Түрік әлеміндегі Әуезовтер әулеті
Ұлы суреткер, ғұлама ғалым, даңқты драматург Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің түрік дүниесіне махаббаты мен көзқарасы ерекше болды. «Түрік әлемі Әуезовті неге үнемі өзіне назарын аудартып, толғантып отырды» деген сауал кім-кімді де қызықтырары сөзсіз. Мұхтар Әуезовтің түркітану әлеміне құштарлығы сонау сәби кезінде саналы, тіпті бейсаналы түрде оянған сияқты. Атасы Әуездің әулиелікпен әспеттелген, даналықпен дәріптелген өміршең өсиеттерін естіп, есейген есті немересі Мұхтар туған ел топырағы мен тегінің тегін еместігін титтейінен танып өскен сыңайлы.
ХІХ ғасырдың бас кезінде Түркістан жақтан келіп, тобықты руына сіңіп кететін қожалар тұқымынан екені М.Әуезовтің «Өз жайымнан мағлұмат» дейтін мақаласында айтылған. Алайда кеңестік кезеңде ата-бабасының әйгілі қожа, пірәдарлар екені жасырылып, ұлы суреткер «ата-анам малшылық кәсіппен айналысады, дәулеті орташа, елу қой, бес қарасы бар» деп жазуға мәжбүр болды.
Сейітомар Саттаровтың «Мұхтар Әуезовтің ататегі» атты еңбегіндегі «Абайдың сөзі – Мұхаңның сөзі» деген мақалада (Б.Жапарұлы мен Ж.Омарұлының «Қажы Мәді (Дуана) қожа баласы Бекмұхамедтің ұрпақтары» деген шежіре кітабында) «…Мұхтар Әуезовтің жас кезінде медреседе оқып, діни білім алып, мешіт көргені, Құран Кәріммен танысып, ислам шариғаттары мен хадистерін тереңдетіп оқып, осы арқылы зерделі ой түйген ғұлама» болғаны жөнінде мәлімет бар. Өкінішке қарай, М.Әуезовтің өмірбаян беттеріндегі «ақтаңдақтар» күні кешеге дейін ашылмай, жазылмай, зерттелмей келді.
Бердіқожа бабамыздың текті тұқымынан тарап, дінтанудың даналығынан дәріс алған дара дарын иесі Мұхтар Әуезов бүкіл саналы ғұмырында түркітануға тұрақты түрде көңіл аударып, зерттеді. Мәскеудегі Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтар беру комитетінің мүшесі ретінде ұлт әдебиеттерінің көрнекті өкілдерінің сыйлыққа ұсынылған шығармаларын төл тілінде оқитын Мұхтар Әуезовтің пікірі ең бағалы болатыны тарихтан таныс. Одақтық аренада әдебиет, өнер саласы бойынша Лениндік сыйлықтар беру комиссиясының мүшесі ретінде Расул Гамзатовтың, Шараф Рашидовтің, Мұса Жәлелдің т.б қаламгерлердің ірі мемлекеттік марапаттар алып, танылуына тікелей түрткі болған Мұхтар Әуезовтің түпкі мақсат-мұраты бүкіл түрік жұртының санасын сілкіп, рухын ояту үшін бір ғана жол – өткенін білу, төл тарихын тану, ортақ рухани құндылықтарды зерттеп, ұрпақтар зердесіне құю, қандай да бір зұлмат заман болмасын, осы тақырыпты ғасырдан-ғасырға ғибрат ету, ұрпақтан-ұрпаққа ұлағат, өсер елге өсиет ету болды. Оны әркім өз басынан, отбасыдан бастау керегін де кемел ой иесі кемеңгерлікпен түйсініп, көкседі. Сондықтан бауыр еті балаларын ең бастысы өзін тануға, түріктік тарихы мен табиғатын білуге баулыды. Бүкіл ұрпағына да соны өсиет етіп, түркітану тақырыбына тартты.
Әке өсиетін бала кезінен естіп, санасына сіңіріп өскен Ләйла Мұхтарқызының Мәскеудегі М.В. Ломоносов атындағы университеттің тарих факультетінің шығыс бөлімін (1952), КСР Ғылым академиясының шығыстану институтының аспирантурасын (1955) бітіруі, тарих мамандығын таңдауы да осы тәрбиеден тамыр алып жатыр.
