайы сұхбат берген еді.

 — «Астана» командасы Түркияда «Александрия» және «Железничар» командаларына қарсы екі кездесу өткізді. Саған қай ойын көбірек ұнады?

— Екі кездесуде де жаман ойнаған жоқпыз. Бірақ, жақсы да ойнадық дей алмаймын. Ураиналық «Александрия» командасы қорғаныста өте жақсы ойын өрнегін көрсетті. Сондықтан ол ұжымға қарсы ашық ойын ойнау біз үшін қиындау болды. «Железничар» командасы да өзіне тән ойын үлгісі қалыптасқан мықты ұжым. Сондықтан, екі кездесу де маған ұнады. Ең бастысы, осы ойындарда жақсы тәжірибе жинай алдым.

— Абзал, өзің білетіндей, команда Түркиядағы оқу-жаттығу жиындары барысында өткізген екі матчта да жеңіске жете алмады. Бұны немен байланыстырасың?

3196ic7bgng— Менің ойымша, футболда жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Бірақ, екі ойында да біз жеңілген жоқпыз, тең нәтиже көрсеттік. Бұйырса, алдағы болатын ойындарда осы олқылықтың орнын толтырып, бапкерлер тарапынан көрсетілген кемшіліктерді түзеп, жеңіске жетуге тырысамыз.

— Оқу-жаттығу жиындары барысында өткізген кездесулердің аса бір маңызы жоқ деп жатады. Сенің пікірің қандай?

— Оқу-жаттығу жиындары барысында өткізген жолдастық кездесулердің нәтижесі емес, команданың көрсеткен ойыны маңызды. Ең бастысы, командаға келген жаңа ойыншылармен алаңда дұрыс тіл табысып, команданың ойын мәнерін қалыптасыру керек. Жалпы, жаттығу жиындарында команда сапындағы әр ойыншыға өзін көрсетуге, тәжірибе жинауға бапкерлер құрамы мүмкіндік береді. Сол мүмкіндікті оңтайлы пайдаланып, алдағы маусымға тыңғылықты дайындық жұмыстарын жүргізуіміз керек деп ойлаймын.

— Соңғы кездесуде алаңға өзге ойыншының орнына шығып, орталық жартылай қорғаушының міндетін атқардыңыз. Бірақ, кездесу барысында оң қапталдағы қорғаушы позициясына ауысып ойнадың. Ойын барысында позиция өзгерту қаншалықты қиын?

— Менің үшін аса бір қиын дей алмаймын. Себебі, үйреніп те қалдым. Қанша жылдан бері алаңда әр түрлі позицияда ойнап келемін. Бапкерлер тарапынан берілген тапсырманы орындап, алаңдағы өз жұмысымды тиянақты атқара алсам болғаны.

— Абзал, сен Ұлттық құрама сапында болсын, «Астана» командасы сапында болсын әр позицияда ойнап көрдің. Жалпы, өзіңе қай позицияда ойнаған ыңғайлы және қызықты?

— Маған алаңда шабуылшы қызметін атқарған ұнайды (күледі). Себебі, алғаш үлкен футболға келгенде шабуылшы болып бастағанмын. Бірақ, уақыт өте келе қорғаныста ойнайтын болдым. Орталық жартылай қорғаушының да міндетін атқардым. Негізі, жаныма жақын позиция – шабуылшы болу.

— Сені команда сапында бірнеше жылдан бері ойнап келе жатқан тәжірибелі ойыншы ретінде білеміз. «Астана» командасының мықтылығы неде? Қазақстан Премьер-Лигасында команда басқа қарсыластарынан әрдайым бір бас жоғары тұрады. Мұның сырын айта аласың ба?

— Менің ойымша – біз нағыз төрт құбыласы тең командамыз. Біріншіден, команда сапында өз істеріне үлкен жауапкершілікпен қарайтын, тәжірибелі ойыншылар шоғырланған. Екіншіден, білікті мамандардан құралған бапкерлер құрамы бар. Үшіншіден, команданың жүрегі — сүйікті жанкүйерлеріміз бізге әрдайым қолдау білдіріп отырады. Төртіншіден, бізге барынша қолайлы жағдай жасап жатқан басшылық. Бар құпия — осында.

