ЕҢБЕКТІ ПІР ТҰТҚАН АЗАМАТ

Қайсыбір ақын-жазушы болмасын, ұстаз не дәрігер болмасын, қарапайым еңбек адамы болмасын өз саласын, таңдаған мамандығын барынша сүйіп, адалынан істесе, оған абырой да, атақ та, бедел де өзі келеді.
Сұрап алған атақ ұзаққа бармайтыны секілді, жүрдім-бардым жасай салған істе де береке болмайды. Әрбір адам өзінің жалынды ісімен, жарқын тірлігімен еліне сыйлы болады десек, шынайы ризашылығын білдірген ел де сондай ерді «Сегіз қырлы, бір сырлы екен» деп бағалап жатады. Осы бір ауыз сөзден азаматтың кескін-келбетін, болмыс-бітімін, барлық қыр-сырын жан-жақты көргендей-ақ боласың. Сондай үлкен жүректі, парасатты, білімді азамат еңбек жолын қатардағы жұмысшы болудан бастап, инженер, бас инженер, мемлекеттік қызметкер, мемлекеттік мекеме басшысы, Жамбыл облысы бойынша тексеру комиссиясының бас инспектор-мемлекеттік аудитор қызметтерінен өткен, қазіргі таңда Тараз қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы Ақсақалдар алқасының мүшесі Жаманбаев Малтабар Қаратайұлы туралы айтып өтпекшіміз.
Саналы ғұмырын елдік істерге арнап, бүгінде төрден орын алған, есімі жақсылар мен жайсаңдардың қатарында аталып, абырой биігінен көрінген мерейлі 70 жасқа толып отырған Малтабар Қаратайұлы: Еңбекті пір тұтқан, өз бақытын еңбектен тапқан, өз бақытын өз қолымен жасаған Азамат!
Малтабар Қаратайұлы жер қойнауының байлығы елінің берекесін кіргізген, ақынының шабытынан тұлпарының дүбірі естілген, құдайы қонағын құдасындай қарсы алған құлашы дархан даладай кең, жомарттығы мен кісілігінің бағасын ешбір өлшем бере алмайтын қасиетті жер Үшарал ауылында дүниеге келді. Міне, біз бүгінгі әңгімелегелі отырған аядай ғана ауылдан шықса да, бүкіл облыстың ыстық ықыласы мен алғысына ие болған, әкеден алған тәлімі мен адамдық қасиеттерін ізгі ниеттерімен, атқарған істерімен көрсете білген Малтабар Қаратайұлы алғыспен көсегесі көгерген азамат.
Жусанының түбін түртсең тарихына тіл бітетін Үшарал ауылы талай қырандарды қанаттандырған, топырағына кие дарыған қасиетті өлке, он үш Социалистік Еңбек Ері шыққан құтты мекен. Ойын баласы кезінен алғыр, ойы ұшқыр, үлкеннің айтқанын зейін қойып тыңдап алатын зерделі жас Үшарал ауылының майлы топырағына аунап өсіп, Үшарал орта мектебінің табалдырығын аттады. Қия шыңға бет алған қыран үшін, қарлы шың кедергі болып па, кішкентайынан ширақы қимыл жасап, үлкендердің айтқанын екі етпейтін, жауапкершілігі мол жас мектеп қабырғасында да өзінің алғырлығы, жанын­дағыларды үйіріп алып кететін ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түсті. Қолы ашық, қашанда досына қол көмегі дайын тұратын, әке тәлімін өмірінің ұстанымы етіп, ертеңгі күні қалай да үлкен азамат болып шығу үшін сабақты да жақсы оқыды, мектеп аралық пән олимпиадаларының жүлдегері атанды. Атқарған әрбір ісіне көңіл тоярлық жас Малтабардың қолы тиген істің бәрі жанданып шыға келетін. Сен үлкенсің, мен кішімін, ол менікі емес деп қарап тұрмайды, жасалу керек іс пе, белсеніп кірісіп кете береді. Міне, осындай жұмыс талғамайтын еңбек сүйгіштігінің арқасында үлкен­дердің де ақ батасын алып өсті.
1971 жылы мектепті бітіріп шыққан соң, Жамбыл жеңіл және тамақ өндірісі технологиялық институтына оқуға түсіп, 1976 жылы «Инженер-механик» мамандығы бойынша бітіріп шығады. Осылайша, көңілі қалаған мамандықты меңгеріп шыққан жас маманның алғашқы еңбек жолы «Жаңа Жамбыл фосфор» зауытында басталды. 1977-1978 жылдары Кеңес әскері сапында азаматтық борышын өтеп қайтады. Әскерден келген соң, өзі­нің зауыттағы жұмысын қайта жалғастырған Малтабар Қаратайұлы аппарат­шы, аға шебер, инже­нер — конструктор болып жұмыс істеді. 1980 жылы Бүкіл­одақтық жастар арасында Социалистік жарыстың жеңімпазы, ал еңбек еткен «Г» сменасы «Лениншіл жастар сыйлығының» лауреаты атанды.