М.Әуезовтей ұлыдан дарыған ұлтжандылығы мектеп жасындағы Ләйла Мұхтарқызының «Общество Слова и Пера» деген құпия қоғам құрып, оның төрағасы болуынан (оны ұйымдастырушысы мен жетекшісі саяси қуғында жүрген аудармашы Анна Борисовна Никольская болуы), тарих институтында академик Әлкей Хақанұлы Марғұланның жетекшілігімен шығыстанушы маман ретінде Алаш рухында тәрбиеленуінен, 1958 жылы «ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстанда егіншіліктің дамуы» деген тақырыпта тарих ғылымынан кандидаттық диссертация, 1975 жылы «М.О. Әуезов творчествосындағы Қазақстан тарихының проблемалары («Абай жолы» эпопеясының материалы бойынша)» атты докторлық диссертация қорғауынан танылады. Кеңестік кезеңде 3 бірдей тарихи тұлғаның (ұлының ұрпағы, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың келіні, ҰҒА-ның академигі Асқар Қонаевтың жұбайы) ардақтысы бола тұра шыбын жанын шүбірекке түйіп, патша отаршылдығымен («егіншілік мәдениетімен») келген жерге, тілге, төл тарихқа жасалған қиянаттарды архивтік құжаттарды алға сала отырып, зерттеуі нағыз рухани ерлік десек болады.
Ләйла Мұхтарқызының туған елінің, бүкіл түрік жұртының тарихын білу, оны зерттеу, сол арқылы кеңестік кезеңге дейінгі «сауатсыз, жабайы» деген қазақтың, бүкіл түрік жұртының әлемдік өркениетте өз жазуы, тарихы, әдебиеті мен мәдениеті, өнері мен салт-дәстүрі бар ең алғашқы ұлттың бірі ретінде өзгелерге өнеге етіп танытуға деген талпынысының түп тамыры жоғарыда келтірілген әке ұстанымының ұрпақтарда ұласуында жатса керек. Ол Әуезовтер әулетіне тән табиғи заңдылық та сияқты.
Ал отыз жыл бойы (1963–1993) М.Әуезовтің Әдеби-мемориалдық музей-үйін басқарған жылдары ұлт зиялыларының рухани орталығына айналған Халық университетін филология ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі Рахманқұл Бердібаевпен бірге ұлттық құндылықтар, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің көкейкесті мәселелері, әуезовтануға қатысты түрлі ғылыми тақырып төңірегінде ой толғайтын танымдық дәрістері, бүгінгі ұрпаққа төл тарихын танытудағы табанды, жанкешті еңбектері Ләйла Мұхтарқызының әлі де зерттелер қырлары. Ұлының ұрпағы, тектінің тұяғы Ләйла Мұхтарқызы тоталитарлық жүйе кезінде әр халықтың төл тарихы мен ұлы тұлғалары туралы зерттеулерге шек қойылып отырған шақта әке өсиеті мен аманатына адалдық танытып, ішкі рухын жоғалтпай, төл тарихын танудан танбады.
Ал «Алашорда» үкіметі мен «Жас азамат» атты Бүкілқазақтық жастар ұйымының (1918) белсенді мүшесі болған, бүкіл саналы ғұмырын ұлт тағдырына арнаған Мұхтар Әуезовтің ұлы Мұрат Мұхтарұлының да есімі елге «Жас тұлпар» ұйымы (1965) арқылы жақсы таныс болуының өзі тегін емес. Әрбір қазақ Мұрат Мұхтарұлы десе, ХХ ғасырдың 60–70-жылдары Мәскеуде басталған қазақ студент жастарының патриоттық қозғалысы «Жас тұлпарды» еске алады.Тұлпардың тұяғы, асылдың сынығы саналған көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, мәдениеттанушы Мұрат Әуезовті ұшқан ұясында көрген ұлттық, түріктік тәрбие бертін келе ұлт қамын ойлайтын қайраткерлікке алып келген.