— «Астана» сапына жаңадан келген ойыншылар командаға сіңісіп кете алды ма? Сол ойыншылардың (Мұртазаев, Лулаку, Маевский, Жалмұқан) әрқайсысы туралы айтып бере аласың ба? Сенің бұл ойыншылармен қарым-қатынасың қалай?

— Біз командаға келген жаңа ойыншыларды әрдайым жылы қабақ танытып, жақсы қабылдауға тырысамыз. Жаңадан келген ойыншылар ұжымға толықтай сіңісіп кете алды деуге болады. Мен бұл ойыншылардың ешқайсысын бөле жарғым келмейді. Себебі, біз тұтас командамыз. Жаңадан келген ойыншылармен алаңда да, өмірде де жақсы тіл табысып кеттік. Қарым-қатынасымыз өте жақсы.

— «Астана» — соңғы екі жылда еурододалардың топтық кезеңінде ел намысын қорғап, Қазақстанның имиджін қалыптастырып жүрген ұжым. Жақында ғана ел чемпионатынан командалас әріптесің Неманья Максимович испаниялық «Валенсия» клубымен алдын ала келісім-шарт жасағанын білеміз. Біздің чемпионаттан Еуропаның маңдай алды клубтарына ауысу мүмкіндігі қаншалықты деп ойлайсың? Жалпы, футболдағы арманың бар ма? Әлде, клубтық деңгейдегі мансабыңды «Астана» сапында аяқтағың келе ме?

beysebekov— Жоқ, мен Қазақстан чемпионатымен тоқтап қалғым келмейді. Өздеріңіз білетіндей, осыған дейін Польшада ойнап, үлкен тәжірибе жинап келдім. Негізінде, осы күнге дейін бір арманыма жеттім деп айтуға болады. Еуропа Чемпиондар Лигасы мен Еуропа Лигасының топтық кезеңінде ойнадым. Ол да болса кішігірім жетістік. Мен осы жетістікпен тоқтап қалмай, өзімнің шеберлігімді шыңдап, Англия, Испания сияқты мықты чемпионаттарда өнер көрсеткім келеді. Әлі жаспын, менің оған күш-қайратым да, мүмкіндігім де бар. Ал, Қазақстан чемпионатынан Еуропаның мықты чемпионаттырына ауысудың қаншалықты қиын екенін біздің елде еңгейген қарттан, еңбектеген балаға дейін біледі. Себебі, біздің чемпионатқа шетелдік клубтар, шетелдік мамандар және шетелдік футбол жанкүйерлері тарапынан қызығушылық өте төмен. Ал, Еуропаның мықты клубтарында ойнау үшін Ұлттық құрама сапында және Еуропа Лигасы мен Чемпиондар Лигасы аясында өтетін кездесулерде өзіңді жақсы қырыңнан көрсетіп, көзге түсуің қажет. Бұл біздің отандық ойыншылар үшін берілген үлкен мүмкіндік деп ойлаймын.

— Сен Алматыда дүниеге келдің. Дегенмен, 2009 жылдан бері «Астана» сапында өнер көрсетіп келесің. Жалпы, қай қала саған жақынырақ?

— Мен олай бөле жармаймын. Шындығына келсек, менің түп-тамырым Шымкент қаласынан (күледі). Сіз айтқан екі қаланың да менің жүрегімде алатын орны ерекше. Қазіргі таңда, отбасым, туған-туыстарым Алматы қаласында тұрады. Ал мені Астана қаласымен көп дүниелер байланыстырады. Алматыда футбол әліппесін үйренсем, Астанада үлкен футболда көптеген нәтижелерге жеттім. Әлі де жетемін деген ойдамын. Сондықтан, өзімді жалпы қазаққа ортақ ұлмын деп есептеймін.

— «Астана» сапында соңғы бірнеше маусым қатырынан «15» нөмірмен ойнап келесің. Сенің таңдауың неліктен бұл санға түсті?

— Мен 15 жасымда үлкен футболға қадам басып, 2008 жылы «Қайрат» сапында дебют кездесуімді өткіздім. Одан кейін, 2009 жылы «Локомотив» сапында Ташкент қаласында «Пахтакор» командасына қарсы ойнап, алғашқы голымды да осы 15-ші нөмірлі жейдемен ойнап жүріп салдым. Ол кезде, үстімдегі жейде, тәжірибелі қазақстандық ойыншы Александр Шатскихқа тиесілі болатын. Сол себепті 15 санын таңдадым.

