Алматы – шағын және орта кәсіп гүлденетін қала
Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру, тұрмыс сапасын жақсарту мемлекет үшін қашанда басты бағыт болып қала беретінін Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне ресми кірісу рәсімінде сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев атап көрсетті. Мемлекет басшысы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру өзінің Президент ретіндегі басты мақсаты екенін атап өтті. Бұл мақсатқа жету үшін 5 негізгі бастама айтылды.
Біріншіден, Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 42 500 теңгеден 60 мың теңгеге дейін көбейту туралы шешімін жария етті. Бұл шара 1 млн адамды тікелей қамтитын болса, еңбек етіп жүрген барлық азаматтарға жанама түрде әсер етеді.
Екіншіден, соңғы 10 жылда кәсіпорын иелерінің табысынан 60 пайызға артта қалып келген еңбекақы қорын көтеру қажеттігін айтты. Осы орайда Үкіметке жұмысшылардың жалақысын көтеру үшін бизнесті ынталандыру шараларын әзірлеуді тапсырды. Жұмысшыларының жалақыларын өсірген жұмыс берушілерге сатып алуларда жеңілдік қарастырылып, мемлекеттік қолдауда басымдық беріледі.
Үшіншіден, Мемлекет басшысы микро және шағын кәсіпкерліктің еңбекақы төлеу қорынан алынатын бірыңғай төлем көлемін 34 пайыздан 25 пайызға дейін төмендетуді ұсынды. Бұл бизнестің мыңдаған қызметкерін «көлеңкелі айналымнан» шығаруға, зейнетақы, әлеуметтік және медициналық сақтандыру жүйелерінің толық қатысушысы болуына ықпал етеді.
Төртіншіден, Президент 2022 жылдан 2025 жылға дейін мәдениет қызметкерлерінің, мұрағатшылардың, кітапханашылардың, техникалық қызметкерлердің, қорықшылардың, көлік жүргізушілерінің және басқалардың жалақысын жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсіруді тапсырды. Бұл бастаманың игілігін тұтастай алғанда тағы 600 мың қазақстандық көреді. Бесіншіден, Қасым-Жомарт Тоқаев зейнетақы қорындағы жинақтың алуға болатын бөлігін «Отбасы банктегі» есепшотқа аударып, сол арқылы баспана сатып алуға рұқсат беру керек деп санайды. Оның айтуынша, бұл қаржыны дұрыс жинап, сауатты пайдалану дағдысына үйретеді. Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткендей, еліміз орнықты дамудың жаңа деңгейіне шыға алуы үшін жаңа қадамдар мен жаңа шешімдер қажет. Бүгінгідей жедел өзгерістер, жылдам технологиялар уақытында сын-қатерлерді еңсере отырып, өткір әлеуметтік проблемаларды шешумен нақты айналысу, аса мұқтаждарға көмек көрсету, табыс көлемін көбейту, кәсіпкерлердің іскерлік белсенділігін көтеру мәселелері өте өзекті екені даусыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында мемлекет алдында тұрған маңызды міндеттерді белгілеп берді. Атап айтқанда, талабына сай тиімді мемлекет қалыптастыруға, азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, қарқынды дамыған және инклюзивті экономика құруға, әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңін бастауға және өңірлердің қуаттылығын арттыруға, оның ішінде «Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заңға аса көңіл бөлінді.
