“Бос үміт сыйлау – сенімге жасалған қиянат”
Басшының қызметкеріне орындалмайтын бос уәде беруі – қоғамда жиі кездесетін құбылыс. Мысалы, кейбір басшылар жақсы жалақы, мансап өсімін уәде етеді, алайда шын мәнінде олар қызметкердің көңілін жай ғана тыныштандыру үшін немесе уақытша алдау үшін жасайды. Бұл әрекет сенімсіздікке, көңіл қалуға әкеледі және адамды бос үмітке итермелейді. Ислам мұндайды құптамайды, себебі әрбір басшы мен көшбасшы шынайы жауапкершілік пен әділдікті сақтауы керек.
Қазіргі уақытта жұмыс орындарында немесе саясатта бос үміт сыйлау кең таралған. Мысалы, бір компанияның басшысы қызметкерлеріне “Биыл жаңа жобаға инвестиция құйылады, жалақыларың көтеріледі” деп уәде береді. Қызметкерлер осыған сеніп, тынбай жұмыс істейді, алайда жалақының өсуі орындалмайды. Бұл уәде тек уақытша ынталандыру үшін айтылған бос сөз болып қалады.
Исламда әрбір басшының ең басты міндеттерінің бірі – әділ болу және уәдесінде тұру. Құранда Алла Тағала басшыларға адал болуды бұйырады:
“Уәделеріңде тұрыңдар. Шын мәнінде, уәделеріңнен сұраласыңдар”
(Исра сүресі, 34-аят).
Бұл аятта уәде беру және оны орындау – үлкен жауапкершілік екенін айтады. Егер басшы өзінің берген уәдесін орындамаса, ол адамдардың сеніміне қиянат жасайды.
Жалған үміт сыйлаудың дүниедегі және ақыреттегі зияны
— Әлеуметтік сенімнің жоғалуы: Басшының бос үміт сыйлауы қоғамдағы сенімді төмендетеді. Қызметкерлер мен халық басшыға сенуден қалады, бұл ұйым ішіндегі және қоғамдағы бірлікті әлсіретеді.
— Ақыреттегі жауапкершілік: Исламда басшылыққа келген адамға үлкен жауапкершілік жүктеледі. Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Сендердің әрқайсыларың басшы және әрбір басшы өз қол астындағы адамдарға жауапты». Бұл хадис басшының әр ісі үшін Алла алдында жауапты екенін ескертеді.
— Қызметкерлердің мотивациясының төмендеуі: Қызметкерлер бос үмітке сеніп, күткен нәтижеге жетпесе, олардың жұмысқа деген қызығушылығы жоғалады, ал бұл өз кезегінде жалпы ұжымның тиімділігін төмендетеді. Қызметкердің сағын сындырады.
Жалған үміттен арылу жолдары
Шынайылық пен ашықтық: Басшы әрдайым шынайы болуы тиіс. Егер бір нәрсені жасауға мүмкіндік болмаса, оны ашық айту – ең жақсы шешім. Бұл қызметкерлердің өз күш-қуатын дұрыс арнаға жұмсауына көмектеседі.
Жауапкершілікті түсіну: Басшы әрбір сөзі мен ісінің артында жауапкершілік тұрғанын ұмытпауы керек. Егер бір нәрсені уәде етсе, сол уәдені орындауға бар күшін салу – басшының міндеті.
Мақсаттарды нақтылау: Басшы әрбір мақсатты айқын етіп қойып, қызметкерлерге нақты нұсқау беруі қажет. Бұл жерде шынайы мақсаттар мен болашақ жоспарлар ашық түрде айтылса, қызметкерлер жалған үмітке ермейді.
Исламда басшының әділдігі мен шынайылығы маңызды орын алады. Жалған уәде беріп, адамдарды бос үмітпен алдау қоғамда сенімсіздікке, ал басшыны ақыретте үлкен өкінішке ұшыратады. Заманауи әлемде де, тарихи кезеңдерде де бос үміт сыйлау адамдарға моральдық және рухани зиян келтірген. Егер әрбір басшы адалдық пен әділдікті ұстанса, қызметкерлер де шынайы жұмыс жасап, ұйымдағы сенім мен бірлік артып, жұмыс алға басады.
Ардақ Құдайберген Facebook парақшасынан