Жолдауды жолда қалдырып жүрген кімдер?
Елбасының кезекті жолдауындағы ашық түрде сөз етілген мәселелердің бірі – инвестиця тарту ісі, соның ішінде Қытай елі мен болатын бірлескен жобалар жайы болды. Қытай инвестициясын Қазақстанға тарту ісі жағынан Мемлекет басшысы үлкен жұмыстардың басын қайырып жатқаны белгілі. Тәуелсіздік жылдарынан бері қарай басталған екі жақтылы қарым-қатынас күн санап қоюлап келеді. Қазірге дейін алып көршімен болған сауда қатынасында алмасып жатқан миллиардтаған қаржының 90 пайыздан астамы Қазақ елінің қоржынына түсіп жатыр. Яғни, Қытайға біздің елден көп мөлшерде мұнай, тау-кен өндірісі саласынан шикізат экспортталады. Ал біз олардан керек-жарағымызды алып жатырмыз. Бұл баршаға түсінікті жағдай болса керек. Соңғы жылдары Н.Назарбаев шетелден инвестиция тарту мәселесіне жіті назар аударып келеді. Осы туралы Үкіметке нақты тапсырмалар да жүктеді. Мұнымен қатар, соңғы бес жылдың ішінде Қытай елі мен ірі көлемдегі жобаларды бірлесіп игеруге сөз байласып қайтты. Соның ішінде ең көрнектісі алдыңғы жылы Қытайда өткен «Фашизмге қарсы соғыстың 70 жылдығы» қарсаңындағы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытайға сапары күллі әлемді елең еткізді. Ұлы дүбірлі мерекеге өзгелерден бірер күн бұрын барған Елбасымыз Қытай Үкіметімен және ондағы бизнес өкілдерімен келіссөздер жүргізіп қайтқан болатын. Соның нәтижесінде жалпы құны 50 миллиард АҚШ долларын құрайтын ірі жобаларға тоқтам жасап үлгерген еді. Қытай баспасөзі апта бойы «Орта Азиядағы мықты Елбасы Назарбаевтың» іскерлігін жан-жақты талдай отырып арасына Қытай өнеркәсібі мен әлеуетінің әлемді мойындатып отырғандығын да «кірістіре» жазып жатты. Сол мереке қарсаңында Қытайға барған патшалардың «құр қол» қайтқаны жоқ. Баспасөз беттерінде «Қытай-шетел уағдаластығының рейтингі» де жарияланды. Ең басында 50 милллиардтық көрсеткішпен Казақ елі бірінші болып тұрды. Сонан бері айтылған сөз текке кетпесе керек. Бірлесіп игерілетін жобалардың алды өз жұмыстарын бастап та кетті. Осының барлығын қадағалап отырған Елбасы осы реткі Жолдауында бұған ресми түрде тағы да тоқталып өтті.
«Қазақстан шетел инвестицияларын тарту ісінде көшбасшылығын сақтап қалуы қажет. «Астана» халықаралық қаржы орталығы ел экономикасына қаржы тарту ресурстарын тартуда маңызды рөл атқаруы тиіс. Қазақстанда өндірістер ашу жөніндегі Қытаймен бірлескен инвестициялық бағдарламаны тиімді жүзеге асыру керек. Қытай тарапымен уағдаластыққа қол жеткізілді. Нысандар белгіленді. Нақты жұмыс істеу қажет.»- деді Елбасы өз жолдауында.
Осы жерден сөз арнасын қосымша бағытқа бұрғанды жөн көрдік. Қазіргідей дағдарыс дендеп тұрған заманда қай елдің болмасын әлдіге арқа сүйеп, бардаммен байланыс құрғысы келетіні де шындық. Бұл – шетел инвестициясын тарту деген сөз. Халықаралық қаржы ұйымдары да Қазақ елінің осы саладағы ниеті мен саяси тұрақтылығын оң бағалап, «қаржы құюға сенімді ел» деген бағасын беріп жатыр. Бұл өз кезегінде еліміздің жүргізіп жатқан саясатымен тығыз байланысты екені тағы да шындық. Осы арада мынадай бірнеше сұрақтар туындайды. Біз неліктен Қытайдың инвестициясына зәру болып отырмыз? Еліміздің әр аймағындағы мұнай кеніштерінде Қытайдың табаны тимеген жер аз болғандай, тағы да 50 шақты кәсіпорынды Қытайдан көшіріп әкелгеннен ұтарымыз қайсы? Етек-жеңін енді қымтап келе жатқан жас мемлекеттің мойнына өзге бір алпауыттың экономикалық көгені түсіп қалмай ма? Артынып-тартынып келетін инвесторлардың қосшы-қолаңдарынан келетін қауіп-қатер жоқ па? Тізбектесең қаздай тізіліп шыға келетін қалың сұраудың соңы кейде уайымға тартындай тұрады. Сонда «қараша ойлағанды хан ойламай ма?»
