КЕНТАУДАҒЫ ЖЫЛУ ЭНЕРГО ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖҰМЫСЫ ҚАДАҒАЛАНДЫ

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Кентаудағы №5 Жылу энерго орталығына барып, жылу беру барысымен және қазандықтарды жөндеу жұмыстарымен танысты. Мердігер мен осы салаға жауапты басшылардың, қала әкімінің осы бағыттағы есебін, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Тиісті тапсырмалар берді.
– Кентаудағы жылыту маусымы еш кедергісіз әрі кемшіліксіз өтуі тиіс. Қазандықтардың жұмысын күндіз-түні қадағалап, тиісті жұмысты жүргізіңіздер. Ал құрылысы жүріп жатқан қазандықтар уақтылы әрі сапалы аяқталуы қажет. Бұл мәселе қатаң бақылауда тұр. Тұрғындардың қыстан қымтырылмай шығуына барлық жағдай жасалуы керек, – деді Дархан Сатыбалды.
Бүгінде Кентау қаласының №5 Жылу энерго орталығындағы жөндеу жұмыстары күнделікті қадағалануда. Қазіргі таңда 2 қазандықтың жөндеу жұмыстары аяқталып, іске қосылды. Сондай-ақ №8, 9, 10 және 11 қазандықтардың құрылыс жұмыстары аяқталып, іске қосылған. Қазір кешенді сынақ жұмыстары жүргізілуде. Ал, желтоқсан айының соңына дейін №7, 12 қазандықтарда жүргізіліп жатқан жұмыстарды аяқтап, іске қосу жоспарланып отыр.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі