ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» БАҒДАРЛАМАСЫН ҰЙЫМДАСТЫРУ БОЙЫНША АУДАН, ҚАЛА ӘКІМДЕРІНІҢ РЕЙТИНГІ ӘЗІРЛЕНДІ
Түркістан облысы, Мақтаарал ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасының аясында «Таза көше, таза аула, ағаш егу» акциясы өтті. Шараға аудан әкімінен бастап, ақсақалдар кеңесі, белсенді жастар, қоғамдық ұйым өкілдері, аудан тұрғындары қатысып, тазалық жұмыстарын жүргізді.
Жалпы тазалық жұмыстарына 17 техника тартылып, 2000 дана қара ағаш түптері егілді. 3000-ға жуық адам қатысқан шараға ардагерлер кеңесінің төрағасы Оңғаров Сейітбек тек келіп, өз үлесін қосты.
«Осы ауылдың ақсақалы ретінде біз де бүгін келіп, жастарға үлгі болайық деп шештік. Экологияны қорғау, жас ұрпақты туған жеріне тазалыққа баулу — біздің міндетіміз. Бүгін еккен жас тал ертеңгі күні саялы баққа айналып, ауылымызға көрік береді. Президентіміздің «Таза Қазақстан» бағдарламасы — туған жерімізді аялауға, тұрғындарға экологиялық мәдениетті үйретуге бағытталған кешенді бағдарлама деп ойлаймын”, деген ақсақал бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табу керектігін айтты.
Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес «Таза Қазақстан» бағдарламасын ұйымдастыру бойынша аудан, қала әкімдерінің рейтингі әзірленді. Әкімдердің жұмысын бағалау барысында ауданда ұйымдастырылған сенбіліктің тұрғындардың қатысуы, сенбілікке тартылған техника саны, Полиция департаменті тарапынан құқық бұзушылықтарды анықтау, «Birge – taza Qazaqstan!» ақпараттық жүйесіне түскен өтінімдер бойынша кері байланыс орнату, тұрғын үйлердің және кәсіпкерлік нысандарының іргелес аумақтарының тазалығына мониторинг жүргізу сияқты критерийлер басшылыққа алынды.
Атап өтейік, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында қазіргі таңда облыста жалпы 712 ауқымды сенбілік өткізілді. Аудан мен қалаларға кіреберіс аумақтарын реттеу, тазалау жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар биыл қоғамдық орындарда заң талаптарын бұзған тұлғаларға 26 мыңға жуық хаттама толтырылып 305,7 млн теңгеге айыппұл салынды.