Бұл тақырыпты терең талдап түсіндіріп, Қытай инвеститциясының зиянынан пайдасы көп екендігін дәлелдеп жүрген мамандар көп. Іргеде тұрған аса үлкен нарықтан игіліктене алмауымыз, олардың озық тұстарын өзімізге қабылдамауымыздың өзі «қырсыздық» екенін де айтушылар бар. Бұл шағын мақаламызда осы төңіректе ой өрбітіп, нақты кәсіптің соңында жүрген азаматтардың да пікірлерін сұраған едік.
Азат Кәрімұлы, «ОРТ Құрылыс сервис» ЖШС-ның директоры:
«Қытай инвестициясынан қорқудың керегі жоқ»
Қытайда туып-өстім, Бейжіңде университетті бітіргеннен кейін сонда қалып біраз жыл жұмыс істедім. Содан тоқсаныншы жылдардың соңында елге келдім. Біртіндеп кәсіпкерлікпен айналысып жатқан жайымыз бар. Саяси төңкерістерден, науқандардан әбден қалжырап, тұралаған Қытайды орнынан тұрғызған жалғыз адам – Дың Шияу Пиң болды. «Социализм – кедейлік емес» деген сөзді халыққа ұғындыра білген басшы, тұтас елді нарықтық экономикаға бастай білді. Ең алдымен бизнестің, өндірістің дамуына кедергі болатын тосауылдардың барлығын алып тастады. Яғни, орта-шағын бизнеспен айналысушыларға, завод-фабрика ашушыларға тиімді жағдай жасауды жолға қойды. Бұдан да маңыздысы «шетелге есікті айқара ашу» саясатын қолдана отырып, сырттан инвестиция тартумен мемлекеттік деңгейде айналыса бастады. Инвесторларға жағдай жасай білді. Әрине, миллиард тұтынушысы бар «базар» кімді де болсын қызықтыратын еді. Сөйтіп шетелдіктер ашқан кәсіпорындардың озық тәжірибесі мен жабдықтарын өздеріне икемдей жөнелді. Сол тоқсаныншы жылдары Қытайға қаржы салған инвесторлар қазіргі күнде өздеріне бәсекелес Қытайлық кәсіпкерлердің ығында қалды.
-Оларда халық көп қой, ал бізде керісінше. Сонда біз олардың ығында қалмаймыз ба деген сұрақ туып отқаны…
-Әрине, қауып-қатердің басы санымыздың аздығында тұр ғой. Мұның барлығы мемлекеттік саясатпен реттелетін нәрселер. Инвесторға берілетін жеңілдіктер мен қойылатын талаптарды мұқият ойластырған жөн. Оларды бірден Қазақстан азаматтығына қабылдаудың керегі жоқ. Тіпті, келген жұмысшы-қызметшілерін де солай ету керек. Бұл төңіректе кеңінен айтуға болады. Сосын біздің де өзіндік «Қазақстандық өлшемдеріміз» болуы тиіс. Басты назарда ұстауға тиісті нәрсенің тағы біреуі елімізге әкелінетін өндіріс орындары экологиялық талаптарға сай болуы керек. Ең бастысы, біздің басшыларымыз бен қосшыларымыз «ақшаға сатылмаса болғаны». Қазақтарды жалқау, қырсыз деп айта алмаймын. Алдағы уақытта Қытайдың кезінде шетелдік инвесторларға қылғанын бізде өздеріне қылмасымызға кім кепіл? Өзгеден неге үлгі алмасқа? Өз жеріңде тұрып, өзгеге өмір бойы жалдана бермейсің ғой…
— Сонда Қытайдан инвестиция тартудан қорқудың керегі жоқ дейсіз. Елбасымыз бұл туралы неше жылдан бері айтып келе жатыр. Бір байқағанымыз мемлекетаралық келісімдерден өзге жеке кәсіпкерлеріміздің бірлескен кәсіпорындар құруда аяқ алысымз әлі де баяу секілді…
— Дұрыс айтасың, Елбасы мемлекеттік деңгейде атқаратын істерін өте жақсы орындады. Мемлекеттік келісімдер жасалды. Саясат белгіленді. Тіпті, осы реткі Жолдауының өзінде арнаулы түрде «Қытай инвестициясы» мәселесін ашық айтты. Үкіметке тапсырмалар да беріп жатыр. Десе де, шабандық танытып жатырмыз. Мұны мойындау керек. Осы жерде өзі басым тікелей араласып жүрген күнделікті істерден айта кетейін. Қазір мемлекеттік кәсіпорындардың уағдаластығынан бөлек, орта бизнестің төңірегінде жүрген азаматтардың талайы Қытай кәсіпкерлерімен бірлескен кәсіпорындар ашып жатыр. Немесе сол жақтан құрал-жабдықтар әкеліп, өндіріс орындарын тұрғызып жатыр. Осында бірталай кедергілер кездеседі. Оны тарқатып айтсақ, ең әуелі мемлекет өз айытқанын орындап отырған жоқ. Кез-келген кәсіпкер өндіріс орнын ашуын ашқанмен, инфрақұрылымның кемелді болмауы кесірінен қиындықтар көріп жатыр. Бұл жағындағы қиындықтарды өз басымнан өткеріп жүрген адаммын. Электр желісі, су құбыры, жол деген секілді шарт-жағдайлардың жоқтығынан тартып, түрлі құжат рәсімдеу үшін де сан есікті тоздырып, «небір төрелердің» қолын алуыңа тура келеді. Енді ойлаңызшы, кәсіпкер жоспарлаған аз ғана қаржысына жол тарта ма, су тарта ма, әлде электр желісін тарта ма? Бұған кәсіпкердің шамасы жетпейді. Құжат рәсімдеу үшін де қыруар уақыт кетеді. Белгіленген тәртіп бойынша жүрсеңіз бір заводты, жан-жақтылы толық рәсімдеп іске қосу үшін неше жыл жұмсауыңыз мүмкін.
