Тұтынушылардың құқықтарын қорғау» тақырыбында дөңгелек үстел өтті
Жуырда Халықаралық «Жанашыр» қоғамдық қоры мен Алматы қаласы Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті ұйымдастыруымен Алматы қаласындағы Әлеуметтік қызметтер үйінің мәжіліс залында «Қазақстан Республикасындағы тұтынушылардың құқықтарын қорғау» тақырыбынд дөңгелек үстел өтті. Жиында Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен жүзеге асырылған «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау бойынша азаматтарды оқыту және ақпараттандыру» жобасының қорытындысын талқыланды. Ұйымдастырушылар жобаның 2024 жылдың мамыр айынан бастап жүзеге асырылғанын атап өтті. Халықаралық «Жанашыр» қорының президенті Жаңыл Әпетованың айтуынша, тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселесі қазіргі таңда аса өзекті және жоба барысында көптеген маңызды жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, Алматы қаласының барлық аудандарында мобильді заңгерлер тобы құрылған, олар 1000-нан астам адамға құқықтық кеңестер берді. Әлеуметтік желілерде 300-ден астам ақпараттық материал жарияланып, бейнероликтер қаладағы метро, емханалар және халыққа қызмет көрсету орталықтарында көрсетілді. Бұл халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды. Шарада айтылған негізгі мәселелердің бірі Халықаралық «Жанашыр» қорының президенті Жаңыл Әпетова тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы білімнің жеткіліксіздігіне назар аударып, бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жалғастыру қажеттігін айтты. Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Бағдәулет Сариев жобаның алғашқы нәтижелері оң екендігін және болашақта бұл жобаны кеңейту қажеттігін жеткізді. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің басқарма басшысы Мақсат Жаңбыршиев азаматтар мемлекеттік қызметтер алу кезінде құқықтарының бұзылуы жағдайында олар өз шағымдарын мемлекеттік мекемелерге жіберіп, тиісті көмекті ала алатындығын еске салды. Халықаралық құқық қорғау орталығының басшысы Жанділда Жақыпов тұтынушылардың құқықтары бұзылған жағдайда, сотқа дейінгі дауларды медиация арқылы шешу маңыздылығын атап өтті, бірақ тұтынушылар мұндай мүмкіндіктерді әлі де толық пайдалана алмай отыр. Дөңгелек үстелдің қорытындысы бойынша тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы ақпараттық және құқықтық сауаттылықты арттырудың маңыздылығы ерекше атап өтілді. Іс-шараға қатысушылар халықтың тұтынушы ретіндегі құқықтарын білу деңгейі әлі де төмен екенін және бұл бағытта жұмыс жалғаса беруі керек екенін мойындады. Азаматтар өз құқықтарын білуі және қорғауы үшін ақпараттық жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу қажеттігі туындап отыр. Жиынға қатысушылардың пікірінше, тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі жобалар тек Алматы қаласында ғана емес, Қазақстанның барлық өңірлерінде жүзеге асырылуы тиіс. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселесі тек мемлекеттік органдар мен ұйымдардың емес, сонымен қатар бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Осыған байланысты, қатысушылар халық арасында құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында түрлі форматтағы шаралар мен ақпараттық науқандарды кеңінен қолдануды ұсынды.
Гауһар ТҰРСЫНҚОЖА