Алаш рухымен тәрбиеленіп, ұлт зиялыларының шығармаларынан тағылым алған ойшыл, мәдениеттанушы, көрнекті қоғам және мәдениет қайраткері Мұрат Әуезов шын мәніндегі ұлтымен тағдыры тұтасқан бірегей тұлға атанды. Қазақтың рухани кеңістігіндегі, түркітану әлеміндегі Әуезовтер әулетінің өзі көп нәрсені әйгілейтіндей. Әдебиет пен мәдениетті тамыры терең тарих арқылы танып, оны философиялық күрделі пайымдар негізінде парақтауды парыз санайтын Мұрат Әуезов – көшпелілер мәдениетіне ерекше мән берген маман. Интеллектуалды еңбектің табиғатын танытатын «Эстетика кочевья» алғашқы кітабы 1976 жылы жарияланысымен саяси репрессияға ұшырағаны мәлім.1993 жылы «Кочевники. Эстетика: познание мира традиционным казахским исскуством» деген тақырыппен авторлардың келісімінсіз көптеген өзгеріс, өңдеулермен жарияланған бұл басылымды Мұрат Мұхтарұлы қолына да алмай, мойындамаған. Қандай да қарсылыққа мойымаған мәдениеттанушы, түркітанушы Мұрат Әуезов күрескерлік, іскерлік қабілетін идеялық бағыт-бағдарынан қайтпай, ұлт қамы жолында қайраттана еңбек етіп, «Уйти, чтобы вернуться» атты күнделік жазды.
Түркітанушы, арабтанушы Зифа Әуезованың «Махмуд ал-Кашгарй. Диван Лугат ат-Турк /Перевод, предисловие и комментарии З. – А.М. Ауэзовой». (Индексы составлены Р.Эрмерсом. Алматы: Дайк-Пресс, 2005. 288 с.+2 с. Вкл) деген орыс тіліндегі көлемді еңбегі биылғы жылы 950 жылдығы ЮНЕСКО шеңберінде аталып өтіп жатқан Махмұт Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрк» атты энциклопедиялық түсіндірме сөздігін араб тіліндегі түпнұсқадан орыс тіліне аударылып, әлемге танылуымен бағаланады. Алғаш табылған күннен бастап түрік тілі тарихына үлкен бетбұрыс жасатып, түрік тілдерінің бізге беймәлім тұстарынан хабардар еткен «Диуани лұғат ат-түрктің» авторы, түркітану ғылымының негізін салушы, түрік лексикографиясының атасы, түрік тілінің тұңғыш диалектологі – Қашқарлық Махмұдтың өмірі мен шығармашылығы Зифа Әуезованың осы аудармасы арқылы өзінің ғылыми, әдеби аудиториясы мен дискурсын кеңейтті.
Зифа Әуезова Талас топырағында туып, бүкіл әлемді шарлаған Шу өңірінің атақты ғұламасы Махмұт Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрк» атты энциклопедиялық түсіндірме сөздігінің талай ғасырлар бойы бүкіл Батыстың да, Шығыстың да зерттеуші ғалымдарын мойындатып, бірнеше зерттеу еңбектердің дүниеге келуіне дәнекер болғанын, түрік дүниесінің өркениеті, рухани қадір-қасиеті дегенде бұлтартпас айғақ болғанын әлемдік рухани кеңістікке алып шықты.
Зифа Әуезованың туған өлкемізде өмірге келген ғұлама ғалым, тұңғыш тілтанушы, түркітанушы, тарихи тұлға Махмұт Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрк» («Түрк сөздігі») энциклопедиялық сөздігін араб тіліндегі түпнұсқадан орыс тілі арқылы әлемдік ғылыми айналымға ендіріп, танытуының өзі – адамзат руханиятындағы және біздің ұлттық ғылымымыздағы зор жетістік, теңдессіз табыс. Махмұт Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрк» («Түрк сөздігі») атты сегіз кітапты энциклопедиялық сөздігі бүгінде бүкіл түрік өркениетінде кеңінен танылып, әлемдік филология, философия, тұлғатану, елтану, этнология, этнография, тілтану т.б салаларында зерттеліп, зерделеніп, рухани сұранысымыз бен қажеттілігімізді өтейтін өте құнды еңбек санатында.Түркітанушы-ғалым Зифа Әуезованың ұзақ жылғы ғылыми шығармашылық ізденістерінің нәтижесінде ұлттық және әлемдік әдебиеттану ғылымының мәртебесін көтерген бұл еңбегі қазақ әдебиеті мен рухани дүниесінің түп тамыры тереңде әрі сөздік қоры бай, әсем, құнарлы екенін дәлелдейді.
Бүгінде әлем бойынша 950 жылдығы тойланып жатқан Махмұт Қашқари бабамыздың «Диуани лұғат ат-түрк» сөздігі, сөз жоқ, түрік өркениетінің баға жетпес құнды жәдігері, асыл мұрасы. Ол сөздікте кездесетін экологиялық, этнологиялық, этнографиялық түсініктер мен ұғымдарда қазақтың бүкіл сөз өнерінің түп қайнары, құнарлы ойы, мәдениеті мен әдебиеті, философиялық ойлары, көркемдік, эстетикалық, этикалық парасат пайымы жатыр.
