Мемлекеттік рәміздерді қастерлеу-әр азаматтың міндеті

Біз рәміздер туралы сөз еткенде «ұлттық» деген сөз еріксіз ойға оралады. Қай рәмізді алсақ та, ұлттық нақыштан тұрады. Мәселен көк тудың түсі, аспанда қалықтаған қыран бейнесі, жарқыраған алтын күн мен одан сәуледей таралған шуақ,  ою-өрнек, бәрі бір-бірімен астасқанда ұлттық көрінісімізді көрсетіп тұрғандай болады. Елдіктің нышаны саналатын Елтаңбамыздың  ассоциациясы да айрықша. Сондай-ақ шаңырақ, қанатты пырақ, жұлдыз бір-бірімен үйлесіп тұр.   Қазақ халқының ұғымында шаңырақ  қасиетті де қадірлі символ болып саналады. Көп ұлтты Қазақстанымызда бір шаңырақтың астында бірнеше ұлттың топтасып тату-тәтті ғұмыр кешуінің өзі де біздің халықтың дархандығын, кеңпейілділігін көрсетеді. Сондай-ақ елтаңбада бейнеленген қанатты қос пырақ – қазақ ұғымындағы ежелден туған қиял-ғажайып кейіпкер.

Халқымыздың біртұтастығының, бірлігінің және бейбіт  көк аспанның белгісі ретінде туымыз зеңгір көк түсті болып берілген. Көк байрақта орналасқан күн — тыныс -тіршіліктің, шаттықтың және қайғы-мұңсыз өмірдің  белгісі деп түсінуге болады. Күннің  астында ұшып жүрген қыранды  далалықтар күш-жігер мен еркіндіктің, бостандықтың нышаны  ретінде көрсеткен.

Ал Әнұранымыз болса  халықтың  жүрегінің лүпілінен туған тәрізді. Мазмұнына үңіліп, әуенін тыңдасаңыз, халықтың арман-мақсатын, мұратын көрсетіп, рухын көтеріп тұрғандай. Қасиетті әнұранды білу әрбір адамның басты міндеті деп білеміз.

4 маусым  Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні болып  жарияланған еді. Ол қазір мемлекеттік маңызды  мерекелі күндердің құрамына енеді. Осы мереке-мемлекеттік рәміздерге деген шынайы құрметтің белгісі болып табылады. Сондай-ақ тарихи санамызда тәуелсіздік идеясын біржола сіңіру, рәміздерімізді құрметтеу мен жастарды отаншылдық рухқа  баулу мақсатында  жасалған болатын.

Президенттің шетелдік сапарларының кортеждерінде келген мемлекетін айшықтайтын кішкене Ту ілініп тұрады. Сонымен қатар олимпиадалық ойындарда жеңіске жетіп ойнаған спортшыларымыз тұғырға көтеріліп,  алқа тағынғанда көк Туымыз желбіреп, Әнұран орындалады. Осы елдің азаматтары  Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Гимнін тұмардай қасиет тұтуы тиіс. Өйткені туған елінің рәміздеріне құрметпен қарау — елдіктің, отансүйгіштіктің, тұтастай алғанда, патриотизмнің негізгі белгісі.

«…Қазір әлеуметтік желіде мемлекеттік Туды қадірлеу туралы көптеген ой-пікірлер айтылуда. Өкінішке қарай, қасиетті көк Туымызға байланысты орын алған жағымсыз жағдайлар азаймай тұр. Сондықтан байрағымызды пайдалану тәртібін қайта қарау керек деп ойлаймын. Қажет болса, тиісті заңдарға өзгертулер енгізуге болады. Өйткені көк Туымыз – қастерлі Тәуелсіздігіміздің символы», – деді Президент Қ.Тоқаев.

Мемлекеттік рәміздер тәуелсіздік нышаны ретінде айрықша бағаланып, оларға биік мәртебе беріледі. Осыған орай мемлекет азаматтарға  мемлекеттік рәміздерді қастерлеуді парыз етеді. Мемлекеттік рәміздерді қадірлеу- азаматтардың мемлекет тәуелсіздігін құрметтеуді күшейтіп, жастардың  отансүйгіштік сезімін нығайтады.

Шаргүл Қасымханқызы