ТҮРКІСТАНДА САБЫР РАҚЫМОВТЫ ЕСКЕ АЛУҒА АРНАЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДОДА БАСТАЛДЫ
Түркістандағы «Olympic center» спорт кешенінде Кеңес Одағының батыры, генерал-майор Сабыр Рақымовты еске алуға арналған XXVIІІ халықаралық жарыс басталды. Еркін және әйелдер күресінен 2005-2007 жылы туған жастар арасындағы додаға Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан елдерімен қатар Қазақстан Республикасының барлық облыстары мен қалаларынан 456 балуан келіп, боз кілем төрінде тартысқа толы белдесулер өткізуде.
Еркін күрестен жастар арасындағы халықаралық жарыстың салтанатты ашылуында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев жарысқа қатысушы балуандарды және қонақтарды құттықтап, сәттілік тіледі.
– Рухани шаһарда халықаралық күрес бәсекесі бастауын алды. 1996 жылдан бері 28-рет жалауы көтерілген жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылуда. Бүгінгі таңда облысымызда еркін күрес спорт түрімен 5000-ға жуық бала мен жасөспірім айналысуда. Оларға 200-ден астам жаттықтырушы күнделікті оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізуде. Аталған бағыттардағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табады, – деді Ертай Кенжебекұлы.
Олимпиада ойындарының көркін қыздыратын күрес түрлері бүгінде әлемде қарқынды дамуда. Осы орайда дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан бұл халықаралық дода жастардың шеберліктерін арттыруға үлкен серпін береді.
Тартысқа толы бәсекеде ұлдар 10 салмақ дәрежесінде жеңімпаздарды анықтаса, қыздар 10 салмақ дәрежесінде өзара бақ сынайды. Халықаралық күрес 3 күнге жалғасады.
Жарысты Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы, Облыстық №1 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі ұйымдастырды. Халықаралық турнирдің басты мақсаты – жас балуандардың шеберлігін шыңдау, спортты дамыту.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі