ҚАРЖЫГЕРЛЕР ҚҰРМЕТКЕ БӨЛЕНДІ

Осыдан 31 жыл бұрын, 1993 жылы қарашаның 15-і күні ұлттық валюта — Теңге қаржы нарығына айналымға енді. Бұл күн төл теңгеміздің туған күні әрі қаржыгерлер күні болып белгіленді.
Осы күні мемлекетіміздің мәртебесі тағы бір дәлелденіп, абыройымыз асқақтап, еліміз төл теңгені қолына ұстады.
Бүгінгі таңда Теңге өзінің мәртебесін сақтап, Қазақстанның қуаттылығын нығайтуда өзінің үлесін қосып келеді.
Бүгін осы айтулы мерекеге орай аудан әкімі Сәкен Мамытов аудандағы қаржы саласының қызметкерлерін қабылдап, төл мерекелерімен құттықтады.
Өз сөзінде «Қаржы саласы қызметкерлерінің кәсіби біліктілігінің арқасында маңызды жобалар жүзеге асырылып, сала мамандары ауданның дамуына өзіндік үлестерін қосуда. Сала қызметкерлерімен қатар ардагерлердің де еңбегін атап өткен жөн. Қаржы ардагерлерінің қажырлы еңбегінің нәтижесінде аудан экономикасы дамып, тұрақты өсім қалыптасты, даму көрсеткіштері артты. Осындай нәтижелі жұмысты жалғастырып келе жатқан бүгінгі қаржыгерлерге де ризашылығымды білдіремін», — деген аудан басшысы кәсіби мереке иелеріне зор денсаулық, отбастарына амандық, қаржыгерлік қызметте үлкен жетістіктер тіледі.
Ауданның қаржы саласының дамуына үлес қосып, жемісті еңбек еткен және еңбек етіп келе жатқан қаржыгерлер «Сарысу ауданына сіңірген еңбегі үшін» медалімен, аудан әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаттармен марапатталды.
Өз кезегінде сөз сөйлеген сала ардагерлері мерекелік жылы лебіздерін білдіріп, арнайы қабылдап құрмет көрсетіп отырған аудан басшысына ризашылықтарын білдірді.