ҚАЗАҚ АТҚА МІНГЕНДЕ
Өр тұлғасы тауға айналып,
Көк тіреген құзар шыңнан дулығасы аумай қалып,
«Күлдір-күлдір кісінеген күреңдей» боп,
…Күре тамыры білеудей боп,
Кесек сөйлеп,
Кек қысып,
Жауға айла ғып,
Кеуде керіп тік жүретін,
Кең даланы маңдайға алып!
ҚАЗАҚ АТҚА МІНГЕНДЕ –
Жауласқанын түгел жеңіп,
Дауласқанын түгел жеңіп,
Маңғазданып, мінезденіп…
Шалқып-шалқып сөйлейтін,
Шат-шадыман бір күйге ілезде еніп,
Толқып-толқып сөйлейтін
Топты жарып,
…Түрленіп,
Түрі өзгеріп,
Қорқып-қорқып қашатын сонда, сонда
Қарсы келмей бетіне бір өзге жұрт!
ҚАЗАҚ АТҚА МІНГЕНДЕ –
Біт сәттен, бір мезеттен,
Бар қайғыдан арылып тым мезі еткен.
Дүниені дүр сілкінтіп,
Қабыландай қарғыса күнге жеткен.
Қара жердің үстінде үстемдік қып,
Көк аспанды көмкеріп күмбез еткен.
Өкініп, өксік буып,
Өткізіп алса-дағы мұңды өзектен.
Кезі жоқ кесір тиіп, тіл-көз өткен!
ҚАЗАҚ АТҚА МІНГЕНДЕ –
Өзен тасып,
Көл толқып,
Дала асқақтап
Һәм бекзада болмысын бөлек сақтап,
Көз алдына елестеп көне жорық,
Сары садаққа жебе жонып,
Айбалтаға ағаш саптап,
Қайта келіп кешегі кемел шағы,
Қайта қонар басына адасқақ бақ!
ҚАЗАҚ АТҚА МІНГЕНДЕ –
Тамыры толқып соғып,
Тәні қызып,
Тəуекел,
Тəңірден,- деп, — дəм-ырызық!
Жортқанмен,
Жаяу-жалпы жүргендерді
Жасқамайтын
Нағыз Ер,
Нағыз Ұлық!
Ұшқан құс,
Жүгірген аң саятшылылық
Шіркін-ай, ат үстінде бәрі қызық.
…Қаһарына бір мінсе қайсар қазақ
Қарақшының қаны бұзық,
Жаһаннамға жіберген жанын үзіп.
ҚАЗАҚ АТҚА МІНГЕНДЕ –
Көзімде көл тұншығып,
Кеудемде шер тұншығып,
Жануардың жалына жармасып ап,
Жаудан кегі қайтпаған ерше ұмтылып,
Жорта бергім келеді,
Ен далада
…Еңсе тіктеп, еркінсініп.
Соның бәрі дариға-ай, арман еді-ау,
Соққы болып тигенде сор тіршілік.
Тау теңселіп, жел күрсініп,
Алты қабат аспан аунап,
Жеті қабат жер сілкініп,
Кетсе-дағы
Ант етемін аттан түспен,
…Семсер сынар,
Кетпесін сертім сынып!
// Қалқамин Сарин — Қазақ атқа мінгенде
Қазақ әдебиеті