1982 жылдан Қаратау қаласында, қалалық тұрмыс қызметін көрсету комбинатында Бас инженер болып, 1985-1996 жылдары «Прогресс» тері өңдеу фабрикасында өндірістік-техникалық, өндірістік-экономикалық бөлімдеріне басшылық етті. 1996-2000 жылдары Қазақстан Республикасы Экология Министрлігінің Қаратау аймақтық табиғатты қорғау инспекторы қызметін; 2000-2011 жылдары «Талас ауданы әкімдігінің бюджеттік және білім мекемелерінің Орталықтандырылған бухгалтериясы» мемлекеттік мекеменің басшысы қызметін атқарған Малтабар Қаратайұлы әрдайым өзінің білім-біліктілігін көтеріп отыруды естен шығарған емес. 2002 жылы Агротехникалық университеттің «Экономист-бухгалтер» мамандығын игеріп шыққан ол Талас аудандық мәслихат депутаты, әлеуметтік-экономикалық, жергілікті салық, бюджет және қала шаруашылығы жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы міндеттерін атқарып, мәдениет, спорт, білім салаларының материалдық-техникалық базасын нығайтуға өз үлесін қосты. Қызметте жүріп, әр тұрғынның әлеуметтік жағдайы үшін жаны ауырып, түйіні шешілмеген мәселелердің шешімін табуға барын сала білді. Халық үшін сыйлы да, абыройлы азаматтың бойынан өжеттілікпен қатар мейірім де табылып тұрушы еді.Табандылығы мен жауапкершілігінің арқасында өзінің қызметін бар ынтасымен, үлкен тиянақтылықпен атқара білді. Қоғамдық іс-шараның қайнаған ортасында жүрсе де, көкірегі ашық, сөз төркінін түсіне білетін, саралы ойлардың иесі бүгінгі кейіпкеріміз қызметтерін де жоғары деңгейде атқа­ра білді. Одан кейінгі қыз­метінде сатылай өрлеп, адами асыл құндылықтар мен кәсіби біліктілікті тірек етіп, лауазымды қызметтерде болды.
Қандай істің де көзін тауып, жұмыс барысында кездескен қиындықтарда табандылық пен сабырлылық таныта отырып шешім қабылдап, өзіне артылған сенім үдесінен шыға білген Малтабар Қаратайұлы мол тәжірибесін жинақтап, ауданның тұрмыс-тіршілігін, әлеуметттік-экономикалық жадайын бес саусақтай біліп, ел дамуына өз үлесін қосу жолында аянып қалмады. Қай істе де тындырымды, ізденімпаз, тиянақты, ұтқыр ұйымдастырушы екенін дәлелдей білді.
Ұлттық комиссияның шешімімен мемлекеттік аудитор біліктілігі берілген Малтабар Қаратайұлы 2017 жылдың қазан айына дейін Жамбыл облысы бойынша тексеру комиссиясының бас инспектор-мемлекеттік аудитор қызметін атқарып, зейнеткерлік демалысына шығады. Зейнетке шыққа­нымен, өзінің кәсіптік, өмір­лік тәжірибесінің арқасын­да облыстық ардагерлер қозғалысының өркендеп дамуы­на өз үлесін қосып келеді. Тараз қалалық ар­дагерлер ұйымы бүгінде қоғамда өзіндік орны бар, ортақ істе қомақты ықпа­лы бар іргелі құрылым. Ар­дагерлер қозғалысы қоғам­ның үлкен күшіне айнал­ған деп батыл айта аламыз.
Тараз қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары ретінде бастауыш ардагерлер ұйымдарының жұмысына ерекше назар аударып, ардагерлерді қоғамдық жұмысқа тартып, олардың қамқорлыққа бөленуіне, әлеуметтік жағдайын жақсартуға зор үлесін қосып отыр. Көптеген іс-шаралардың ұйытқысы, бастамашысы болып, ардагерлер арасында беделі жоғары. Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы Ақсақалдар алқасының мүшесі, қоғамдық жұмыстарды да абыроймен атқарып келеді.
Таластың саңлақ азама­ты, үлкен шаңырақтың бас иесі, ағайындардың ақылшысы, достары мен замандастарының сыйлысы. Іскерлік қасие­тіне сай, үлкен жанұяның отағасы, балаларына, немерелеріне беріп отырған тәрбиесі бәрімізге үлгі- өнеге. Мәкеңнің шаңырағының шаттығын, әулетінің әрін кір­гізіп отырған жары Ожанова Бибажар Оспанбек­қызы екеуі төрт бала тәрбиелеп, 18 немере сүйіп отырған бақытты ата-әже.
Адам баласының құнды қасиеттерге ие болуы, рухани бай адам болып қалыптасуы оның жүріп өткен жолымен байланысты болады. Халықта «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың», — деп бекер айтылмаса керек-ті. Оның бала кезінде бойына ізгілік, мейірімділік, қайырымды­лық, адамгершілік сынды құнды қасиеттерді сіңір­ген ата-анасының, ұстазда­ры­ның үміті қазірде ақталды деуге болады. Адамгершілік адамның рухани арқауы дейміз ғой. Себебі, адам баласы қоғамда өзінің жақсы адамгершілік қасиетімен, адамдығымен, қайырымдылығымен ғана ардақталады.
Қай жағынан алып қара­сақ та әңгімемізге арқау болған азаматты әлі де басқа қырларынан мақтай түсуге болады, ол азаматтың төресіне лайық­ты. Малтабар Қаратайұлына зор денсау­лық­та болып, абырой биігі­нен түспей, ел үшін қызмет ете беріңіз дегіміз келеді.
Алдаберді МАҚАШЕВ,
Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің төралқа мүшесі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.