Қазақ дәстүрінде қонақ күтудің орны қандай?

Қазақ қоғамында қонақ – рухани бірлік пен сыйластықтың белгісі, ал қонақ күту – адамгершіліктің көрінісі болып табылады. Осындай  дәстүрдің арқасында қазақ халқының бірлігі мен  ынтымағы сақталып отырған. Этнограф жазушы Болат Бопайдың айтуынша қонақтың түр-түрі болады екен.

Құдайы қонақ

Қазақ әуелден құдайы қонақты  құдай жіберген қонақ деп түсінген. Құдайы қонақ дегеніміз – арнайы шақырылмаған, бірақ күтпеген жерден келген мейман. Қазақтар құдайы қонақты ешқашан ренжітпейді,  себебі қонақ үйге береке мен ырыс әкеледі деп сенген.  Сапарда жүрген жолаушы, барар үйін танымаса да  жолшыбай кезіккен үйге түсіп, ас ішуге немесе қонып, демалып кетуге құқығы бар. Құдайы қонақ – қазақ халқының қонақжайлылығының ерекше көрінісі деп есептеледі.

                                                                                                          Арнайы қонақ

  Қазақ халқының қонақжайлылық дәстүріндегі ерекше жандар – арнайы қонақтар. Үйінде той жасаса да, соғым сойса да, қандай да бір маңызды іс-шараны бастаса да немесе алыс сапар алдында болсын, арнайы қонақ шақыруды ата-бабаларымыз дәстүрге айналдырған. Осындай қонақтарға арнап ақсарбас қойын немесе көк қасқа тайын сойып, қазақтар өзінің сый-құрметін көрсетіп, малдың басын тартып, құрметті дастарқанын жайып, бата жасатады.

                                                                                                               Қыдырма қонақ

   Қыдырма қонақ – қазақ халқындағы ерекше дәстүрдің бірі. Әдетте айт, мереке, демалыс күндері ауыл азаматтары топ болып, әр ауылға, әр үйді аралап қыдырады. Бұл жай қыдырып, демалу үшін емес, үлкендерге амандасып, арнайы сәлем беру, хал-жағдайын білу, көңіл сұрау үшін ұйымдастырылатын сапар. Ағайын  арасындағы береке-бірлікті нығайтып, туыс-туғанның арасын жақындатуда бұл дәстүрдің мәні зор болған.                                        

                                                                                                     Жаңа заман қонақтары

  1. Келіншек қонақ — жаңа түскен келін немесе жас әйел, отбасы мүшелері мен ересек адамдар арасында сый-құрметке ие.
  2. Күйеу қонақ — жас жігіт, жігіттер мен ересек ерлердің арасында, отбасында, ағайындар арасында ерекше мәртебеге ие.
  3. Беташар қонақ — жаңа келген қонақ, той немесе мереке кезінде арнайы шақырылған адам.
  4. Сырлас қонақ — ағайын-туыс, дос, жақын адам, оларды үйге жиі шақырады және ерекше жылылықпен қарсы алады.
  5. Шет елден келген қонақ — басқа елдерден келген адамдар, оларды арнайы күтіммен қарсы алады және қазақ мәдениетін таныстырады.
  6. Алыс жолдан келген қонақ — ұзақ сапардан келген жандар. Оларға ерекше қамқорлық жасалады, тамақ және демалыс қамтамасыз етіледі.
  7. Сыйлы қонақ — қоғамда белгілі танымал адамдар, оларға ерекше құрмет көрсетіледі.
  8. Құрметті қонақ — мерекелік немесе маңызды іс-шараларда арнайы шақырылған, қадірлі адамдар.

Бүгінгі таңда халқымыз қонақ шақырып, күтудің  дәстүрін мықты ұстанып, оны жаңғыртып келеді.  Кеңпейіл, жомарт  қазағымыз  әрбір қонағын ерекше сыйлап, қонақжайлылықтың жоғары мәдениетін сақтап, ата дәстүрін мінсіз атқарып келеді. Сондай-ақ қазіргі жастарға үлгі-өнеге көрсетіп, оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуде.

Шаргүл Қасымханқызы