Алматы ел экономикасының ең басты қозғаушы күші болып табылатын шағын және орта бизнес қаласы. Алматы ежелден елдегі кәсіпкерлік бастаманың орталығына айналған қала екені де бәріне белгілі. Еліміздегі халықаралық құрылымдар мен қаржы институттарының, ірі ІT-компаниялардың, жоғары оқу орындарының басым бөлігі осында орналасқан. Сол себепті «Жаңа Алматы» жобасының бұл маңызды міндеттерді атқарудағы орны ерекше. Егер халықтың көңілі тоқ болса, еліміздің де экономикалық көрсеткіші оң қарқынмен алға жылжитыны анық. Президент белгілеп берген төртінші бағыт бойынша кешенді шаралар түзіліп, барлық азаматтың әл-ауқатын, тұрмыс сапасын арттыруға, тұрмысы төмен отбасыларға жағдай жасауға, жаңа жұмыс орындарын құруға, халықты лайықты жалақымен қамту жайына баса назар аударылып отыр. Алматы қаласы елдің ЖІӨ-нің бестен бір бөлігін қамтамасыз ете отырып, әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша өңірлер арасында жетекші орынға ие. Мегаполистің одан әрі айтарлықтай даму әлеуеті бар. Жаңа жұмыс орындарын құру, қала тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыру, инфрақұрылымды және жалпы алғанда, Алматы агломерациясының экономикасын дамыту үшін барлық жағдайды жасау қажеттігі туындап отыр. Үкімет басшысы барлық жоспарланған жобаларды уақытылы және сапалы жүзеге асыруды, сондай-ақ Алматы қаласын одан әрі дамытуға инвестициялар тартуды қамтамасыз етуді тапсырған болатын. 2021-2024 жылдары Алматы қаласында 35,4 мың жаңа жұмыс орнын құра отырып, жалпы құны 4,5 трлн теңге болатын 201 инвестициялық жобадан тұратын пул құрылды. 7 мыңнан астам жұмыс орнын аша отырып, 187,9 млрд теңгеге 92 жобаны іске асыру жоспарлануда. Алматыдағы ең өзекті мәселенің бірі – халықты тұрғын үймен қамту. Бұл мәселеде де қала басшылығы көптеген жобаны ретімен жүзеге асырып жатыр. Мәселен, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша «Шаңырақ» пилоттық жобасы іске қосылған.
Қала басшылығы тарапынан халықты баспаналы етудің өзге де жолдары қарастырылған. Соның бірі – ескі үйді немесе пәтерді бұзу және жаңаларын салуды көздейтін «Тұрғын үй қорын жаңарту» бағдарламасының қабылдануы. Бағдарлама жаңғыртуға, жөндеуге жататын пәтер иелерінің құқықтарына кепілдік бере отырып, жасалуы тиіс жұмысты келісімімен жүзеге асыруға бағытталған. Бұл жөндеу жобасының толық іске асуы 5 жылға есептелген. Аталған жоба бойынша 708 ескі үй (немесе 6 637 пәтер) орнына жаңа тұрғын үй салынуы көзделген. Осылайша қала аумағында халықты тұрғын үймен қамту мәселесі түрлі жобалар арқылы оңтайлы шешілмек. Алматыны 2025 жылға дейінгі дамыту бағдарламасына сәйкес қаланың болашақта даму жетістігі оның экономикасының тұрақты өсуімен, қаржылық кірістерімен және инвестицияларды белсенді тартуымен айқындалады. Өңдеу өнеркәсібін тиімді дамыту ШОБ үшін инфрақұрылымның қолжетімділігін арттыру қажеттілігін көздейді. Алматының Индустриялық аймағында жаңа шағын өнеркәсіптік парктер құрылады. Сондай-ақ, Алатау АТП АЭА дамыту есебінен өнеркәсіптік алаңдардың саны ұлғаяды. Сонымен қатар шағын өнеркәсіптік парктер (бұдан әрі – ШӨП) аумақтарында өндірісті дамытуды ынталандыру мақсатында 2023 жылға дейін жаңа жеңілдікті кредиттік өнім – «өнеркәсіптік ипотека» әзірленіп, енгізіледі.
2025 жылдың соңына дейін 4,5 мың тұрақты жұмыс орны құрылмақ. 400-ден астам жаңа өндірістерді орналастыру үшін шағын өнеркәсіптік парктердің алаңы 50 жаңа ШӨП салу арқылы 250 мың м2 дейін ұлғайтылады. Жеке инвестициялар сомасы шамамен 100 миллиард теңгені құрайды. Алматының Индустриялық аймағы аумағын 190 гектарға кеңейту жоспарлануда. АИА екінші кезеңінің инфрақұрылымын салуға республикалық бюджеттен шамамен 40 миллиард теңге бөлінеді деп күтілуде. Ал «Алатау» инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағы аумағында 2025 жылға дейін 15,3 миллиард теңгеге жуық жеке инвестицияларды тарта отырып, кемінде 10 жоғары технологиялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Сондай-ақ, 2025 жылға дейін 1,5 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартып, медициналық бұйымдар мен жабдықтар шығаратын зауытты пайдалануға беру жоспарлануда. Бұл шаралар тоқтап тұрған өнеркәсіптік базаларды экономикалық айналымға енгізуге ықпал ете отырып, өнімділігі жоғары жұмыс орындары мен бәсекеге қабілетті өндірістер құруға мүмкіндік береді. 2025 жылдың соңына дейін АИА кластерлерінің аумағында шамамен 160 миллиард теңге көлемінде жеке инвестицияларды тарта отырып, 37 жаңа өндіріс, оның ішінде автомобиль жасауда – 8, жиһаз жасауда – 4, тамақ өнеркәсібінде – 9 және құрылыс индустриясында 16 жаңа өндіріс іске қосылады. Сондай-ақ, «Алатау» АТП АЭА фармацевтика және медициналық мақсаттағы бұйымдар өндірісі саласындағы кластерлерді дамыту әлеуетіне ие екенін айта кеткен жөн. 2025 жылдың соңына дейін 12 миллиард теңге сомасына 5 жоба іске асырылады.