— Көп жылдар бойы «Астана» сапында дебют жасаған ең жас ойыншының рекорды өзіңе тиесілі болды. Бұл рекордты өткен маусымда Мәди Жақыпбаев жаңартты. Сенің ойыңша, Мәди Қазақстан Ұлттық құрамасында өнер көрсетіп, Чемпиондар Лигасының топтық кезеңінде ойнайтын деңгейдегі футболшы дәрежесіне жете ала ма?

sjc2t9ulbee— Мәди менен де талантты, болашағынан зор үміт күтетін ойыншы деп сеніммен айта аламын. Бірақ, сол талантын дұрыс пайдаланып, көп еңбектеніп, ойын тәжірибесін жинауы керек. Болашақта Қазақстанның намысын абыроймен қорғап, мықты чемпионаттарда өнер көрсетеді деп сенемін. Оған Мәдидің таланты да, талабы да жетеді. Жалпы, жаттығу жұмыстары барысында қолдан келгенше барлық артымыздан еріп келе жатқан жастарға бағыт-бағдар беріп, қолдау көрсетуге тырысамын.

— Сен Қазақстан Премьер-Лигасында 15 жасыңда дебют кездесуіңді өткіздің. Сол кездерде командалас әріптестеріңмен «сіз» деп сөйлестің бе?

— Ол есімде жоқ (күледі).

— Сол жылдары командада «әлімжеттік» жасағандар болды ма?  

— Тісін батырып, «әлімжеттік» көрсеткендер болмады. Бірақ, суға, допқа, бір жаққа бару керек болса ылғи да мені жұмсайтын (күледі).

— Қазір тәжірибесі толысқан ойыншысың. Өзіңнің артыңнан ерген жас ойыншыларға өзің көрген нәрселерді көрсетіп қалатын кездерің бола ма?

— Қажет кезде жұмсап тұрамын (күледі). Менің ойымша, мұндай жағдай кез келген жас ойыншының басынан өтетін шығар.

— 2009 жылы 16 жасыңда елордалық ұжым сапында алғашқы маусымыңды өткіздің. Сол кезде команда сапында Тихонов, Титов сияқты тәжірибелі ойыншылар өнер көрсетті. Сол жылдардан есіңде қандай естеліктер қалды?

— Сол маусымда команда сапында ресейлік Тихонов, Титов сынды жұлдыздар ойнады. Маусым ортасында ардагер ойыншы Максим Шатских келді. Одан бөлек, сол кезде Қазақстанның жанып тұрған жұлдыздары Байжанов, Карпович, Әшірбеков, Сүймағамбетов, Сахалбаев, т.б. көптеген ойыншылармен тізе қосып өнер көрсеттім. Мен сияқты үлкен футболға қадам басқан жас ойыншы үшін бұл футболшылармен бір командада доп тебу үлкен тәжірибе болды.

— Абзал, алдағы маусымнан не күтесің? Өзіңе қандай мақсат қоясың?

— Жаңа маусымдағы үлкен мақсатымыздың бірі – алдыңғы жылғы жетістігімізді қайталап, Чемпиондар Лигасының топтық кезеңінде өнер көрсету. Үш маусым қатарынан ел чемпионы атанып келеміз. Сол атақты абыройлы сақтап қалу. Жеке өзіме келер болсам, жарақаттан аман болып, нәтижелі, сәтті маусым өткізу.

— Абзал, бос уақытыңда немен айналысасың? Хоббиің бар ма?

— Бос уақытымды көбіне отбасыма арнаймын. Қолым қалт етсе сурет салып, аздап өлең шығаратыным бар.

— Абзал, осы орайда саған қолқа салғым келіп отыр. Соңғы жазған бір өлеңіңді оқырмандарға ұсынсақ…

— Жақсы. Дубайда өткізген оқу-жаттығу жиындары кезінде жүректен шыққан өлең жолдары болатын…

n4wz8evpgbc

Дайындаған «Астана» ФК баспасөз қызметі