100 жыл бұрын көтерілген дабыл
Жақында қолыма «Оян, қазақ!», «Тұр, қазақ!», «Жатпа, қазақ!» деген үш ақынның шығармашылығынан құралған кітап тиді. Өткен ғасырдың әдебиетінен сыр шерткен бұл еңбектер туралы кітапты құрастырған филология ғылымының кандидаты, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті Төрәлі Қыдыр мырзамен сұхбаттасқан едік.
— Әрбір қазақ баласының құлағына Міржақып Дулатовтың «Оян, қазағы!» сіңісті десек, қателеспейміз. Ал енді, «Тұр, қазақ!», «Жатпа, қазақ!» деп ұрандатқан ақындардың өздерін де, осы сөздерін енді естіп отырмыз. Қолымыздағы сиясы кеппеген осы кітапқа арқау болған екі ақынды оқырманға өзіңіз таныстырсаңыз…
— Міржақыптың «Оян, қазағы!» алғаш рет 1909 жылы Орынборда шыққан. Таралымы қанша екендігі туралы мәлімет жоқ, тек ол кезде кем дегенде 1000 данамен шығатыны мәлім. Сол 1000 дана қазақ арасында тез тараған, сосын 1911 жылы екінші рет басылған. Міне, сол «Оян, қазақ!» көптеген қазаққа ой салған. Арада 3 жыл өткен соң, 1914 жылы Байбатыр Ержанұлы деген ақын «Тұр, қазақ!» атты кітабын шығарған. Б.Ержанұлының Міржақыппен араласқұралас таныс болып-болмағандығы туралы деректер жоқ. Бірақ шығарманың ішінде өзі де атап өткендей «Оян, қазақты!» оқыған. Әрі «Тұр, қазақтың!» алғашқы өлеңі «Ояну» деп басталады.
«Тұр, қазақ!» атты кітаптың 1914 жылы Қазан қаласында басылғанын айттық. Қазанда ол кезде екі баспахана жұмыс істеген. Соның біреуі Домбровский атындағы университет баспаханасы еді. Бұл кітап сол баспаханада басылған. Сонымен, «Оян, қазақ!» шықты, оның соңын «Тұр, қазақ!» жалғаған. Ал осы екеуінің ізін ала 1917 жылы Ташкентте «Жатпа, қазақ!» жарық көрген. Бұл кітаптың авторы — Әбілқасым Арғыни. Бір өкініштісі, бұл кісі туралы мәліметтеріміз өте аз. Бүгінгі қазақ әдебиеті саласында өзінше бір тосын ақын ретінде де зерттеліп жатыр. Ол кісі де «Оян, қазақты!» оқыған. Автор кітаптың соңғы жағында «Міржақып Дулатов ағаларым, Сізді һәм бірнешеге санар едім. Қанатыңды жайдың да әрі-бері, «Ояннан» бергі жерде паналадың» деп, Міржақыптың «Оян, қазақ!» шығармасымен таныс болғандығын жазады. Бір сөзбен айтқанда, «Оян, қазақ!», «Тұр, қазақ!», «Жатпа, қазақ!» деген үш кітаптың үшеуінің де идеясы, мақсаты халықты ояту болған. Үш кітап та өлең түрінде басылған. Қазақ арасына өлеңмен өрілген дүние кеңірек әрі тезірек тараған ғой. Жұрт жаттап алып, бір-біріне айтып отыратын болған. Негізінде, тек біздің әдебиетімізде емес, түркі халқы, жалпы шығыс мұсылман әлемінде XX ғасырдың басы «Ояну дәуірі» деп аталады. Соңғы үш ғасыр бойы ұйықтап қалған мұсылман әлемінің XX ғасырдың басында жан-жағына қарап, етек-жеңін жия бастағаны осы жинақтарда көрініс берген. Парсы, араб әдебиеттерінде де, кіші Азияда тұрған біздің түрік бауырларымызда да, татар бауырларымызда да, өзбектерде де осы сарындас еңбектер жазылған. Сол кезеңдерде «Халықты қалай да ояту керек? Біз батыстан не үшін қалып бара жатырмыз? Олардан біздің кемшілігіміз неде?» деген мәселелер барынша қарастырылған. Үш кітап та солардың сарынымен,
қазаққа ой салу мақсатымен дүниеге келген болып тұр.
— Көпшілік атынан айтпайын, жеке өзім үшін Байбатыр Ержанұлы да, Әбілқасым Арғыни да әдеби жаңа есімдер. Әйгілі «Оян, қазақтың!» идеясын жалғаған бұл авторларды қоғамға таныстыру, үшеуін үндестіріп кітап жасау идеясы қалай туды? Жалпы біріктіріп кітап етіп ұсынудағы о бастағы мақсатыңыз не болды?