Көшпелі ел өмірінің өркениетін көрсететін еңбектің түпнұсқадан орыс тіліне аудармасын жасап, алғы сөзі мен бүкіл ғылыми түсініктемелерін жазған түркітанушы-ғалым Зифа Әуезова кітап аннотациясында: «… «Диван»- гениальный труд ал-Кашгарй, обретший славу далеко за пределами мусульманского мира, является ценнейшим источником знаний общечеловеческого масштаба», – деп баға берген. Аударма кітаптағы тарауларда зерттеуші Зифа Мұратқызы Махмұт Қашқаридың сөздігіне қатысты барлық әдеби, ғылыми, тарихи ақпараттарды жүйелеп, әр мәселені жеке-жеке тақырыбына орай талдап, сараптама жасайды. Өзіне дейінгі әлемдік түркітану ғылымындағы еңбектерге кеңінен шолу жасай отырып, бұл еңбектің зерттелу, тәржімалану, таралу, насихатталу тарихына тоқталады. Байқап отырсақ, әр тарау тақырыптары жеке-жеке зерттеу нысаны екені байқалады.
Бүкіл түрік тілдеріне ортақ Тілтану энциклопедиясы – түріктілдес халықтардың қай-қайсының да ұлттық тіл біліміндегі бастау қадамдары ежелгі руна жазуларымен қатар өркендеп, күллі түрік мәдениетінің көкжиегін әлемдік деңгейде кеңейтіп, даму белестері бедерленгенін көрсететін шоқтығы биік еңбек. Бұл жөнінде кезінде әлемге танымал көрнекті түркітанушылар В.В. Бартольд, А.Н. Кононов, Н.А. Баскаков, А.Н. Самойлович, М.Хартман, К.Броккельман, Б.Аталай, С.Е. Малов, А.Б. Халидов, М.Ш. Шералиев, И.В. Стеблева, В.И. Асланов, Н.Т. Сауранбаев, С.А. Аманжолов, А.Н. Ысқақов, Ә.Құрышжанов, Ә.Ибатов, Н.Келімбетов, С.Муталлибов тағы басқа көптеген зерттеушінің еңбек жазғанына кеңінен тоқталған түркітанушы-ғалым Зифа Мұратқызы әсіресе неміс ғалымы Карл Броккельманның бұл сөздікті 1919 жылдан бастап жүйелі түрде зерттегенін, 1928 жылы жинақтың неміс әліпбиінің ретімен түзілген немісше сөздігін жарыққа шығарғаны жөнінде ғылыми мәліметі мол ақпарат береді. Ал түрік ғалымы Басым Аталайдың «Диуани лұғат ат-түрк» кітабын Түркия түріктерінің қазіргі тілінде тәржімалап, 1939 жыл мен 1941 жыл аралығында 3-томы мен индекс сөздігін жарыққа шығарғанын ғылымға деген адалдығы мен жанкештілігі деп жоғары бағалайды. Аталған еңбектердің бәрі М.Қашқаридың сөздігін дүниежүзіндегі аса құнды энциклопедиялық асыл қазына қатарына қосып, әлемдік рухани кеңістіктегі тарихи орнын айқындап бергенін де зерттеуші кәсіби маман ретінде ғылыми теориялық тұрғыдан талдайды. Түрік тілінің тұңғыш оқулығын әзірлеп, грамматикасын түзген, түбі бір түрік халықтары тіл өнерінің өрісін әлемдік өркениетке танытқан, түрік тілдерінің диалектологиясының, лексикологиясы мен грамматикасының негізін қалап, тіл білімі тарихында салыстырмалы тарихи әдісті тұңғыш рет қолданған ғұлама ғалым Махмұт Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрк», яғни түрік тілі сөздігінің жинағын әлемдік рухани кеңістікке танытудағы Зифа Әуезованың ғылыми-шығармашылық еңбегі ерекше.
