ТҰЛҒАНЫҢ ТӨРТ ТҰҒЫРЫ
Өмірдің өзі құмсағат, сусылдап алақаныңда тұрмайды. Пенде пешенесіне жазылған ғұмырында төрт нәрсенің қадіріне жетуі тиіс….
1). ДЕНСАУЛЫҒЫҢЫЗДЫҢ. Құдайдың пұлсыз берген жанын талқаның таусылғанда құнсыз алатынына дау жоқ. Денсаулық Алланың берген аманаты. Адам аманатқа қиянат жасамауы үшін алдымен ұйқысымен ішіп-жейтін тамағын реттесін. Әсіресе қырық бес жастан кейін.
Денсаулығында кінәрәті бар адамға мына жалғанда қызық жоқ. Денсаулығы мықты адамның қара басы ханмен тең. Денсаулықтың ақысы уақытында ұйықтап, мезгілімен тамақтану. Сонда ғана денсаулығыңыз сағаттай сыртылдап, өміріңіз реттеледі…..
2). УАҚЫТЫҢЫЗДЫҢ. Кісінің қанша киліксе де қолынан келмейтін шаруасы, уақытын тежей алмауы. Ханға да қараға да берілгені сол 24 сағат. “Таң атайын демейді, күн қоймайды, күн батайын демейді түн қоймайды”.
Уақытын босқа өткізген адам, екі дүниеде өкініште болады. Сондықтан 24:3 бөлесіз. 8+8+8 деген формула шығады. Әуелгі 8 сағатты нәпәқа табатын жұмысқа жұмсайсыз. Ортасындағы сегіз сағатты өзіңізді дамытуға арнайсыз. Соңғы 8 сағатты тынығып демалуға бөлесіз. Уақытын реттеген адамның өміріне береке кіреді….
3). ҚАРАЖАТЫҢЫЗДЫҢ. Мал таппайтын еркек жоқ құрарын айт. Құдай кеудесінде жаны бар пендесін ырзық несібесіз қалдырмайды. Тек әркімнің ыдысы бөлек. Жомарттық жақсы, бірақ мақтан үшін есепсіз мал шашу ақымақтық.
Тапқан қаражатыңыздың он пайызы сейфіңіздің түбінде жатсын. Есіңізде болсын, ақша ақшаны табады. Сізге түсінікті болу үшін, әлгі он пайыз бал арасының аналығы сияқты ақша шақырады.
Өз басыңызға, отбасыңызға, дамуыңызға, беретін садақаңызға рет-ретімен бөлінген тапқан қаражатыңыз ырысыңызды тасытпаса, кемітпейтініне кәміл сеніңіз.
4). ОРТАҢЫЗДЫҢ. Адамның бәрімен бірдей дос болам деу санаға сыймайтын құбылыс. Елдің бәрінің көңілінен шығам деу де ақымақтық. Көптің көңілін күзетіп күн көре алмайсың. Қадіріңе жетпейтін адамдарға қайран өміріңді сарп етпе. Қадіріңді білетін адамдарды қадірлеп үйрен.
Адам өз ортасын өзі қалыптастырады. Ортаңды қалыптастыру үшін алдымен бәрін жүрегіңнің елегінен өткіз. Жүрек, иесін алдамайтын, адамның ішкі айнасы. Ортасын қалыптастыра білген адам, түбінде қоғамнан ойып тұрын өз орнын алады…..
Денсаулығы мықты, уақытын реттеген, қаражатын үнемдегін, ортасын қалыптастырған адамды тұғыры биік тұлға десе жарасады.