Бала тыйым салған іске үйір
…Бала тәрбиесі таусылып бітпейтін тақырып. Оқырман кәдесіне жарар деген ниетпен бала тәрбиесіне байланысты төмендегі кеңестерді назарға ұсындық.
…Баланың бойында тез көзге түсетін мінез – ұялу. Ұяттың көптігі ізгіліктің белгісі. Балада ұялу байқалғанда, ең керегі жаман, бұзық балаларға қоспай, сақ қарау. Өйткені балалардың жан дүниесі айнадай таза. Түскен бейнені тез қабылдайды.
Баланы жақсылыққа ынталандырған дұрыс. Жамандық пен нашар қылықтар жасауына тыйым салған жөн. Жақсы іс істесе мақтап, жаман іс істесе, жазғыру керек. Бірақ, жиі ұрыса беруден алыс болыңыз. Әйтпесе, ұрысу не айыптау үйреншікті жағдайға айналады. Бала қашаннан тыйым салынған іске үйір, сондықтан ерегіспен қайта істеуі мүмкін.
Ылғи жеуге, ішуге құмар болмауы үшін ескерту жасаған дұрыс. Әуелі ас ішудің әдебін үйретіп, ас ішуден мақсат ләззат алу емес, ағзаның саулығын сақтау екенін білдірген жөн. Ұлбалаға әр қалаған тамақты емес, табылған, дастарханға қойылған тамақты жеуге үйреткен дұрыс. Кей-кейде қатқан нан да беріп, соның да қадірін білгізген жөн.
Жалпы баланың жаман сөздер естуіне тыйым салу керек. Міндетін бітірмейінше әрі қиындық көрмейінше тамағын бере қоюға асықпай, жасырын істеріне тыйым салып, ұятты іс істеуге деген батылдық бермеу керек. Күндіз әрі түнде көп ұйықтатпай, жұмсақ киімдерге дағдыландырмай, жаяу жүргізіп, көлікке мінуді үйретіп, қалай отырып, тұрып, сөйлеудің әдебін түсіндірген абзал. Әкесімен және дүние байлығымен достарына мақтануына тыйым салып, өтірік айтпауын, өтірік ант су ішпеуін жиі ескерткен дұрыс.
Үлкендердің жанында үндемей отыруды, сұрақ қойылса, қысқа ғана жауап беруді үйретіп, ылғи тек жақсы сөйлеуді әдет етуді түсіндірген мақұл. Ілім үйренуге талпындыру керек. Баланы жомарттыққа дағдыландырып, дүние-мүлікті қадірсіздеу көрсету керек. Өйткені ақша мен дүниеге құнығу қауіпті. Бос уақыттарда баланың ойын ойнауына рұқсат еткен дұрыс. Алайда нашар дағдыға үйрететін ойындарды ойнатпаған жөн. Бұл әдептер баршаға жақсылық әкеледі. Әркім кез келген өнерді игеріп кете бермейді. Көбіне бір салаға ғана бейім тұрады. Негізі, бір салаға кім бейім болса, сол тез үйренеді. Ал икемі жоқ әуреленгеннен басқа түк бітірмейді. Сондықтан баланың қабілетін танып барып, өз саласына берген дұрыс. Әйтпесе, бала үмітсіздікке салынады.
Балаға адал табыс табатындай кәсіп істету керек. Әке-шешесінен қалған дүниеге көп сендірмеу керек. Өйткені, әкенің тапқанына мақтанған балалар көбіне кәсіп түрін үйренбей, кейіннен бәрібір осалдықтарын байқатады.
Ермек Алтай,
namys.kz