— Елбасының саясаты толыққанды жүзеге аспай жатқандығының себептері жетерлік екен онда…
-Жаңа айттым, мемлекет қажетті шарт-жағдайларды жасап беруі керек, ол жағынан жетіспеушіліктер орын алып жатыр. Ал екінші бір кемшілік – бізде істің барысына баса назар аударылады. Өзіміз сөз етіп отырған Қытайда Дың Шияу Пиыңның бір сөзі кезінде ел арасына кең тарады. «Қара мысық, ақ мысық, тышқан ауласа бәрі мысық»-деді ол кісі. Мұнда істің соңғы нәтижесін мақсат еткендігі еді. Бізде керісінше, істің барысына қатты назар аударамыз. Мысалы, кірпіш өндіретін бір станокты әкелдік дейік. Мен оны Қытайдың әлдебір заводынан саудаласып келісіп алған болуым мүмкін. Мұнда әкелген кезде кедендік рәсімдеу кезінде, әйтеуір менің станогыма ұқсас тағы бір станоктың бағасы менікінен басқаша көрсетілген болуы мүмкін. Себебі, Қытайда ондайды өндіретіндер өте көп қой.Соны ескермеген біздің адамдар «неліктен сенің бағаң өзгелердікіне ұқсайды?»- деп шұқшия бастайды. Сосын оны құруға шақырған мамандарың үшін виза алуға да көп барыс керек. Керек десеңіз, келетін маманның «тура сол кірпіш заводтың оқуын тәмамдаған нағыз мамандық иесі» екендігін дәлелдеуіңіз керек. Әкімшілікке қажетіңіз түсер болса, ондағы адамдардың қол қойып, бекітуінің өзі «ұзақ ойлануға» ұласып кетеді. Сондықтан Президент қанша жерден жаңа бастамаларға талпынғанымен, болашақ стратегиялық жоспарларын айқындап, жолдау жариялағанымен де «жолдауды жолда қалдырып» отырған адамдар жетерлік. Яғни, іс басында отырған адамдардың бюрократияға салынуы мен қара басының пайдасын ғана көздеуі – жолдауды жолда қалдырумен келеді. Бұл керек десеңіз, Қазақстаның халықаралық беделіне де нұқсан келтіріп отырған дүние. Оның зардабы мемлекетке тиетін болады. Жарнамасы қанша жақсы болса да, ұлығы парақор болса, ұрысы аш бөрідей анталап тұрса, ондай елге кім қаржысын салады? Жалпы бизнесте сенімділік болмаған жерге ешкім де жолағысы келмейді. Оның үстіне қазіргі орын алып жатқан халықаралық экономикалық дағдарыс Қытайға да әсерін тигізіп жатыр. Сондықтан қаржысы бар адамдар «мың рет өлшеп бір рет кесетін» болған.
Түйін: Өзі де Қытай кәсіпкерлерімен бірлесіп өндіріс ашуды қолға алып жатқан азаматтың айтқандарымен келіспеуге болмайтын секілді. Себебі, нақты жұмыс атқарып жатқан кәсіп иесі, өз басынан кешірген қиындықтарын айтып отыр. Сөзінің соңында «қолдан жасалатын кедергілер жойылатын болса, Қазақстанның халықаралық нарыққа дайын өнімдерімен шыға алатынына сенемін» — деді. Біз де сол тілектің ішіндеміз. Елбасының жолға қойған саясатын онан ары дамыта отырып, елімізді дамыған елдердің қатарына қосуға талпыну – әрбір шаруа адамының арманы болса керек. Тек «саясат пен қатал талапты қалтасынан шығарып, инвестордың иінін басатын» атқа мінерлерге қанағат тілейік!
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