З.Әуезованың еңбегіндегі сөздік бойынша жасалған ғылыми түсіндірмелердің өзі ізденушілерге аса зәру зерттеу нысанын ұсынып, мол ауқымды ғылыми мән-мағынасы зор ақпарат, әдеби, тарихи деректер береді. Мәселен, құлаққа таныс Еділ, Іле, Ертіс секілді өзендер, олардың бойындағы тіршілік, тұрмыс сипаты, жағалай орналасқан ру-ата әулеттерінің аттары мен өзгешеліктері жөніндегі көптеген көне атаулар мен сөздердің келтірілуі бұл ұғымдардың қазақ тілі мен тарихына туыстығын танытса керек. Тарихи ескерткіште сол дәуірдің ірі мәдениет ошағы, ғылым ордасы болған Отырар (Фараб), Шаш, Ош, Самарқанд, Тараз, Исфиджаб (Сайрам), Сүткент, Сығанақ, Сауран, Баршынкент, Янкигент, Алмалық, Қойлық, Екіөгіз, Ілебалық, Ясы, Баласағұн, Меркі, Құлан, Қашқар тағы басқа түрік елінің әлемге әйгілі қалаларының аталуының өзі тарихи құнды фактілер. Ұлттық әдебиетіміз бен мәдениетіміздің мәртебесін көтерген Махмұт Қашқаридың энциклопедиялық сөздігінің еуропалықтардың қалың ұйқыда жатқан 1072–1074 жылдар аралығында түрік атамекенінің топырағында Баласағұн, Барсхан щаһарында дүниеге келіп, хатқа түсуінің өзі түрік әлемі мен қазақ халқының тарихы үшін зор абырой, үлкен мәртебе.
Осыдан он ғасыр бұрын жазылса да, «Түрк сөздігіндегі» зерттеулердің дәйектілігі мен таным тереңдігі, ғылыми ұстанымдары мен тұжырымдарының тереңдігі, көркемдік ой тұтастығы, философиялық, психологиялық, тарихи, әдеби ой жүйелеудегі биік парасаттылық пайымдары Зифа Әуезованың аудармасында биік интеллектуалдық деңгейде дәріптеліп, ғылыми тұрғыдан дәйектеледі. Махмұт Қашқаридың ұрпағына мәңгілік мұра етіп мирасқа қалдырған жәдігерлері, көркемдік-эстетикалық таным өрнектері бүкіл болашақ ұрпақтарымыздың мақтаныш сезімін туғызатын тарихи деректер. Бұл жөнінде түркітанушы Зифа Әуезова: «…В ХХ веке – через столетия после создания – Диван Лугат ат-Турк стал известен всему миру как источник знаний, ценность которых с течением времени лишь возрастает», – дейді. Ғалым 1915–1917 жылдары Ыстанбұлда К.Рифаттың жариялауымен шыққан алғашқы басылымға халықаралық ғылыми қауымның үлкен қызығушылық танытқанын, әсіресе неміс ғалымы К.Брокельманның осы сөздікпен жүйелі түрде жұмыс істеп, зерттеу жүргізгенін, соның нәтижесінде «Словарь среднетюркского языка» деген еңбек жазғанына арнайы тоқталып, кеңінен ғылыми сараптама, жаңаша интерпретация жасайды. Тарих та, ғылыми еңбектер де уақыт өткен сайын жаңарып, трансформацияланып, уақыттың рухани зәрулігіне сай талданып отыратынын жақсы білетін әлемдік деңгейдегі кәсіби маман Зифа Мұратқызы Махмұт Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрк» атты энциклопедиялық сөздігінің зерттелу тарихын үнемі жаңалап, тың есімдермен толықтырып, түркітанудағы, қашқаританудағы зерттеу нысаналарының ғылыми кеңістігін кеңейтіп отырады. Мәселен, «Диван Лугат ат-Турк в исследованиях ХХ века» атты тарауда бұл саладағы тың есімдер мен еңбектер аталған.
Осы кезге дейін ғылыми айналымда жүрген неміс шығыстанушысы Г.Бергштрессердің Диуани лұғат ат-түрктің структурасын әл-Фарабидің «Диван ал-Адабымен» салыстырулар жасаған еңбегі, В.В.Бартольдтың 1921 жылғы «Турецко-арабский словарь ХІ века», академик С.Маловтың «Памятники древнетюркской письменности» (1951), С.Ахаллының (1958) қазіргі түркітану тарихында тұңғыш рет түрік тілдерімен «Диуани лұғат ат-түркті» байланыстыра зерттеуі, өзбек тілімен байланысын қарастырған С.Муталлибовтің (1960–1963) бұл тарихи ескерткіштің түрік тілдеріндегі фонетика, грамматика, лексикология сынды салаларымен салыстыра зертеген ғылыми теориялық еңбектеріндегі зерттеу фактілерінің молдығы терең сараланып, тақырыпты айқын меңгерудегі тәжірибелері кәсіби біліктілік тұрғысынан талданады.
Бүгінде есімі қашқаританудағы тәржімалық, зерттеушілік еңбектерімен көпшілікке таныс талантты түркітанушы Зифа Мұратқызы бұл сөздік туралы ғылыми да, әдеби де дискурсы таусылмақ емес, әрбір ойын түйіндеп, келешекте де көксеген көп жоспар міндеттері бар екенін де ескертіп, бұл бағыттағы жұмыстары әлі де жүйелі түрде жалғасын тауып, ізденістері ілгерілейтінін байқатады.
1990 жылы Түркия мемлекетінің Мәдениет министрлігі дайындаған М.Қашқаридың «Диван Лугат ат-Турк» қолжазбасының араб тіліндегі түпнұсқасының (факсимилие) басылымын орыс тіліне аударуда ең басты ұстанымы автордың стилін сақтау болғанын, бұл көне түрік тілінің әр кезеңдерде әртүрлі тілдерге аударылған нұсқаларын үлгі етіп, оларды интерпретациялай отырып, әр сөзді өз мағына-мәнімен, автор жеткізіп отырған көркемдік кеңістікте әдеби әрі мен нәрін сақтап тәржімалау тәжірибесін ұстанғанын Зифа Мұратқызы оқырманға өзінің ойлы да салмақты, кәсіби біліктілігі тұрғысынан түсіндіріп береді.
Жалпы алғанда, қарапайым және маман емес зерттеушілерге де тереңдеуге ырық бере қоймайтын күрделі де көлемді көне мұра Махмұт Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрк» атты энциклопедиялық сөздігі – біздің еліміз бен жерімізді, еуропалықтардан да ерте туған әдеби жәдігерлерімізді орыс тілі аудармасы арқылы әлемдік рухани кеңістікте танылуына зор үлес қосқан құнды дүние. Оны танытып, тәржімалап, насихаттап жүрген кешегі түркітанушы, манастанушы, әлемге әйгілі ғұлама Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің немересі, бүкіл саналы ғұмырын көшпелілер эстетикасын зерттеп, қазақты әлемге танытуға сарп еткен түркітанушы, мәдениеттанушы Мұрат Мұхтарұлы Әуезовтің бауыр еті баласы, аяулы қызы, бүгінде әлемдік ғылыми ортаға жақсы таныс талантты түркітанушы-ғалым Зифа Мұратқызы Әуезова екені біз үшін мақтаныш әрі мерей.
Тегінен, тамырынан, табиғатынан түркітанушылар атанған Әуезовтер әулетінің әуелгі ұстанымы – тамыр-тарихы бізде жатқан түрік мәдениетін, әдебиетін әлемдік рухани кеңістікте таныту екенін бүгінгі өркениетті заманда білектің күшімен емес, осындай білімнің нәтижесінде ғана насихаттап, дәлелдей алатынымызды Зифа Әуезованың зерттеулері бізге айқындап беріп отыр. Түрік әлеміндегі Әуезовтер әулетінің еңбектері – бүкіл түріктілдес халықтардың ортақ мұрасы, бүкіл адамзат мәдениетіне қосқан зор үлесі десек артық айтқандық емес. Олай болса, бүгінгі түркітану әлеміндегі Әуезовтер әулетінің тарихи орны ерекше екені табиғи заңдылық болса керек.
Семейде өткен «Түркіге ортақ- құнды мұра» атты халықаралық дөңгелек үстелден соң түркітанушы, арабтанушы ғалым Зифа Мұратқызы Әуезова бүкіл Әуезовтер әулетіне, әкесі Мұрат Мұхтарұлына арнайы Құран бағыштап, үлкен ас берді. Ұлылардың мекені атанған Семей жұрты, ұлт зиялылары шетелде жүрсе де, ата-бабаларының кіндік қаны тамған туған жерін ұмытпай, тағзым жасап, Бөрілі мен Жидебайдағы Мұхтар Әуезов пен Абай Құнанбайұлының музейіне де барып, Құран бағыштаған Зифа Әуезоваға батасын беріп, ризашылығын білдірді.
Гүлзия Пірәлі,
М.Әуезов атындағы Әдебиет
және өнер институтының
«Әуезов үйі» ғылыми-мәдени
орталығының бас ғылыми
қызметкері, филология
ғылымының докторы,
профессор
https://anatili.kazgazeta.kz/news/63516