— Жаңа айтып өткендей, барлығымыз да «Оян, қазақпен!» жақсы таныспыз. Кез келген кітаптың жарыққа шығуына бір нәрсе себепкер болады. Осыдан 15 жыл бұрын Қазан қаласындағы Н.И Лобачевский атындағы өте бай кітапханада іссапармен болдық. Бәрімізге белгілі, Қазан революциясына дейін негізгі кітаптардың басым көпшілігі Қазан қаласында шыққан. Сол кітапханаға барғанымызда «Бізде араб әрпімен басылған көптеген кітаптар Қазанда жарыққа шыққан. Енді осылар туралы мәліметтер бар ма?» — деп, картотекасын қарағымыз келді. Сол ойымызды білдірсек, кітапхана басшылығы: «Бізде қазақ кітаптары туралы ешқандай мәлімет те, картотека да жоқ», — деді. Сосын біз кітапхананың директорына жолықтық. Оның да хабары жоқ болып шықты. Ақыры «қазақ кітаптарының картотекасы қайда жатқандығы туралы бір білсе, сол біледі» деп, сол кітапханада көптеген жыл жұмыс істеген ақсақалды сілтеді. Әлгі ақсақал қазақ кітаптарына сұраныс болмағандықтан, барлығын жертөлеге (подвалға) жібергендігін айтты. Сонымен, біз қазақ кітаптарының картотекалары тізілген жертөлеге түсіп, картотекаларды жүйелеп қарай бастадық. Бір кезде «Оян, қазақты!» таптық, артынша «Тұр, қазақ!» шыға келді. Бұл бізге күтпеген жаңалық, тосын сый ретінде көрінді. «Оян, қазақты!» білеміз, «Тұр, қазақ!» деген де кітап шыққан екен ғой деп таңданыстық. Бәрі араб әріптерімен басылған. Қызыға түсіп, ары қарай үңіле келе, «Жатпа, қазаққа!» тап болдық. Бұл бізге бір ой салды. Сол кездегі біздің іссапарымыз басқа тақырыпқа байланысты болды, мақсатымыз да басқа еді. Кейін араға 6-7 жыл салып, 2010 жылы сол кітапханаға белгілі жазушы Құлбек Ергөбек екеуміздің қайтадан жолымыз түсті. Осы жолғы сапарда сол кітаптармен танысуға қол жеткіздік. Елге келгеннен кейін Алматыдағы Орталық ғылыми кітапхананың Сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында да осы үш кітаптың барлығына көз жеткіздік. Мұндағы нұсқалармен танысуға осы қордың жетекшісі Абикова Гүлшат көп көмектескенін ерекше атап өткім келеді. Содан үшеуін бір кітап етіп шығару көптен ойымызда жүрді. Түрлі жиындарда насихаттап, XX ғасырда тек «Оян, қазақ!» қана шыққан жоқ, «Тұр, қазақ!», «Жатпа, қазақ!» та шыққан, үшеуі қазақтың ұранындай болған деп айтып жүрдік.
Нәтижесінде, «Асыл мұра» өнер орталығының директоры, кәсіпкер Абзал Тұрсынбайұлының демеушілігінің арқасында осы кітапты оқырманға ұсынып отырмыз. Қысқасы, кітап оқырмандардың қолына тиіп жатыр. Оқырмандар бұл авторлар туралы да, қолыңыздағы кітап туралы да енді-енді хабардар болып жатыр. Әлеуметтік желілерде де сол кезде халықты рухани оятуға осындай талпыныстар болғандығы насихатталып, айтылып жатыр. «Оян, қазақ!» 1909, 1911 жылдары Орынборда екі мәрте кітап болып басылған. 1914 жылы Б.Ержанұлының «Тұр, қазағы!» Қазан қаласында шыққан. «Жатпа, қазақ!» кітап қалпында Ташкентте жарық көрген. Үшеуі үш шаһарда, қадым үлгісінде басылған. Кітаптың үшеуі де қолжазба емес, тасбаспа кітап. Литографиялық кітаптарды тасбаспа деп атаған. Кітаптың артқы бөлігінде үшеуінің де түпнұсқасынан аздаған үлгілер бердік. Бұның себебі — сол екі кітаптың сол жылдары халық арасында кітап қалпында тарағандығын көрсету. Ал екеуінің де ішкі мазмұны тұтастай халықты оятуға арналған. Бұл кітаптардың соңғысы «Жатпа, қазақтың!» жарыққа шыққанына биыл 100 жыл толып отыр. Бірақ біздің мақсат — сол кезеңде айналдырған жеті жылдың ішінде үш кітаптың шығуы, үшеуі де қазақ халқын оятуға арналғандығын паш ету.
— Б.Ержанұлы мен Ә.Арғыни туралы, олардың шығармашылықтары, өмір сүрген жылдары мен туған жерлері туралы қандай мәліметтерге қанықсыздар?
— Екеуі де Міржақып сияқты ірі саяси тұлға болған деп айта алмаймыз. Б.Ержанұлы Орталық Қазақстанда өмір сүрген. Ұрпақтары да бар көрінеді. Оның «Тұр, қазақтан!» басқа да еңбектері бар екен, мұны бізге осы кісінің шығармашылығын біраз зерттеген ғалым Ажар Зекенова айтты. Ал Әбілқасым Арғыни туралы ешқандай мәлімет жоқ. Тек арғыннан шыққан мықты ақын екенін біліп отырмыз. Ә.Арғынидың шығармасын оқысаңыз, діни сарындар көбірек көрініс тапқан. Себебі діннен жақсы хабардар болған. Ал оның Қазақстанның қай өңірінде өмір сүргендігі, басқа қандай еңбектері бар екендігі туралы ешқандай мәлімет жоқ. Бүгінгі әдебиеттанушылар осы туралы енді зерттей бастаулары керек. Мүмкін, оның ұрпақтары бар шығар. Оның басқа да шығармалары қолжазба күйінде көне сандықтарда сарғайып жатқан болуы мүмкін.
— «Тұр, қазақ!» пен «Жатпа, қазақ!» қазір өзімізге таныс әліпбимен қолымызға тиіп отыр. Бұл кітаптардың аудармасын қалай жасадыңыздар?
— Қос кітаптың тілі араб әліппесі негізінде басылған. Араб әліппесінің өзі екіге бөлінеді. Біріншісі «қадым әрпі» деп аталады, кейде «қадымшылдық» деп атайды. Ескішілдік деген ғой. Екіншісі — А.Байтұрсынов негізін қалаған төте жазуы. Өзіңіз білесіз, төте жазу Қытай қазақтарында кеңінен таралған. Енді қадымша мен төте жазудың айырмашылығы не деген заңды сұрақ туындайды. Қадымшада 32-ақ әріп болған. Бүкіл түркі даласының бәрі, тіпті парсылар да осы 32 әріпті кеңінен қолданған. Арабтың 28 әрпіне парсының төрт әрпін қосты да, соның негізінде 32 әріп болды. Солай қадымша жазылып келді. 1000 жыл бойы қолданылған, орта ғасырда Қ.А.Ясауи, С.Бақырғани, Б.Рабғұзи, М.Кердерийлер жазған әліппе осы. Кейін оны XX ғасырдың басында күн тәртібінде ұлт болып қалыптасу мәселесі тұрғанда Ахмет Байтұрсынов сол әріптерді реформалады да, қазақта қанша дыбыс бар, соның барлығына жеке-жеке әріп қойды. Оны біз төте жазу деп атаймыз. Бұларды айтып отырған себебім, мына үш кітап та қадымша, яғни араб, парсы сөздері қалай жазылады, бізде де тура солай жазылған. Бірақ қадымша жазылғанмен, үшеуінің де мағынасы қазақша. Сондықтан да біз бұны аудармадық, тек бүгінгі әріпке, кирилл әліппесіне бейімдеп, сөздердің ұйқасы қалай тұрса, солай бердік. Себебі бұл кітап көркем аударма емес, ғылыми басылым. Ғылыми басылымның бір әрпін болса да өзгертіп, көркемдеуге ешкімнің құқы жоқ.
Біз ғалым болғаннан кейін не көреміз, соны береміз. Үш кітапты басқан Орынбор, Қазан, Ташкент баспаларының полиграфиясы үш түрлі. Бізге қиынға түскені Ташкент басылымы болды. Яғни Ә.Арғынидың «Жатпа, қазағы!» Ташкентте жарық көрген. Бұл баспахананың каллиграфиясы ерекше болған. Қазан, Орынбор баспаханаларына қарағанда қиындау оқылады. Сосын, бұл еңбектерге біз ғалымның көзілдірігімен қараймыз, енді ақындық көзбен қарасын деп, кітапты шығармас бұрын С.Қамшыгер, С.Хасан, Д.Байтұрсынұлы сияқты үш ақынымызға бердік. Олар қарап шығып, өздерінің пікірлерін айтты. Олардың да пікірлеріне құлақ астық. Кітап өткен ғасырда басылғандықтан, бүгінгі қоғамға сәл түсініксіздеу, қазіргі уақыт үшін әдеби стилі «томпақтау» келіп жататын жерлері болуы мүмкін. Бірақ біз соның барлығын сол кезеңнің әдеби тынысын толық ашып көрсету мақсатымен түпнұсқаша қалдырдық.
