ТЕКТІЛІК…

«Екі елі ауыз бен сала құлаш тілден шыққан, бір ауыз сөздің қасиеті мен қасіреті қатар жүреді» — деген сөз бар..
— «Мен тектімін, біз түп — тұқиянымызбен тектіміз» —— деп даусы қарлығып, өңеш жыртылғанша айқайлаған соң, сол есімнің жүгін жүйрікке артып, жүгендей қарпып, тізгіндей тартып, құлатпай ұстап, қамшы алғызбай, дақ салғызбай, межелі жердің, мүдделі орнына жеткізу, əрбір адамның өзінің қолында болса керек…!
Жəне де, тектіліктің тебінгідей тəлімі мен тəрбиесін, ұяты мен намысын, əр адамның сөз сөйлеу əдебі мен мəнерінен байқап, білуге болады…
Ата мен əке, ана мен əже тəрбиесін көрген адамның тектіліктің өзегін тептірместей ұстап тұруы, қаны мен жанына сіңген, еш қиындығы жоқ дүние…
Əке, ата көрген ұл, ар — намысы мен айбынын биік ұстап, өтірік пен өсекке, сатқындық пен дұшпандыққа аяқ баспас, мейірімі мен қайырымын Отаны мен отбасына, елі мен жеріне арнайтын, үлкенді аға, кішіні іні деп тұратын болады…
» Жүрегі жылы жігіт — қарындасшыл келеді» — деген сөз, тексізге емес, тектіге арналып айтылған…
Текті білек, түкті жүрек ер жігіт сертке берік, шындыққа серік болады…
Сөзінің бүрі жоқ, тілінің кірі көп ез жігіттен, тауда еркін өскен қыран — бүркіттің боғы мен сайын далада жортып өскен көкжал — бөрінің тоғы артық…
Тектілігін тоғыз елдің алдында көрсетер күйі бар, əке мен аға көрген қыз бала, еркектің жолын кесіп, бетіне шап беріп шапшымас, сөзін кесіп, төсіне тап беріп қақшымас болар..
«Сөзі қатты қыздың — тілінің уы бар,
Сөзі тəтті қыздың — тілінің жылуы бар,»— дегендей ғой, баяғы…
Сондықтан, ақиқатқа иек артып, елдік пен ерлікті тілге тиек етіп, өз басының қадірін арттыру үшін, тектілікті тегіне жиек қылып,
— » мен тектімін» — деп кеуде ұрып, тілді созып айқайламас бұрын əркім, бірінші өз шындығының айнасына үңіліп көрсінші…!
Ұлдан Қойшықызы