Қала экономикасының тұрақты дамуына бағытталған сапалы инвестициялар тарту да ерекше маңызға ие. Осы мақсат үшін Алматы қаласының 2025 жылға дейінгі Инвестициялық картасы бекітіледі. Сонымен қатар инвестицияларды тарту жөніндегі «Almaty Invest» қалалық фронт-офисі құрылады. Жоспарды іске асыру қажетті өнеркәсіптік алаңдар мен қолайлы іскерлік ортаны құру арқылы қаланың өңдеуші өнеркәсібін жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік береді. Бұл ЖӨӨ құрылымында саланың үлесін және инвестицияларды ұлғайту, сондай-ақ еңбек өнімділігі жоғары сапалы жұмыс орындарын құру арқасында қала экономикасының тұрақты дамуын қалыптастыруға оң әсер етеді. Бұл ретте өңдеуші өнеркәсіптегі еңбек өнімділігін жыл сайын 5 пайызға өсу қарқынымен 2025 жылға қарай бір жұмыспен қамтылғанға 35 мың АҚШ долларына дейін ұлғайтылады. Сонымен қатар ЖӨӨ құрылымындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесін 2025 жылға қарай 6 пайызға дейін ұлғайтылады. Бұл көрсеткіштер жан басына шаққандағы ЖӨӨ-ге 2025 жылы 21 мың АҚШ долларына дейін қол жеткізуге, халықтың табысын 2025 жылы 265 мың теңгеге дейін өсіруге бағытталады. Туристік инфрақұрылымды дамыту мәселесіне де жіті көңіл бөлінген. Халықаралық қонақүй желілерін тарту және қонақүйлер салу есебінен нөмірлік қорды 3 есеге кеңейту көзделген. 2024 жылы заманауи өнер музейі ашылады. Ол Алматыдағы Орталық Азияның жаңа тартылыс нүктесіне айналмақ. Жобаның жалпы құны 48 миллиард теңгеге бағаланған. 2025 жылдың соңына дейін әлемдік деңгейдегі ірі MICE-ивенттерді өткізу үшін үлкен Конгресс-орталық салынады. Жобаның жалпы құны шамамен 80 миллиард теңге болады деп күтілуде. Бұдан бөлек 2025 жылы 11 мың көрерменге есептелген заманауи Концерт залының құрылысы басталады. Жобаның жалпы құны – 16 миллиард теңге. Қалалық курорттарды кеңейту мақсатында 2025 жылдың соңына дейін «ЦСКА» тау-шаңғысы базасын, «Шымбұлақ» және «Бутаковка» курорттары кезең-кезеңімен реконструкцияланады. Бұған 150 миллиард теңгедей қаражат жұмсалады. Бұдан бөлек туризмді толыққанды дамыту үшін Discover Almaty туристік бренді ілгерілейтін болады. Қызмет көрсету сапасын арттыру үшін цифрлық карталар әзірленеді. Халықаралық деңгейдегі 20 шара өткізу жоспарланып отыр. Оның болжамды құны – 3,2 миллиард теңге. 2025 жылға қарай халықаралық іс-шаралар саны 30-ға дейін ұлғаяды. Бұл шаралар Алматының Орталық Азия макроөңіріндегі тартылыс орталығына айналуына септігін тигізбек.
2025 жылға қарай туристер саны 450 мың адамға дейін өседі деп күтіледі. Бұл туристік қызметтер экспортына 260 миллиард теңге пайда әкеледі деп жоспарлануда. Халқы көп қалаларда туындауы мүмкін түрлі проблемалардың алдын алу мен пайда болған мәселелерге қатысты пайдалы шешім қабылдау оңай емес. Бірақ Алматы қаласының әкімдігі өз тұрғындарын барынша жайлы өмір сүру деңгейіне жеткізу жолында табысты жұмыс істеп жатыр.
Гауһар ТҰРСЫНҚОЖА