Ұстаздық пен кәсіптің балын татқан
Адам баласын алға жетелейтін екі дүние болса, соның бірі тәрбие, екіншісі білім. Бұл біздің шығарғанымыз емес, бабалардың айтқаны. Ал бұл даналықты Аристотельден кейін екінші ұстаз атанған Әл-Фараби: “Білім мен тәрбие адамның қос қанаты” деп тәпсірлейді. Бала тәрбиені ата-анадан алса, білімнің алғашқы қазығы мектепте қағылады. Сол қазықты тереңінен қағып, бүгінде ел ішінде азаматтығымен танылып жүрген парасат биігіндегі тұлғалар аз емес. Соның бірі — құландық Азамат Сәмбетқұлов.
Азамат Қадырбекұлының бүгінде Тұрар Рысқұлов ауданы Жарлысу ауылындағы Айтқұл Шинасилов орта мектебінен түлеп ұшқанына жиырма жыл толып отыр. Осы жиырма жыл ішінде Азамат Сәмбетқұловтың есімі ел ішінде іскерлігімен, жоғары ұйымдастыру қабілетімен танылып үлгерген. Әулетімен ұлағатты ұстаздық жолын таңдап, бүгінде математика пәнінің мұғалімі болып қызмет ететін ол, мұғалім болуды бала күнімнен армандағанын айтады.
- Есімді білгеннен анамның үнемі елдің құрмет-қошеметіне бөленіп жүргенін көріп өстім. Анам математика пәнінен сабақ беретін. Осының арқасында жер бетіндегі ең құрметті мамандық — мұғалім деген түсінік қалыптасты. Ол расында солай еді. Анамның оқушыларының ұстаздарына деген ықыласы ерекше болатын. Үнемі мереке сайын құшағы гүлге толатын. Менде анам секілді құрметті азаматтардың қатарында болуды армандадым. Жан-жарым да математика пәнінің ұстазы. Биыл ұлым мектеп қабырғасынан түлеп ұшпақ. Оның да таңдауы осы пәннің мұғалімі атану болып отыр. “Ұяда не көрсе ұшқанда соны іледі” деген мақалдың жарқын көрінісі біздің отбасымызда.Өзімнің Амангелді Көшербаев деген математика пәнінен сабақ берген мұғалімім үнемі: “білімді күнкөріс үшін емес, елге қызмет ету үшін алу керек” деп айтып отыратын. Осы ойды санамызға әбден сіңіріп өстік. Бүгінде елге шамамыз жеткенше қызмет етіп келеміз, — дейді кәсіпкер ұстаз.
Кейіпкеріміз ұстаздықпен бірге кәсіпті де дөңгелетіп отыр. Өзі еңбек ететін Әбжапар ауылында түске дейін мектепте математика пәнінен сабақ берсе, түстен кейін кәсібімен емін-еркін айналысады. Бұған мектепте директордың ғылыми-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары, директордың міндетін атқарушы сынды қызметтерді абыроймен атқарған. Ал бүгінде кәсіпкердің қарапайым ұстаздық қызметі кәсібін өрлетуге ешқандай кедергі емес екенін алға тартады. Білім ұясынан осыдан тұп-тура жиырма жыл қанат қаққанымен де сол саладан аса ұзай қоймаған азамат өзінің 1987 жылы туған сыныптастарымен бірге осы ерекше дата қарсаңында бірнеше игі істің бастамашысы болыпты. Жарлысу ауылының 2004 жылғы мектеп түлектері бірігіп орталық мешітке 230 000 теңге қаражатқа толық бейнебақылау орнатқан. Мешіт дәретханасына 430 000 теңгеге түгел жөндеу жұмыстарын жүргізген. Қызыл су, Өрнек, Жарлысу ауылының тұрмысы төмен 13 баласын 1 300 000 теңгеге толықтай мектеп формасымен, толық құрал-жабдықтарымен қамтамасыз еткен. Сонымен қатар ауылдағы жалғыз басты аналардың бірінің тұрғын үй құрылысын барша сыныптастар бірігіп асарлатып жүргізіп жатыр. Жұмыстар дер кезінде аяқталса жалғыз басты ана қыркүйек айында баспаналы болмақ.
- Бұл игі істің барлығын құрдастарыммен бірге ұйымдастырып, жүргізіп жатырмын. Жиырма жылдықтың құрметіне сейіл құрып, тойханада банкет жасаудан бас тарттық. Нәтижесі жаман емес. Халықтың алғысын алып жатырмыз. Дегенмен жиырма жылдық мерекеде ұстаздарымызға құрмет көрсетуді ұмыт қалдырмаймыз. Мектебімізге де арнайы сый-сияпаттарымыз бар, — деп атап өтті кәсіпкер ұстаз.
Қас-қағым сәтте өте шығатын сауық-сайраннан бас тартып, қатарластарының ниет, пейілін бір арнаға тоғыстырып, қайраткерлік танытып жүрген Азамат Сәмбетқұловтың азаматтығына қалай сүйсінбейсің?! Кәсіпкер өзінің кәсібін де шебер атқарып, ауылда сауда-саттықпен айналысып, аудан экономикасына да едәуір септігін тигізіп отыр. Бүгінде орта бизнес өкілі жеті адамды жұмыспен қамтып, шаруаның жөн-жосығын танып, елдіктің ерен үлгісін көрсетуде. Жиырма жылдықтың құрметіне жасап жатқан жасампаз істері де көпке үлгі.