— Оқырман ретінде мына нәрсе менің назарымды аударып отыр. Мәселен, Әбілқасым Арғынидың өлеңдерінің тақырыптары «Насихат балаларға», «Насихат аталарға» немесе «Насихат ағаларға» деп басталады. Яғни, неге біз білетіндей «Балаларға насихат» немесе «Аталарға насихат» емес, керісінше? Бұл да тілдік ерекшеліктері ме?
— Мен осы сұрағыңызға маман ретінде тереңірек тоқтала кетейін. Бұл үш кітап та Шағатай әдебиетінің үлгісімен жазылған. Бізде орта ғасырда кеңінен қолданған мың жылдық Шағатай әдебиеті бар. Сонау Ж.Баласағұн, М.Қашғаридан бастап, кешегі Шәді Төренің, тіпті Абайдың да алғашқы өлеңінде кездеседі. Шағатай әдебиеті дегеніміз араб, парсы, түркі сөздерінен құралған. Мысалы, орта ғасырлық әдебиетті біз ислами әдебиет деп атаймыз ғой. Ислами әдебиет араб, парсы, түркі кеңістігінде таралды. Парсы кеңістігінде араб сөздері көп болса, түркі кеңістігінде араб һәм парсы сөздерінің ықпалы қатты болды. Қазақтың қазіргі өлеңі буын ұйқасына құралған ғой, мысалы, бізде қанша дауысты бар, сонша ұйқас, жеті буынды ұйқас, он бір буынды ұйқас болып шығарылған. Ал енді орта ғасырда бұл ұйқас та жойылды орнына аруз ұйқасы келді де, әлгі буын ұйқасын ығыстырып шығарды. Айта кететін жәйт, кейін ғылымда «Шағатай тілі — ескі өзбек тілі» деген де түсінік, жаңсақ пікір болған. Олай болса бүкіл орта ғасырлық жауһарларымызды Қ.А.Ясауи, С.Бақырғани — бәрін-бәрін өзбекке береміз ғой. Тіпті Абайдың алғашқы өлеңдерін де береміз. Бұл орыстардың арнайы бір европоцентризмдік көзқараспен жасалған консепциясы болған.
— Бұл кітап қазақ даласында неге таралмаған?
— Қазақ даласына жеткен болуы әбден мүмкін. Бірақ бізде 2-3 рет сүзгі өтті ғой. Арабша жазылған еңбектердің барлығы бізде Құран есебінде, діни кітап есебінде болды да, оларды өртеді. Сол өртеуден аман қалғандары әлі күнге дейін бір әжелердің, үлкен ақсақалдарымыздың сандығында өздері білместен Құран деп есептеліп жатқан болуы да мүмкін. Себебі басымыздан ондай жағдайлар көп өтті. Біреулер бізді «үйде ескі Құран бар» деп үйлеріне апарған, ашып қарасақ, Қазан, Орынбордан шыққан қисса, дастан болып шығады. Сол кездері әліппе ауысқандықтан, халық сауатсыз болып қалды да, осындай дүниелерге сауаттары жетпей қалды. Айтайын дегенім, бұл өлеңдер халықтың арасына жеткен болуы мүмкін. Бірақ коммунистік, атеистік қоғам 2-3 рет сүзгіден өткізгеннен кейін көбісі өртеніп, жоғалып кеткен де болуы әбден ықтимал.
Біз кітапты қоғамға жібердік. Халық қандай баға береді, қандай пікірлер айтылады, енді ол халықтың өз еншісіндегі дүние. Біздің міндет тек жариялап шығару болды. Енді бұдан бөлек біздің басқа да жоспарларымыз бар. Осы сарында жазылған еңбектерді ары қарай зерттеп, қарастырып, циклдық дүние ретінде шығара беру мәселесі тұр. Біздің басқа ақындарымыздың да ояту сарындағы өлеңдері болды ғой. Кітаптың мазмұны басқаша болған. Келешекте соның бәрін жинақтап, жеке бір кітап етіп, халықтың санасына ой салатындай етіп шығару. Бұл кітапты шығарудағы мақсатымыз бір ғасыр бұрын айтылған ұрандар бүгінде қаншалықты іске асты? Қазақ қоғамы бүгінде қай деңгейде оянды? Бір ғасыр бұрын тұтынушы мемлекет едік, әлі де тұтынушымыз ба, әлде жұртқа өз үнімізді шығаратын деңгейдеміз бе? Қаншалықты деңгейде дами алдық деген мәселелер арқылы қоғамға ой тастағымыз келді.
— Сүбелі сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан — Нұргүл Жамбылқызы