Дәурен Абаев Дубайда өткен The World Government Summit-ке қатысты
Дүниежүзінде болашақ үкіметті қалыптастыруға арналған жаһандық тұғырнама саналатын Әлемдік үкімет саммиті 12-14 ақпан күндері Біріккен Араб Әмірліктерінде өтті. Саммит жыл сайын адамзат алдында тұрған әмбебап мәселелерді шешу үшін инновациялар мен технологияларды қалай пайдалану керектігіне аса мән беріп, үкіметтің келесі толқынына өзекті міндеттер қойып отыр. Болашақ үшін жауаптылардың ішінен ақпарат саласының мамандары да ойып тұрып орын алатынын ескерсек, адамзатты толғандырған келелі мәселелер Қазақ елін де айналып өтпесі анық. Осыған орай 130 үкімет және халықаралық ұйым өкілдері мемлекеттік мекемелердің жұмысын талқылаған ірі масштабтағы саммитке Қазақ елінің атынан ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев қатысты. The World Government Summit барысында ол «WAM» ақпараттық агенттігінің атқарушы директоры Мохамед Джалял Аль-Раисимен кездесті. 1976 жылы құрылған БАӘ-нің әлемге әйгілі ақпараттық агенттігінің атқарушы директоры қазақстандық делегациямен кездесу шеңберінде «Қазақпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінің бас директоры Әсел Төлегеновамен өзара ынтымақтастық меморандумға қол қойды. Мақсат – екі ел арасында ақпарат саласында тәжірибе алмасу. Яғни, келешекте екі агенттік арасында жаңалықтар, тың идеялар мен журналистер тәжірибе алмасадаы. Өз кезегінде мүйізі қарағайдай маман Мохамед Джаляль Аль Раиси:
—Біз Қазақстан Республикасымен бұрыннан бері тығыз қарым-қатынастамыз, бұл келісім екі ел арасындағы ақпараттық сала бөлігіндегі өзара іс-қимылды күшейтеді, жаңалықтармен алмасуды жеңілдетеді, бір-біріміз туралы толығырақ ақпарат беріледі деп үміттенеміз. Біз бірлескен ынтымақтастықта үлкен мүмкіндікті және болашақты көреміз. Сондай-ақ, біз осы бағытта жұмысты бастай отырып, өзіміздің мүмкіндіктерімізді кеңейте аламыз деп ойлаймын,-десе, Дәурен Абаев:
-Біз араб еліне шақырғандарыңыз үшін алғысымызды білдіреміз. Бұл екі ел арасындағы өзара іс-қимылды жалғастыруға көмектеседі. Біз БАӘ-мен ынтымақтасуға қызығушылық танытып отырмыз. Екі елдің көшбасшылары екі мемлекет арасындағы өзара іс-қимыл жемісті болуы үшін барлығын жасауда. Бұдан басқа, ынтымақтастық шеңберінде 2017 жылғы 10 маусым 10 қыркүйек аралығында Қазақстанның елордасында өтетін алдағы EХРО-2017 дүниежүзілік көрмесін толық жариялауға ниеттіміз. Табысты ынтымақтастық орнайды деген үмітіміз бар,-деп өзара келісімді түйіндеді.
Сондай-ақ, министр 2000 жылы негізі қаланған, Dubai Holding құрамына кіретін, медиаиндустриямен, интернет-қолдаумен, жаңалықтарды сүйемелдеумен, фильмдер мен роликтерді шығарумен, баспа өнімдерімен және баспамен айналысатын, түсірілім топтары үшін көптеген павильондары да бар бірегей медиаорталық Dubai Media City қызметімен танысқанын айта кетейік. Жәй ғана танысып қана қоймай, медиаорталық қызметінің жай-жапсарына әбден көз жүгірткен Д.Абаев өзі куә болған БАҚ және киноиндустрия тәжірибесінің Қазақстанда да пайда болуы мүмкін екенін де айтып қалды. Ерекше атай кететіні, Dubai Media City әлемнің 24 мемлекетіндегі 1300-ден астам медиа компаниялардың қызметін үйлестіруші бірегей кластер саналады. Ал, осындай ірі компанияның айтулы тәжірибесі елімізде жүзеге асса қазақстандық медианарықта біршама өзгеріс пайда болатыны айтпаса да түсінікті.
«ЕлАна»