ҚҰҚЫҒЫҢДЫ БІЛУ МІНДЕТ

2024 жылы «Жаңа Ру» жастар коалициясы заңды тұлғалар бірлестігінің ұйымдастырумен «Құқығыңды білу міндет» әлеуметтік жобасы аясында «Көшпелі заң көмегі керуені» заңгерлері ауданға қарасты Бірлік, Биназар ауылы тұрғындарымен кездесті. Жоба «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ қолдауымен жүзеге асырылуда.
Биназар ауылының тұрғындарына «Е-Otinish» сервисі, «Еgov» порталы арқылы тиісті мекемелерге өтініш немесе шағым беружолдарытүсіндіріліп, жұмыспен қамту, азаматтардың жеке басындағы заң аясында шешу мүмкіндігі бар қиыншылықтарға байланысты сұрақтарға жауаптар берілді. Заңгерлер алдағы уақытта қосымша сұрақтар туындаған жағдайда көмек қолын созуға дайын екендерін айтып, байланыс ақпараттарын тұрғындармен бөлісті.
Сондай-ақ, жұмыс тобы Бірлік ауылы тұрғындарын мемлекеттік бағдарлама аясында берілетін қайтарымсыз грантты алудың заңдық негіздері, жеңілдетілген несие алудың талаптары, банкроттыққа құжат тапсыруға негіз болатын себептер түсіндірілді.
Заңгерлер жер, тұрғын үй, отбасылық мәселелер, мұрагерлік, еңбек дауы, азаматтық құқық, сот шешімдерін орындау, денсаулық, білім салаларына қатысты мәселелер және тағы басқа салаларға қатысты көптеген сұрақтарға жауап берді.
«Аталған құқықтық кеңес берулерді өткізу дәстүрге айналып келеді және облыс тұрғындары үшін пайдасы көп деуге болады. Себебі халықтың құқықтық сауаттылығы артып, мемлекеттік билік органдарына арыз-шағым беру тәртібі, проблемалық мәселелерді шешу жолдары бойынша кеңес беріледі. Сондықтан да, тұрғындарға құқықтық көмек көрсету үшін осындай іс-шаралар қажет»,–деді жоба заңгері Арнат Бегдалыұлы.
Кездесулерден кейін заңгерлер қажеттілігіне қарай азаматтарды жеке мәселелер бойынша қабылдау жүргізді. Ал қосымша зерттеуді қажет ететін жайттарға байланысты байланыс ақпараттары беріліп, шағымдарға жекелей көмектесіндіктерін айтты.
Сағат ДЖАНАЛИЕВ,

Мойынқұм  ауданы,

жоба жетекшісі.