ПӘЛЕН ЖЕРДЕ ПАЙДА БАР…

Бәрібір, өз еліңдей қайда бар?.. Оған көзі жеткен жастарымыз да көбейіп келеді. Шүкір дейміз, бірақ олардың тұрақты жұмысқа тұрып, лайықты табыс табуына кедергілер әлі де аз емес. Кінә екі жақтан да — жұмыс берушіден де, жалданған жұмысшыдан да. Мысалы, қызмет көрсету саласын алсақ, даяшы, көлік жөндеу, жуу шебері бір орында ұзақ тұрақтамайды. Өйткені, кәсіпті үйреніп, меңгеріп алған соң, аз жалақыны місе тұтпай, жеке шаруасын дөңгелеткісі келеді немесе табысы мол, жайлы жер іздей бастайды. Өзге жұмыс берушінің үстеме ақша төлейтініне сеніп, уәдеге еріп кете барады. Сөйтіп, төңіректі айнала барлау, шарлау жалғаса береді. Тіпті кейбірі “жаздым-жаңылдымын” айтып, бұрынғы орнына қайта сұранып, оралатыны да бар екен.
Жалпы, діни парасат пен құндылықта “адал пайда табуға талпыну — парыздан кейінгі парыз” екені айқындалған. Мұны есте ұстаған жанның есебі түгел. Осыны жұмыс беруші ескеріп, дер кезінде ынталандыру тетігін іске қосып жатса, нарық заманында жұмыскер үйренген жерінен безе қоймайтын шығар. Екінші жағынан, әр төбенің басына бір шығып-түсіп жүргендердің әрбір шаһарда, тіпті тұтас елімізде цифрлық дерекнама базасы қатталса, кадрлар тұрақтылығы реттелер еді. Жұмыскерлердің ұжым қызметінен кету көрсеткіші де бірден төмендері сөзсіз. Мұны жүргізу тәртібін жергілікті билік қолға алуға тиіс деп ойлаймыз. Жекелеген елдерде ондай тәжірибе де бар.
Шындығын айтқанда, мамандардың тұрақтамай, сапырылысып жатқаны көп салаға, әсіресе халыққа қызмет көрсету саласына, түрлі шаруашылыққа, құрылысқа экономикалық зардабын тигізіп жатқандығы жасырын емес. Мемлекет тарапынан кәсіпкерлікке тек салық көзі ретінде ғана қарайтын заманнан өттік. Жұмыс орындарын ашу арқылы қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықтың өзегіне айналған кәсіпкерлікке нақты көмек көрсетілгені жөн деп санаймыз.
Кезінде данышпан Абай:
“Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ — өнерсіз иттің ісі. Әуелі құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды” деген еді. Осы ғақлияны басшылыққа алып, еліміздің болашағы үшін күн-түн демей маңдай терін төгіп жүргендер аз емес.
Негізі еңбек етуді жаңаша әрі ұтымды ұйымдастыра білетіндер ғана еліміздің жаңа экономикалық тұғырын қалыптастырып, орнықтырады. Қазір әрбір тұрақты, мерзімді және уақытша жұмыс орны есепке алынғаны дұрыс. Жеке, шағын және орта бизнес өкілдері адамдарды еңбексіздіктен, кедейліктен құтқарады. Сол арқылы олар азаматтардың қоғамға, мемлекетке деген көзқарасын, тіпті сана-сезімін де өзгерте алады.
Мың жасаған Лұқпан хакім ұлына қалдырған өсиетінде:
“Балам, кәсіп қылып, кедейліктің кесапатынан сақтан! Пенде кедей болса, мына үш нәрседен құтыла алмас. Діні әлсірейді, ақылы кемиді, адамгершілігі азаяды. Осылардан асып түсетін тағы бір қоршылық — қоғамда еленбей қалу” деп ескерткен екен.
Әділетті қоғамда, мемлекетте ондайға жол берілмеу керек. Еңбегі еленбеген, кәсібі ескерілмеген жағдайда ғана адам өзге елге көзін сүзіп, телміреді. Сондықтан, еліміздегі жұмыссыздардың нақты санын анықтау, оларға қатысты арнайы бағдарлама жасау, оны жүзеге асыру маңызын жоймақ емес. Ал тұрақты, адал жұмыс істейтін адамдардың табысын арттыру — мемлекеттік және жеке сектордың кезек күттірмейтін міндеті болып қала береді. Бұл — қоғамды дамытудың қарапайым заңдылығы.
Дархан МЫҢБАЙ