Үйде отырып, кәсібін дөңгелеткен Гүлбахар
Т.Рысқұлова ауданы Д.Қонаев ауылының қолөнер шебері Гүлбахар Нұрадинова үйге арналған аяқ киіммен қоса кроссовка да тоқиды. Ол саналы ғұмырында мектепте медбике болып жұмыс істеп келген. 2020 жылы алған жарақатына байланысты үшінші топтағы мүгедектік алып, осы себепті бұрынғы жұмысынан кетуіне тура келген.
— Аяқтың күрделі сынығынан кейін таяқтың көмегімен қозғаламын. Үйде отыру, ештеңе істемеу, жұмысты тоқтату азапты болды. Кішкентай кезімде әжем тігіншілікті, тоқуды үйретті. Үйде амалсыз отырғанда балаларым мен немерелерім үшін тоқыма тоқып бердім. Бір күні әлеуметтік желіде аяқ киім тоқу курсының жарнамасын көзім шалып қалды. Осы онлайн курсты сатып алып, кроссовка, үй ішінде киюге арналған аяқ киім, мокасин тоқуды үйрендім, — дейді Гүлбахар.
Ол кейін әлеуметтік желілерде аккаунт ашып, қолдан жасалған аяқ киімдердің әртүрлі түрлеріне тапсырыс қабылдай бастаған.
– Алғашында тапсырыстар аз болды. Көбінесе достарым, туыстарым хабарласты. Қанағаттанған тұтынушылардың бірқатар ұсыныстары мен пікірлерінен кейін тапсырыстар саны арта бастады. Кейбір тұтынушылар менің аяқ киімімді үш-төрт жылдан бері киіп жүр. Қазір менің аяқ киімдерімді көрші Өзбекстан қалаларының көшелерінде де киіп жүр, — дейді қолөнерші әйел өз жетістігімен бөлісе отырып.
Оның аяқ киімінің ерекшелігі желім қолданбайды, бұйым қолдан тігіледі. Өнімдер ұзаққа шыдайды және сыртқы түрін бұзудан қорықпай кір жуғыш машинада жууға болады. Сонымен қатар, қолөнерші жақындары мен көршілеріне құрақ көрпе тігеді. Оның ойынша, пішу, тігу, тоқу өнерін қазіргі қыздарға мектепте болмаса, тым болмаса арнайы орталықтарда үйретуге болады. “Тәлімгер ретінде шақырса, үйретуге дайынмын” дейді ол. Оның ойынша, ұлттық қолөнер түрлеріне ерекше қолдау керек. Жақында ол жаңа кәсіпке қызығушылық танытты. Табиғи ингредиенттерден экологиялық таза сабын жасаумен айналысуды да байқап көрмек.
– Сабын өндірісін меңгеруге тағы бір онлайн курс көмектесті. Сабынның құрамында эфир майлары мен жануар майлары болады. Өнімдер гипоаллергенді және барлық тері түрлеріне және әртүрлі жастағы тұтынушыларға жарамды, — дейді Гүлбахар.
Оның өнімдерін Т.Рысқұлов ауданы мен Тараз қаласындағы көрмелерден көруге болады. Тігін тігу және тоқу сияқты жаңа дағдылар қолөнершіге жарақаттан айығу кезеңінде өзін ауыр ойларға душар еткен жағымсыз көңіл-күймен күресуге көмектескенін айту керек.
— Мектепті қатты сағындым, бұрынғы жұмысыма қайта оралғым келді, балалардың бақытты жүздерін қайта көргім келді. Бірақ қазір үйде жұмыс істеу маған тек ыңғалы ғана емес, одан бөлек аз болса да табыс әкелуде, — дейді Гүлбахар Нұрадинова.
Ол болашаққа құрған жоспарларымен де қуана бөлісті:
– Мамандығым бойынша медицина қызметкерімін. Мен үшін әр адамның денсаулығының бағасы бар. Сабын өндіру кәсібімді кеңейткім келеді. Мен сондай-ақ химиялық қоспалар немесе күшті хош иістері жоқ ыдыс жууға арналған құралдар, сусабындар және ұнтақтардың рецепттерін ойлап таптым. Дүкендерден алатын жуғыш заттарымыз денсаулыққа зиян. Қауіпсіз тұрмыстық өнім өндіруді қоғам алдындағы борышым деп білемін, – дейді ол.