ӘКЕНІҢ БАЛАҒА ДЕГЕН ӨМІРЛІК ҰСТАНЫМЫ
Мынау жалғанда, тар жол тайғақ кешуде өмірдің қай кезеңінде болсада әке бауыр еті балаларының тілеуін тілеп, жаман болсын демейді. Тіпті, өзі жеткен жетістіктен балалары еселеген жетістікке жетіп, өзі шыға алмаған шыңдардан балаларын көргісі келеді. Бұл – әке арманы!
Ұлдарым, алтын қызым, мына қатал да қатыгез арпалысқа толы дүниеде, кездесетін қиындыққа төзбей, үлкен жетістікке жету мүмкін емес. Болашақ деген күрделі қалың тұман, адастырмай тұрмайды. Әке қанша көреген болса да, баланың алдына шыға алмайды. Себебі, әр адам баласының өз өмір соқпағы болады. Жапондақтар ұл бала өмірге келгенде, үйдің төбесіне өзенде су ағысына қарсы жүзетін «карп» балығының сұлбасына ұқсас етіп, баланың болашақ оң мінезіне сәйкес болсын деп, әр түрлі бояуда жалау іліп қояды екен. «Карп» балығындай өзеннің ағысына қарсы жүзе алатындай өмір сүрлеулерінде кездесетін қайшылықтарға қарсы тұра біліп, өз жолыңды тауып кеткенше талай тепкі көріп, маңдайың тасқа соғылып, дәрменсіздік пен шарасыз жағдайға түскенде, мойымай оң шешім тауып кететіндеріңе сенемін.
Ұядан ұшып, әке қамқорлығынан қол үзген, соң адам өзін-өзі тәрбиелеуі өте маңызды. Өмірдің әрбір сәтсіздіктерін «тәжірбие» деп қабылдасаңдар келер жолы табан тірер тасыңа айналады. Шын мәнінде, адам баласын болаттай шыңдайтын өмірдің өзі. Әкенің көлеңкесінде жүрген бала күн сәулесін көрмей, ынжақ, өздігінен шешім қабылдай алмайтын болып өмірден өтеді. Ондай баланың жарқын болашақтан үміті аз, селсоқ болып қалыптасады.
Мен әке ретінде бойымдағы барлық түйген өмірлік қағидамды, барымды ұлдарымменен алтын қызыма беруге барлық күш жігерімді жұмсадым.
Ал болшақ өмірден алар еншіңе – өз күшіңмен, ынта-жігеріңменен жеткенің абзал. Қолдаушың бір ЖАРАТҚАН болсын, құлындарым. Тірі болсаңдар, белгілі бір оң дәрежеге жетіп, елдің жанашыр азаматы болып қалыптасарсыңдар.
Ұнаса таратыңыз, басқаларда оқысын.
Тарақты Бауыржан Түркістани.